Қоғам • 07 Шілде, 2023

Ғалымдар Алматыны дамытуға арналған жобаларды ұсынды

396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясы қаланы дамытуға байланысты ұсынылған 50 жобаның ішінен іріктеп, коммерцияландыруға дайын 11 жобаны қала әкімшілігінің назарына ұсынды. Қазіргі кезде бірнеше жоба қолдау тауып, қаланың келешегі жолында іске асатын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғалымдар Алматыны дамытуға арналған жобаларды ұсынды

Ғылыми жобаларды талқылау барысында ғалымдар инфрақұрылымдарды дамытуда тұрғындар үшін қауіпсіздіктің басты назарда тұруы маңызды екенін алға тартты. Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария осы кездесуде «Алматы – іскерлік, экономикалық, мәдени өмірдің орталығы ретінде қарқынды дамып келеді. Бүгінде қала аумағы ұлғая түсуде. Осы жерде ескеретін жайт, қала инфрақұрылымын дамытуда іске асатын жобалар ғылыми тұрғыда зерделеніп жүзеге асуы қажеттігін» алға тартты. ҰҒА президентінің айтуынша, ғалымдар ұсынатын жобалардың қай-қайсысын алсақ та, қаланың даму болашағына септігін тигізбек. Бүгінде ғалымдарды еліміздегі электр энергиясының жетіспеушілігі, су ресурстарының күрделі мәселелері, сондай-ақ ауаның ластануы, өндірістік қалдықтардың қордалануы сияқты өзекті мәселелер алаңдатып отыр. Электр тогын, су ресурстарын үнемдейтін технологиялар ойлап табу немесе өндірістік суларды тазалап, қайта пайдалануға жарату, экологияны, ауа бассейнінің ластануының алдын алатын әдістер ойлап табу, қалдықтарды қайта өңдеу, олардан кәдеге жарайтын бұйымдар жасау сияқты ғалымдар зерттеулерінің, әзірлемелерінің пайдасы зор.

Осы орайда әкімшіліктің ұсыныстарын ескере отырып, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың назарына қала деңгейіндегі түйткілді мәселелерді шешу мақсатында бірнеше жоба ұсынылды. Осы орайда ҰҒА 50 жобаның ішінен тәжірибелік үлгілері, заманауи жабдықтарды зертханалары, практикалық базалары, цифрлық жылжымалы зертханалары бар коммерцияландыруға дайын 11 жобаны ұсынған болатын.

«Алдыңғы қатарлы халықаралық тәуекелдерді бағалау бағдарламаларын пайдалана отырып, жол қауіпсіздігін арттыру» жобасын ұсынған «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының» директоры Арыстан Масановтың айтуынша, жолды бір және бес жұлдызды тәсілмен бағалаудың тиімділігін атап өтіп, жол сапасын бағалайтын халықаралық iRAP бағдарламасын елімізге икемдеп, QazRAP бағдарламасын енгізу қажеттігін жеткізді. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, жол-көлік апаттарының санын төмендету, адам шығынын болдырмау мақсатында көлік қозғалысын ғылыми тұрғыдан зерттеп қана қоймай, басқарудың зияткерлік жүйелерін әзірлеумен айналысып отырған институт мамандары елімізде орын алып отырған жол көлік оқиғаларының себеп-салдарының кешенді мәселермен тығыз байланысты екенін алға тартады. Кремний алқабындағы Google, Apple, TESLA сияқты компания тәжірибесімен танысып қайтқан Арыстан Масанов жол көлік жетістіктерінде  Швеция, Норвегия сияқты елдердің қауіпсіздік жүйесіне мән беру керектігін алға тартты. Швецияда «Vision Zero» тұжырымдамасы жол апаты бойынша адам шығынын мүлде болдырмауды көздейді. Концепция жауапкершілікті тек жол қозғалысы қатысушыларына ғана жүктеп қоюға болмайтындығын басшылыққа алады. Сондықтан жол-көлік саясатында жауапкершілік мемлекетке жүктеледі.  Ол заңнамаларды жетілдіру, жол сапасын жақсарту, жүргізушілер жауапкершілігі сияқты кешенді міндеттерді қамтиды.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Асматулаев ұсынған «Минералды ұнтақ өндірісінің экологиялық таза, ресурс-энергия үнемді материалдар мен технологиялары» автокөлік жолдары құрылысы мен реновациясында шығындарды 20-30 пайызға азайта отырып,  жол құрылысы мен алаңдардағы негізгі материалды таңдауға және экологияға зиянын азайтуға ықпал етеді.

Ал қаладағы көлік жүйесінің Sergek Digital Twin цифрлы көшірмесі көлік және жаяу жүргіншілер туралы ақпарат жинауға негізделген. Рустам Халиловтың басшылығымен «Көркем телеком» ЖШС ұсынған бұл жоба интеллектуалды бағдарламалық кешенді жинақтауға мүмкіндік береді. Полиция жүйесінің жұмысына кедергі келтірместен ақпаратты толыққанды өңдеуге мүмкіндігі мол.

Әкімдікке ұсынылған жобалардың қатарында  Қауіпсіз автономды жаяу жүргіншілер өткелдері және аялдама кешендерін ұсынған «Tree enerjy» ЖШС директоры Жанболат Мұзбаев мұндай аялдама кешендерінің қолайсыз ауа райы жағдайында әсіресе балалар мен қарт адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатындығын жеткізді. Автономды қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері мен аялдама кешені жылдың кез келген уақытында ыңғайлы температураны автоматты түрде сақтайтын климаттық бақылау жүйесі бар жабық павильоннан тұрады. Ал жаяу өткелдерге қойылатын қоңырауы бар бағдаршамдар жылдамдықты азайту туралы сигнал береді. Мобильді құрылғыларды зарядтауға арналған қосқыштар тікелей аялдама кешенінің орындығына орналастырылған. Жаңартылатын энергия көздерінен қуат алатын жарық диодты шамдар павильонда жарықты қамтамасыз етеді.

Жанболат Мұзбаев ұсынып отырған жобалардың қатарында қала ауасын тазалайтын аспиратор, автономды электр май құю стансасы, вертикальды жел электрогенетаторлары, шағын гидроэлектор стансасы, электр минивэн және коммерциялық фургон сияқты жобалар бар. Ж.Мұзбаев сонымен қатар электросамокаттарды жасау мен өндіріске енгізудің тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша,  бұл көліктер қоршаған ортаға зиянсыз үнемді келеді әрі жұртшылықтың салауатты өмір салтына ықпалын тигізеді. Құрылымы қарапайым келетін электросамокаттың қуатты үш сағатқа жетеді.  Курьерлік, туристік, орман шаруашылығы, шекара қызметі үшін тиімді болмақ.

Қазіргі кезде ғалымдар тиімділігі жоғары деп ұсынған жобалардың бірқатары қала әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Ғалымдардың айтуынша, ендігі кезекте биологиялық қауіпсіздік, экология және қоршаған орта, төтенше жағдайлардың алдын алуға (сел, қар көшкіні), қала халқының жайлы өмір сүруіне, санитарлық-гигиеналық іс-шараларды жақсартуға, жасыл технологияны дамытумен байланысты жобалардың еліміздің өзге де өңірлерінде іске асса нәтижесін беретіні анық.

АЛМАТЫ