Қазақстан • 06 Шілде, 2023

Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай жұмысын бастады

829 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай өз жұмысын бастады. Айтулы шара 4-10 шілде аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай жұмысын бастады

«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.

Налайхтағы қандастар қауышуы

Делегация Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті. Басқосу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Қоғамның мақсат, міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар Қор басшысы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді. «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына т.б. мүмкіндік береді.

«Біз қазақ пен моңғол халықтары – ежелден бері келе жатқан Ұлы дала өркениетінің мұрагерлеріміз. Екі елдің бір-бірін мақтан тұтатын ортақ құндылықтармыз бар: тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз қазақ, моңғол халықтарының бір-біріне етене жақын екенін көрсетеді», деді А. Сапарбекұлы.

Сөзін қорытындылай келе Қазақстанның Моңғол елімен байланыстарға ерекше назар аударатындығын айрықша атап өтіп, қазақ қандастарымызға қамқор болып отырған Моңғол үкіметіне ықыласы мен ризашылығын жеткізді.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев өз сөзін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Елшіліктің қандастарға елімізде көрсетіп жатқан қолдауларға дәнекер ретінде қызмет ететіндігіне тоқталды.

Сөзін қорытындылай келе, елші Ғабит Бейбітұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлына Моңғолияда қазақ тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға қосқан үлесі, сондай-ақ қазақ-моңғол қарым-қатынастарының одан әрі нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен және төсбелгімен марапаттады.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы өз сөзінде осы ауылдың тумасы екенін айтып, жастық шағы өткен кезді тебірене еске алды. Налайх шағын қала болғанына қарамастан, халық санының 3%-ын қазақ халқы құрайтындығы туралы ақпаратпен бөлісіп, шетелден оралып Қазақстанға қоныстанған азаматтардың жоғары білім алып, адал еңбек етіп жатса, мемлекет тарапынан еленіп, үлкен биіктерге жете алатынына тоқталды.

C3D184B7-B18D-49B8-A7C8-866DACB8978A.jpg

1C4E9099-AD64-4315-9ABB-B035BF86B1E1.jpg

Қазақ-Моңғол ынымақтастығының дамуындағы қазақ қандастарымыздың рөлі 

Моңғолияға жұмыс сапары 5 шілдеде Ұлан-Батырда «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Аталған шараға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғ.Қойшыбаев, «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті А.Сапарбекұлы, екі елдің Мәжіліс депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ардагер дипломаттар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің құрметті қонағы ретінде Моңғолияның тұңғыш президенті П.Очирбат қатысты.

Дөңгелек үстелде Қазақстан мен Моңғолияның дипломатиялық, мәдени, саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастары әңгіме арқауы болды.

Жиынды Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев кіріспе сөз сөйлеп ашып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңызы туралы баяндады.

Содан кейін Отандастар қоры жетекшісі Абзал Сапарбекұлы сөз алып, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатқанын, бауырлас халықтардың ежелден етене араласып, сан ғасырдан бері бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқанқандығына тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Моңғолия тарапынан қатысқан сарапшылар мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен саясаттанушылар екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі даму жолдарын талқылады.

Моңғолияның Қазақстандағы тұңғыш Елшісі болған Б. Бямбажав қазақ-моңғол қатынастары мемлекетаралық өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығатындығына сенім білдіріп, Қазақстанда қызмет еткен жылдарын жылы сезіммен еске алды.

Сондай-ақ Энергетика агенттігінің бұрынғы төрағасы А.Тілейхан Баян-Өлгейдің даму стратегиясы туралы баяндады. Бұл ретте білім саласы, денсаулық сақтау, аймақтағы жұмыссыздық, сонымен қатар басшыларды дайындау жүйесі, жастар саясаты туралы кеңінен тарата айтты.

Қазақстаннан келген депутаттар өз кезегінде екі ел Парламент достық тобының күн тәртібіндегі мәселерді шешуге күш жұмсау керектігін атап өтті. Осы ретте Баян-Өлгей аймағымен тікелей рейс ашу және Қазақстанға жақын аймақтарда Қазақстанның консулдығын ашу пысықталып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ халық қалаулылары Қазақстан Республикасы Президенті ұсынған «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы шеңберіндегі реформаларға тоқталды.

«Елде жасалып жатқан реформалар нәтижесінде биыл Парламентке 6 саяси партия кірді», деп атап өтті ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында Қазақстан дипломатиясының ардагері Сайлау Батырша-ұлы, тарих ғылымдарының профессоры Абдулвахап Қара, Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы Қ. Беделхан, «Президент және халық» газетінің бас редакторы М. Тоқашбай, Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының мүшесі Г.Амартувшин т.б. тұлғалар да сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

533545F7-0796-4E24-A89C-A6FEDFA0C3D3.jpg

CA8C0BD8-9AC6-486B-88E3-8FB22095BCE5.jpg

«Отандастар қорының» «Ұлы Дала» жобасы аясында жарық көрген алғашқы кітабының тұсаукесері

Құрылтай аясындағы жұмыс сапары ары қарай Моңғол Ұлттық университетіндежалғасты. Сол күніосы білім ордасында Моңғолияның халық жазушысы, тарихшы, драматург, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейдің «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағы және Sun компаниясының қолдауымен «Ұлы Дала» айдарымен шыққан «Сеңгір таулар» атты романының тұсаукесері өтті. Сөз алған Қор басшысы А.Сапарбекұлы «Ұлы Дала» айдары жобасы туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба шетелдегі қандастардың шығармашылығын Қазақстан оқырмандарына таныстыруды көздейді. Кітап авторы Сұлтан Таукей бұл кітапты қазақтардың Моңғолиядағы тұрмыс-тіршілігі мен тарихын моңғол оқырмандары түсіну үшін моңғол тілінде жазғанын айтты.

Сөз соңында автор Отандастар қорына өз алғысын білдіріп, Қор жұмысына сәттілік тіледі.

Тұсаукесер барысында Абзал Сапарбекұлы Сұлтан Тәукейге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі куәлігін тапсырды.

B0D8B033-F71A-4E2E-9C9E-CC62A73F5DBE.jpg

88057CA9-E116-495A-8499-FB015B788453.jpg

A2C76ADB-4720-45EE-BD08-66B289EE508D.jpg

3286EFB9-781D-4B8C-800C-1C1131A2D0A1.jpg

F574FA5B-8988-43A6-BDA7-F122E76B1A69.jpg

Моңғолия Парламентінің Төрағасы Транс-Алтай диалог платформасын құруды ұсынды 

Сол күні Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында «Отандастар қоры»бастаған Қазақстан делегациясы Ұлан-Батырда Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) Төрағасы Г.Занданшатармен кездесті.

Кездесуде қазақ-моңғол қатынастары, оның ішінде мәдени-гуманитарлық мәселелер төңірегінде пікір алмасылды.

Мемлекеттік Ұлы Хуралдың Төрағасы Г.Занданшатар Қазақстан және қазақ халқына деген шынайы ізгі тілегін айтып, екі жақты байланыстарды дамыту бойынша өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар Төраға қазақ-моңғол халықтары Ұлы көшпенділердің мұрагерлері ретінде ортақ бай рухани құндылықтарға ие екендігі төңірегінде ой қозғады.  

Қор президенті Абзал Сапарбекұлы төрағаға қабылдауы үшін алғысын білдіріп, Қоғамның қызметі, кіші Құрылтай аясында өтетін іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, А.Сапарбекұлы моңғол халқына және үкіметіне Моңғолияда тұрып жатқан қандастарымызға деген қамқорлық пен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.  

Кездесу барысында екі ел Парламент депутаттары да өз ойларымен бөлісіп, парламентаралық байланыс бауырлас елдеріміздің жан-жақты ынтымақтастығын нығайтуда маңызды орын алатынын айтты.

Кездесуде Парламент төрағасы Транс-Алтай диалог платформасы аясында тарих, архелогия, әдебиет пен ғылым саласында ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, Төраға делегация құрамындағы қазақ жазушыларын Моңғолияда дәстүрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына шақырды.

3152B556-2E46-4B21-9CFC-0046F8BD4113.jpg

F2FF4BB3-116A-4257-923A-6CC1CD7A693C.jpg

Баян-Өлгийдегі баянды шаралар

Бұдан әрі Моңғолияда өтіп жатқан кіші Құрылтай қазақтар шоғырлана қоныстанған Баян-Өлгий аймағында жалғасты.

Бүгін Баян-Өлгий аймағында Тұғрыл-Хан бейресми ұйымының бастамасымен бизнес форум өтті. Осындай Форум осымен 4-рет ұйымдастырылуда. Бұдан бұрын Астана қаласында бастау алып, Көлсайда, Катон Қарағайда өткен еді.

Іс-шараның Баян-Өлгийде жалғасуының басты себебі – форум қатысушылырының дені Моңғолиядан Қазақстанға келіп өз кәсібін ашқан азаматтар. Атап айтсақ, аталған іскерлік жиынға Қазақсаннан 60-тан аса кәсіпкер, Баян-Өлгий аймағынан ең атақты 50 кәсіпкер, сонымен қатар Еуропадан да қандас кәсіпкерлеріміз арнайы келіп қатысты.

Сонымен қатар Кіші құрылтай аясындағы шараға Қазақстаннан келген делегация мүшелері, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбек те қатысып, мемлекеттер арасындағы заңдық тұрғыдағы кейбір кедергілердің реттелу қажеттілігін айтты.

«Бизнес форумның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, сауда-саттықты,импорт экспорт дамыту», деді форум төрағасы, кәсіпкер Мұрат Дәкейұлы.

Осымен 4 рет өтіп жатқан форумның аясында «Арқадан Алтайға» атты кәсіпкерлер бірлестігі де құрылған.

E2A16ECC-084D-4531-8256-D26B577FE3CD.jpg

2B937FA8-4447-4B95-B27D-28DD0983B096.jpg

263FDA85-A48F-437A-B061-04585CB35CC1.jpg

Еңбектің еленуі – алғыс пен марапат

Осы орайда, қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға және ұлттық руханиятқа қосқан үлесі үшін бірқатар қазақ-моңғол қайраткелері марапатталды.

Атап айтқанда, Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, моңғол-қазақ парламенттік достық тобының тең төрағасы – Бәделхан Қабдыісләмұлы «Достық» орденіне, Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының бұрынғы депутаты, саясаткер, ұлт жанашыры – Тілейхан Әлмәлікұлы және Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ғалым, PhD докторы – Зульфикар Сарқытұлы «Шапағат» медаліне ие болды.

Ал Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесі, «Баян-Өлгийдің Ұлан-Батыр қаласындағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымының төрағасы– Әубәкір Тілеуханұлы; Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты– Бейсен Бұланұлы; Моңғолияның халық дәрігері, қазақ тілінің жанашыры– Асай Рәмішұлы;Медицина ғылымдарының докторы, профессор, атақты нейрохирург, Моңғолияның халық дәрігері – Нота Әнуарұлы; «Арулар» әйелдер одағының төрайымы – Айнагүл Сарайқызы; ақын, аудармашы, Моңғолиядағы қазақ жастарын қолдаушы– Байыт Қабанұлы; «Алаш Моңғолия» бейресми ұйымының төрағасы, Ұлан-Батыр қаласында домбыра үйірмесін ұйымдастырушы – Оразбек Сейтахметұлы;Моңғолиядағы Мұсылман қоғамының төрағасы, Моңғолия Президентінің жанындағы Діни кеңес мүшесі және Моңғолиядағы қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуіне тұрақты қолғабыс көрсетуші – Батырбек Хадысұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Төс белгісімен және Алғыс хатымен марапатталды.

Еске сала кетейік, Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтіп жатқан Құрылтай бұдан әрі кітап тұсаукесерлері, ескерткіш пен көше ашу, кіші Құрылтай отырысы және Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы консерватория оркестрінің концерті секілді шараларға ұласады.

5CCD560F-52BD-4955-9EA6-BC801DB877C6.jpg

D9A15952-A659-46F6-BB07-09F74B67F531.jpg

CA0A9E55-A755-4CF0-B05F-C6811DD69491.jpg

4F1C2965-91EE-4279-96CC-F041811A9533.jpg

1CDB7AA7-8815-4A23-AA2E-556BC2440424.jpg

AA78FFF6-9AD1-415F-B2E7-E30D5EBA167A.jpg

C8332F80-F97A-47FB-AB81-CA3594DA211E.jpg

8F9E1DBD-9CF9-4D67-9201-9B4AFC0CF86E.jpg

 

6393CAEA-975C-41EB-A88E-393F56EB363B.jpg