Бүгін өткен күнге көз жіберіп, ойлы көзбен қарасам мектебіміздің ардагер ұстазы оқушылардың өмірлік ұстанымы мен адами болмыстың бағытын дәл анықтап берген екен. Әрине, ұстаз әр баланың ерекшелігін зерттеп, бағамдай алмаса, оқушыны да толық танып біле алмауы анық. Ал Парманбек мұғалім оқушыларды жақсы көрді. Адам болудың қыр-сырын үйретті. Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын кең көлемде айтып, жеткілікті түсіндіргені де есте. Бүгінде біріміз дәрігер, біріміз ұстаз жолын қуған мұғалім болып еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосып жүрміз. Бұл да бала күніміздегі ұстаздарымыздың, әсіресе Пәрмеш мұғалімнің аманатын арқалаған адамдық іс пен жоғары жауапкершіліктің белгісі деп білемін.
Парманбек Жақсымбетов – Тараз өлкесінде дүниеге келіп, еліне адал қызмет еткен азамат. Осы мектептің түлегі ретінде ардагер ұстазды сол тұстағы әр оқушының рухани сәулеткері деп бағалаймын. Бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен шәкірттері, қоғам қайраткерлері Пәрмеш ұстазға қарыздар.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген тәмсіл бар. Мұның анық-қанығына ұстаз жолы, ұстаздық қызмет баянынан да мың сан мысал, деректерді келтіруге болар еді. Адамтану ісіне жауапкершілікпен қараған Пәрмеш Жақсымбетовтің алдын көріп, дұрыс бағыт алған, өмірден өз орнын тапқан азаматтар сан жағынан көп, сапалық тұрғыдан да салмақты екенін айтуға әбден болады. Олардың қатарында Мәскеу Олимпиадасының (1980 жыл) чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Талас Омарбеков және Асқар Әбдуалиев, полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі өнер саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер бар.
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Тәуелсіз еліміздің нығаюы жолында ерен еңбек еткен, осындай азаматтарды тәрбиелеп, өмір бәйгесіне қосқан ұстаздың сүбелі еңбегі көпке үлгі.
Пәрмеш Жақсымбетов ұзақ жылдар Дихан ауылының (Жамбыл облысы) орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Пәрмеш ұстазымыздың кесек ойлы, ұтқыр да ұшқыр сөз байламдарымен дараланатын беделді жан болғанын ауыл тұрғындары қазір де тамсана айтады. Шәкірттерінің ақылшысы әрі қамқоршысы бола жүріп, қысылғанда арқа тұтқан шынайы жарқын бейнесі үшін ауыл азаматтарының да сыйына ие болды. Отбасында, мектеп жүйесінде жүргенде арғы тарихтан, ғасырлар қойнауынан сыр толғайтын. Халық әдебиеті нұсқаларынан бастап, Қорқыт, Әл-Фараби, Қ.Ясауи, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлынан бермен қарай жүйелеп айтқанда, қазақ руханиятының қайнарларына қанығушы едік. Ұстаздықпен қатар ауылымыздың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі, салт-дәстүрдің қайнар көзі де бола білген жан. Ауыл тұрғындарының бірлік-берекесінен бастап, тұрмысы мен тірлігін жарастырған ұстаз ұлттық дәстүр, тәлім-тәрбиенің де қазына қайнары, сарқылмас бұлағы болғаны жадымызға мықтап сіңді.
Оқушыларға ұлтқа қызмет етудегі адалдық пен әділдік, елшіл, қоғамшыл һәм отаншыл болуды үнемі айтып отыратын Пәрмеш мұғалім адал жары Алтынкүл апамызбен қырық бес жыл отасып, үлгілі отбасы ретінде танылды. Он екі бала тәрбиелеп, қатарға қосты. Ұрпақтарына ұлттық құндылықтарды бойына да, ойына да дарыта білді. Елді сүюді, отан мен отбасы беріктігіне адал болуды үйретуді парызы деп білген әкеден Сәуле, Сәрсе, Зәуре, Майра, Айгүл, Салтанат және Жаңабек, Данабек, Жарқынбек, Бақытжан, Самат, Бауыржан секілді ұл-қыздары өмірге келіп, осы күні немере-шөберемен үлкен ордалы әулетке айналып отыр. Осы ретте айта кететін бір жайт, Сәрсе мен Майра ата жолын қуып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне жауапты ұстаздық жолын таңдаса, Сәуле, Зәуре, Айгүл, Салтанат – медицина саласының белді қызметкерлері. Жаңабек, Данабек, Самат шаруашылық жағында табысты еңбек етіп жүрсе, Жарқынбек Пәрмешұлы бүгінде тәуелсіз елдің мүддесіне адал еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкер, Парламент Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі Бақытжан Пәрмешұлы ғылым жолын қуып, заң ғылымдарының кандидаты, Бауыржан шығыстану мамандығын алды. Аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің редакторы. Бір сөзбен айтқанда, әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан. Еңбекпен есейген. Ұжымда да құрметті, сыйлы жандар.
Үнемі шәкірттері мен балаларына адал еңбекпен қатар, адам баласына қиянат жасамауды асыл мұрат етіп көрсетіп, осы қасиеттерді іспен көрсете білетін жан болғанын ұстаздарымыз үнемі айтып отырушы еді. Бала көңілімізде Пәрмеш ұстазымыз пейілі кең, көңілі қазақтың даласындай дархан, достыққа адал, ұрпақтарына мейірбан, өлімнен ұятты жоғары қойған, шәкірттерінің мерейін өсіруге барын салып, әлпештеген әрі өмірдің күйбең тірлігі емес, ағайынның бірлігін ойлаған азамат ретінде сақталады. «Мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин), жас ұрпақтың алтын ордасы екенінің мыңнан бір мысал, дерегі осы.
Кезінде қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің әр аймағында кең өріс алып, нақты істер жүзеге асырылды. Өңірлерде жер-су, ауыл мен көше, мектеп атаулары өздерінің тарихи атауларымен қайта табысып жатқан жайы бар. Бұл өте құптарлық жайт. «Жердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» дейді халық даналығы. Рас, елді-мекендер мен көше, мектеп атауларына сол жергілікті жердің жағдайына сай қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың атының берілуі – ұрпақ тәрбиесінде үлгі боларлық жандарды құрметтеудің айрықша белгісі. Өйткені бұл жас ұрпақтың өзі туған жерінің патриоттарын құрметтеуді үйретудің бір жолы болып саналады. Осы реттен алғанда, дана халқымыздың: «Бір әріп үйреткенге қырық жыл тағзым» деген нақылы ойға оралады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, барлық күші мен жігерін, мол мүмкіндіктерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған Пәрмеш Жақсымбетов ұстазымыздың да атын ұлықтайтын кез келді. Талантты педагогтің атын Дихан ауылының орта мектебіне берсек, ол да біздің ұрпақ тәрбиесіне қосқан бір үлесіміз болары анық. Бұл адал еңбектің ұлықталып, ауыл азаматтарының ұстаздарына деген құрметі мен тағзымы болар еді.
Пәрмеш Жақсымбетовтің шәкірт тәрбиелеп, қоғамның саналы мүшесін қалыптастырудағы еңбегі орасан зор. Кейінгі буын біз де ұстазымыз туралы әңгімелерді ауыл тұрғындарынан тыңдап өстік. Еліктедік. Үлгі етіп, ғибрат алдық. Ол кісінің шәкірттеріне берген білімі, айтқан ақыл-кеңесі ұстаздарымыз арқылы бізге жетіп, ұрпақтар сабақтастығы нәтижесінде кейінгі өскелең буын өкілдері үшін адамдық пен ұстаздықтың символы ретінде жадымызда қалды. Білімі ақылды байытты, санада қалыптасты.
Қаладан ауылға барған сайын, алдымен ауыл мектебіне ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысуды дағдыға айналдырғанбыз. Қымбат жандар – ұлағатты ұстаздарымызға шексіз сағыныш, құрмет пен тағзым да танылар еді. Көңіл кең, қиял шексіз, ой жүйрік қой. Мектеп үйі, қоңырау үні, оқушылардың алаңсыз, асыр салып ойнағаны, бастысы оқу-білімге құштарлығы көңіл толқынын тербейді. Ұстаздар ұлағаты көз алдыма келеді. Пәрмеш мұғалімнің асыл бейнесі де осы тұста жан-жүрегімнің төрінде, көз алдымда тұратынын жасырғым келмейді. Сыныпқа енгенде жан жылуы мен мейірім шуағын қоса алып келуші еді. Нұрлы жүзінен ақыл-парасаттың жылы лебі есіп, білім бұлағына еркін еніп, ден қоюшы едік.
Айтқымыз келгені – алғашқы ұстазды бағалаудың жөні бөлек. Алғашқы қоңыраудың сылдырымен бірге жарқын жүзі, айқын үні, көркем бейнесі жан-жүректен қатар орын алатыны анық. Ауылға таныс, мектепте ақыл-парасаты, білімі мен ғибратты ғұмыры өткен, көптің жадында қалған Жақсымбетов Пәрмеш есімі мен еңбегін ұлықтап, алтын ұяға атын берсек, баршамыз үшін кәделі іс, орындалған арман болар еді.
Жандос ҚҰМҒАНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD