Музей директоры Мұханбетқали Кипиевтің айтуынша, қорда қазақтың күй өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосқан композиторлар мен күйшілердің домбырасы бар. Былтырдан бері қос ішекті аспаптың қатарына бірнеше домбыра қосылған.
Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық өнердің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов үш домбыра тапсырыпты. Оның біріншісі – күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбековтің домбырасы. Ұлттық аспаптың шанағы – бұйра қайың, беті – еуропалық шырша, мойыны – қарағай, тиегі – бубинга, оюы сүйек ұнтағымен көмкерілген. Бұл домбыраны шебер Қуаныш Төлебаев жасаған.
Екінші домбыра – күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаеваның көп жыл ұстаған аспабы. Домбыра жасаудың шебері Нұрбек Әділбеков қос ішекті аспаптың күмбір қаққан дыбысын асқақтату үшін шанағына, мойыны және басына канадалық үйеңкіні, бетіне шыршаны пайдаланған.
Үшінші аспап – күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсеповтің домбырасы. Бұл домбыраны жасаған кезде шебер Жолаушы Тұрдығұлов аспаптың шанағы мен тиегіне қара ағашты, бетіне Тянь-Шань шыршасын, мойнына май қарағайды қолданған. Аспаптың мойын бетіне қызыл ағашты, басы мен құлағына үйеңкіні қиюластырған.
Музейде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахар-баеваның тапсырған домбырасы сақтаулы тұр. Екі ішекті, он сегіз пернелі домбыраның бет тақтайына өрнек салынған. Домбыра саз аспаптарын жасаушы шебер Бисенғали Мырзағалиевтің қолынан шыққан.
Тағы бір аспап – «Асыл домбыра – 2022» ақындар айтысының ақтық сайысында өнер көрсеткен жергілікті ақындар Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсембаев, Шалқарбай Ізбасаров ұтып алған домбыра. Ал биылғы 17 мамырда көнеден жеткен домбыраның бірін Қ.Қайсенов атындағы №33 орта мектеп музейінің жетекшісі Т.Жиенәлиева әкеліпті. Домбыраны жергілікті тұрғын Б.Досбайұлы ұрпағына аманаттап, бірнеше буынға жеткізген. Кейін көненің көзіндей сақталған ұлттық аспапты келіні К.Нәбиева 2011 жылы мектеп жанындағы музейге берген. Бұл домбыра биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізілген «Қоғамдық музейлер қазынасы» облыстық көрме-байқауында үздік туынды ретінде танылған.
Атырау облысы