«Соңғы үш жылдың ішінде нақты шаралар атқарылды. Жалақыны бірнеше рет көтердік. Тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр.
Жалпы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді. Осының бәрі азаматтарды қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін керек. Темірдей тәртіп – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент министрлік басшылығының жұртпен кездесіп жүретіндігін атап өтті. Тұрғындарды толғандыратын мәселелердің аз емес екенін де ескерді. Соның барлығын көзбен көріп, ақылдасып, бірлесіп шешудің дұрыстығын, сол үшін бүгін ішкі істер органдарының жұмысына қатысты өзекті мәселелер талқыланатынын айтты.