Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде күнбағыс тұқымының өндірісі тұрақты өсіп келеді. Егер 2019 жылы 839 мың тонна өнім алынса, 2022 жылы өнім 1,3 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Тіпті елеулі қиындықтар туған өткен жылдардың өзінде өнімнің сыни тапшылығы болған жоқ. Рекордтық қорлар мен импортты қалыпқа келтіру аясында мол өнім алынғаннан кейін маусым сын-қатерсіз өтті. Нарықтың барлық қатысушысының қолайлы сауда-саттық және кіріс алу әлеуеті айтарлықтай жоғары болды. Бірақ осы кезеңдерде нарықтың дамуына қарай қабылданған жосықсыз шешімдер сауда көлемінің айтарлықтай төмендеуіне және нарықтың көптеген қатысушыларының кірістерінің жоғалуына әкелді.
Қазіргі уақытта республикамызда күнбағыс тұқымына – 20%, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес экспорттық баж салығы белгіленген. Ал одан бұрын елде экспортқа сандық шектеулер болған. Енді экспорттың құлдырауы май өңдеу зауыттарында қордың жиналуына әкеліп жатыр. Егер өткен жылдары егін жинау басталғанға дейінгі 1 қазандағы жағдай бойынша республикадағы қор 215-271 мың тоннаны құраса, 2021/22 маусымының соңында қор екі есеге жуық өсіп, 512 мың тоннаға жетті. Ал еліміз үшін оңтайлы қор көлемі ‒ 90 мың тонна. Бұл жаңа өнім түскенге дейін май өңдеушілердің екі айлық жұмысына жетеді. Яғни қордың осы көлемнен асуы қисынсыз әрі астық өндірушілерге өсірген өнімін өткізуге мүмкіндік бермейтін қолайсыз жағдайдың қалыптасқанын көрсетеді. Жағдай осылай жалғаса берсе, жаңа күнбағыс дақылы сұранысқа ие болмай қалуы мүмкін. Өйткені өңдеушілер қолда бар қормен тағы бірнеше ай жұмыс істей алады.
Қазақстан астық одағының болжамына қарағанда, 2021/22 жылғы маусымның қорытындысы бойынша 400 мың тоннадан астам көлемдегі ұтымсыз қор күнбағыс тұқымын өндірушілер үшін шамамен 100 миллиард теңгеден астам жоғалған табыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Ағымдағы маусымның соңында күнбағыс тұқымының түпкілікті қоры 1 қазанға қарай кемінде 350 мың тонна көлемінде қалыптасуы мүмкін, бұл ағымдағы бағамен 59 млрд теңгені құрайды. Сондықтан Қазақстан астық одағы шектеулерді жедел түрде жеңілдету керек деп есептейді. Осы ретте ҚАО Үкіметтен шілденің 15-не дейін қолданыстағы экспорттық баж салығы механизмін қайта қарай отырып, кемінде 150 мың тонна көлемінде күнбағыс тұқымын экспорттауға тарифтік квотаны енгізу туралы шешім қабылдауды сұрайды. Мұндай шешім қабылданса, 2022/23 жылғы маусымға арналған күнбағыс тұқымының аяқталу қоры 200 мың тонна болады деп болжануда.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ағымдағы маусымда 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың мамырына дейін тазартылмаған күнбағыс майын (шикізат) өндіру 288 мың тоннаны (айына орта есеппен 36 мың тонна) құрады. Осыны ескере отырып, отандық май өңдеу зауыттарының маусымның соңына дейін (2023 жылғы маусым-қыркүйек) сұранысы 343 мың тоннадан аспайтын күнбағыс тұқымын құрауы мүмкін, бұл ретте биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 795 мың тонна күнбағыс тұқымы бар.
Астық одағы елдегі қордың үлкен көлемі болуы жағдайында күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық баж салығы: сауданың қысқаруын және ағымдағы маусымның соңында күнбағыс тұқымының үлкен ұтымсыз қорының қалыптасуын, сондай-ақ май тұқымына ішкі төлемге қабілетті сұраныстың төмендеуін тудырады деп отыр. Бұл ретте нарықтың барлық қатысушыларының: астық өндірушілердің, астық саудагерлерінің, көліктік және инспекциялық компаниялардың табысы барған сайын жоғала береді.
Қазіргі кезде күнбағыс майынан елдегі делдалдар өндірушілерге қарағанда көбірек табыс табады. ҚАО талдауынша, біріншіден, сыртқы нарықтағы бағаның төмендеуі аясында ел ішіндегі май экспортқа кеткеннен гөрі қымбатырақ. Екіншіден, ішкі саудадағы ең үлкен маржа көтерме сатушы түріндегі тиімсіз делдалға беріледі.
Тазартылмаған майдың әлемдік бағасы 2022 жылдың қазан айынан бастап тұрақты түрде төмендеп, мамыр айына дейін жалпы құлдырау 31%-ды (еуромен) немесе теңгеге есептегенде 28%-ды құрады. Ағымдағы жылдың ақпанына дейін отандық өндірушілердің бағасы мен экспорттық баға тепе-теңдікте болды. Бірақ Үкімет күнбағыс тұқымын әкетуге баж салығын енгізгеннен кейін тазартылмаған майдың экспорттық бағасы күрт төмендей бастады, ал өндірушілердің бағасы қалыпты болды. ҚАО деректері бойынша, ағымдағы жылғы наурызда отандық өндірушілердің сату бағасы экспорттық бағадан тоннасына 44 мың теңгеге, ал сәуірде 84 мың теңгеге асып түсті.
«Болжам бойынша, май зауыттары тазартылмаған майдың экспорттық бағасының төмендеуінен болған шығындарды ішкі нарықта сату арқылы өтейді. Бұл ішінара 2022 жылғы қазан мен 2023 жылғы мамыр аралығында әлемдік бағалардың (-28% теңгемен) және жергілікті май өндірушілердің (-13%) бағасының төмендеу деңгейінің сәйкес келмеу себебін түсіндіруі мүмкін», деген шолуда.
Тазартылған майға келетін болсақ, отандық өндірушілердің бағасы 2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы мамырға дейін 14%-ға төмендеген. Осы кезеңде отандық өндірушілердің сату бағасы экспорттық бағадан тоннасына 115 мыңнан 380 мың теңгеге дейін немесе 15-тен 50%-ға дейін асып түсті. Ішкі нарықта қазаннан мамырға дейін жергілікті өндірістің тазартылған майының көтерме бағасы литріне 808 теңгеден 829 теңгеге дейін немесе 3%-ға өсті. Бұл ретте май өндірушілер өз бағаларын 14%-ға төмендетті, ал бөлшек саудада ол 6%-ға ‒ литріне 903 теңгеден 849 теңгеге дейін арзандады.
Астық одағы мұны күнбағыс тұқымын экспорттауға баж салығын енгізумен байланыстырады. Мұндай шешім қабылдаған кезде май реттеушісі мен өндірушілері май зауыттарынан белгіленген сату бағалары туралы келісім жасаған. Яғни бағаны көтерген зауыттар емес, арадағы басқа құрылым болғаны. Май өндірушілердің сату бағасының төмендеуі кезінде көтерме бағаның өсуі нарықта май өндірушілердің сату бағасы мен майдың көтерме бағасы арасындағы айырмашылық ретінде туындайтын саудадан негізгі пайданы жинақтайтын аралық тиімсіз буынның (делдалдардың) болуын көрсетуі мүмкін.
Астық одағының дерегі бойынша мұндай айырмашылық: қаңтарда литріне 83 теңге (май өндірушілердің сату бағасының 11%-ы); ақпанда литріне – 100 теңге (13%); наурызда – 120 теңге (17%); сәуірде – 138 теңге (20%) және мамырда – 150 теңге (22%) болды. Бұл ретте май өндірушілердің сату бағасының төмендеу деңгейі мен өнімсіз делдалдардың табысының ұлғаюы арасындағы байланыс көрінеді.