Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСПАЕВ
Ертеде үйлену тойына дейін өмірден өткен қалыңдықтарды «Вилистер» деп атаған. Аңызға сүйенер болсақ, түнгі уақытта өмірден өткен қалыңдықтар қабірден тұрып билейді екен. Қабір маңынан өтіп бара жатқан жолаушы әдемі көрініске куә болып, вилистердің биіне қосылып кетеді. Ол әлсіреп, қол-аяғынан жан кетіп, әлі құрығанша билейді, ал вилистер оны қамқор қоршауына алады...
Оқиға Тюринги деп аталатын шағын елді мекенде өтеді. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Жизель есімді ару Альберт деген жігітке ғашық болады. Алайда Альберт ақсүйек отбасынан шыққан, қалыңдығы бар жігіт. Мұны білген Жизель есінен адасып, қайтыс болады.
Балет премьерасы 1841 жылы 28 маусымда атақты театрлардың бірі Париж қаласындағы Grand Opera сахнасында өткен. «Жизель» балеті бірден көрермендердің жүрегіне жол тауып, тұсаукесерден кейін бір айдың ішінде жеті рет көрсетіліп, жылдың соңына дейін 26 рет қойылған болатын. Сұлулық, махаббат, Құдай заңы секілді ұлы идеяны көтеріп, тірілер мен әруақтар әлемін байланыстырған мистикалық сарынға құрылған «Жизель» балетінің мазмұны шымыр болмаса, ол екі ғасырға жуық ғұмыр арқалап, әр кезеңнің көрерменіне таңдай қақтыра алмас еді. Аңыз желісімен сахналанатын «Жизель» балеті қоюшы режиссерлердің қиялын шартарапқа шарықтатып, жүздеген нұсқаны дүниеге әкеліп, әлі күнге дейін көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
«Жизель» балеті Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры сахнасында алғаш рет 1943 жылдың 27 шілдесінде КСРО халық әртісі Галина Уланованың жетекшілігімен Қазақ еліне таныстырылған еді. Жизельдің партиясын да ұлы актриса өзі ойнаған болатын. Кейінірек, 1978 жылы Қазақстанның балет мектебінің негізін қалаушы Александр Селезнев, ҚазКСР халық әртісі және кеңесші – балетмейстер, КСРО халық әртісі Наталья Дудинская, суретші, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Ненашев театрда қызмет еткен жылдарында балеттің екінші редакциясын қолға алып, шеберлер қойған шығарма 45 жыл бойы үздіксіз ұлттық театр репертуарының көшін бастап келді.
Ұлттық театрда 80 жыл бұрын сахналанған «Жизель» балеті биыл үшінші мәрте жаңғыртылып, жаңа кезеңдегі сахна идеяларына сай жанданған нұсқада көрерменге тарту етіліп отыр. Алматылықтар мен қала қонақтары балеттің үшінші қойылымын әлемдік классикалық өнерде есімі құрметпен аталатын Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко және Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окуневтің қойылымында тамашалайды. «1940 жылдары өнердегі көркем образдың бәрін Станиславский қалыптастырған ережемен қабылдау дәстүрі болды. Ол кезеңдегі хореографияның техникалық мүмкіндігі де қазіргі талаппен салыстырғанда төмен еді. Әлемдік балеттің бестселлеріне айналған «Жизельді» уақытқа сай безендіру жоспарын театр әкімшілігі бірталай жылдан бері көздеп келеді. Міне, сол мақсатқа қол жеткізіп отырмыз», дейді театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева.
АЛМАТЫ