Инфографика • 06 Шілде, 2023

Қант өндірісінің түйткілдері

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қант өнеркәсібінің түпкі мәселелері шешілмейінше, импорттаушыларға тәуелділік бола береді. 2021 жылғы мәлімет бойынша республикамызда отандық шикізатты өңдеу есебінен ішкі нарық қантпен небәрі 7%-ға қамтамасыз етілген. Қалғаны – өңдеуге арналған импорттық шикізат пен дайын түйіршіктелген өнім болды.

Қант өндірісінің түйткілдері

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Соңғы бес жылдағы динами­ка­ға қарағанда, елімізде қант қызыл­­шасы егістігі биыл алғаш рет екі есеге жуық ‒ 10,2 мыңнан 19 мың гектарға ұлға­йып, өсім 87,1%-ды құраған. Energyprom мәліметі бойынша, өткен жазда елімізде болған қант­ дағдарысынан кейін қы­зыл­­ша егістігінің алқабы күрт­ ұлғайтылды. Импорттағы кедер­­гілер де ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті. Дереу 2022-2026 жылдарға арналған қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары әзірленді.

Жоспарды дайындаған Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасының тапшылығын жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқы­лы­ шешуді ұсынып отыр. Сөй­тіп, 2026 жылға қарай қызылша егіс­тігі 38 мың гектарды құрау­ға тиіс. Алайда, мәселе егіс­тік аумағын ұлғайтумен ғана шек­телмейді. Өйткені бізде кли­маттың құрғақтығына байланысты тәтті түбірді суарма­лы­ егістіктерде өсіруде қиын­дық­ бар. Мамандардың айтуынша, су тапшылығы, суару желі­лерінің тозуы және басқа да күрделі инфрақұрылымдық мәсе­лелер суармалы егістік алқап­тарын ұлғайтуға кедергі бо­лып отыр.

Жоспарда көзделгендей, алда­ғы үш жылда елімізде ыл­ғал үнемдеу технологиясы­ қол­данылатын егіс алқабы көбей­мек. Ал шаруаларды егістік суа­ратын сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суы кен орын­дарына қосымша барлау жұмыс­тарын жүргізіп, суару желі­лерін қайта құру арқылы шығын­ды болдырмауға күш салу қажет.

Диқандар болса қызылша алқабын 120-150 мың гектарға, яғни министрліктің жоспарлы көр­сеткішінен кемінде үш-төрт есеге арттыру арқылы ғана қант өнеркәсібін шикізатпен толық қамтамасыз етуге бола­ды­ деп есептейді. Мұндай мәлі­метті АӨК Қазақстан іс­кер­лік кеңесінің басқарма төра­­­ға­сы Қанат Әбілмағжанов АШМ­ жоспарына берген түсін­дірме­сінде келтірді. Оның айтуынша, оңтүстіктегі ауыл­шаруа­шылық жерлерін тек қант қызылшасына ғана пайда­ла­нуға болмайды, өйткені онда солтүстіктің климатына төз­бей­тін жоғары рентабельді жеміс-жидек дақылдары да егі­луі керек. Ал қызылшаны орта­лық, шығыс және солтүстік өңір­лердегі бос жерлерде өсі­руге болады. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында қазірдің өзінде тәжірибелік егіс жұмыстары жүргізілген. Дегенмен қызыл­ша­ны солтүстік облыстарда өсірген жағдайда, ол жерде дереу қант кластерін құру қажет болады. Өйткені қызылшаны тиеу мен түсіру кезінде өнім бүлініп, шығындалу қаупі туындайтындықтан, егін­шілік пен өңдеу бір жерде болуы керек. Оның үстіне тасымал да қымбатқа түседі.

Тиісті сала маман­да­­рының берген жауабына­ сү­йенсек, АШМ алдағы уа­қыт­та қызылша егістігін көбей­туді жос­парлап отыр. Нұс­қа­лардың бірі ‒ «Ертіс-Қара­ғанды» арнасына жақын ау­мақ. Бұл арада ылғал сүйгіш да­қылға су тапшылығы мен суа­рудың қымбаттығы қызыл­ша­ шаруашылығын тиім­сіз­ етеді. Жамбыл облысы­ «Әулие-Ата»­ қызылша өсірушілер қауым­­дастығының төрағасы Саха­ Манатовтың айтуынша, 2021 жылы суармалы су мә­се­ле­сі­не байланысты оның компа­ния­сы 220 гектар жердегі қант­ қызылшасының өнімін толы­ғы­мен жоғалтқан. Сол себепті ке­лесі жылы егін алқабын үш есе­ге жуық қысқартуға мәжбүр болған.

Статистика көрсеткендей, қант қызылшасының егістік алқаптарының жалпы қысқаруы – былтыр 30%, ал бір жыл бұрын 4,5% болды. Бұл өз кезегінде қызылшаның жалпы өнімінен байқалып, көрсеткіш төрт жыл қатарынан азайды. Былтыр қызылша түсімі 305,7 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 8%-ға аз. Ал былтырғы түсімді төрт жыл бұрынғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырсақ, айырмашылық 40%-ға жуық­тай­ды. Еске салсақ, 2018 жылы 504,5 мың тонна тәтті түбір жинал­ған.

Елімізде 305,7 мың тонна­ қы­зылша жиналғанда, қант өндірісі 281,8 мың тоннаны құраған. Бұл ретте өңдеудің жоғары пайызы жөнінде айту қате. Өйткені қызылша дақы­лының дайын өнім беру мүм­кін­дігі төмен. Яғни бір тонна қызылшадан 100-150 килограмм ғана қант алуға болады. Демек есеп­тей келе, 305,7 мың тонна шикізатты өңдеуден 34 мың тоннадан сәл ғана артық қант алуға болатынын жобалаймыз. Елдегі қанттың негізгі бөлігі импорттық шикізаттан өндіріледі.

Осы себепті қант өндірі­сі­­­­нің көрсеткіштері ауыл шаруа­­шылығы статистикасы­мен сәйкес келмейді. Қант қызылшасының көрсеткіштері төмендеп жатқанымен, соңғы екі жылда өңдеу секторында өсім байқалады. 2022 жылы отандық төрт қант зауыты 281,8 мың тонна қант өндірді, бұл бір жыл бұрынғыдан төрттен бірге көп. 2021 жылы Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің 60,9%-ға өскенін хабарласа да, өндіріс отандық шикізат есебінен көбеймегені анық.

Биыл бірінші тоқсанда елімізде түйіршіктелген қант өндірісі 67,7 мың тоннаны құрап, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,2%-ға өскен. Сырттан әкелінетін шикізатты қосқанда да отандық өндіріс халық қажеттілігінің 50,8%-ын ғана қамтамасыз етеді. Шетелдік жеткізушілер түйіршіктелген қанттың қажетті көлемінің 49,2%-ын импорттайды. Осы­лай­ша, қант өнеркәсібіндегі азық-түлік тәуелсіздігі туралы әлі айтудың реті жоқ. Сондықтан басқа елдердегі саясаткерлердің шешім­деріне тікелей байланыс­ты биыл жазда елімізде тағы да қант тапшылығы болуы мүмкін. Бізге қантты негізінен Ресей Федерациясы жеткізеді. Ал Ресей билігінің қант экспортына уақытша тыйым салу туралы қаулысы еліміздегі тапшылық пен қымбатшылыққа әкелгені мәлім. Көрші ел тарапынан мұндай шектеулер биыл жазда да енгізілетіні туралы ресми мәлімет жоқ. Қазір бұл елде түйіршіктелген қантқа шамадан тыс сұраныс байқалмайды, сәйкесінше, баға да салыстырмалы түрде тұрақты.