Сұхбат • 09 Шілде, 2023

Ханбибі Есенқарақызы: Билікке – мейір, халыққа пейіл тілер едім

2164 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Біртуар ақын Серік Тұрғынбекұлы «Хан қызындай Ханбибі» деп жырға қосқан Ханбибі Есенқарақызы апамызбен әңгімелесудің сәті түскен еді. Әр сөзі алдаспан рухтан, ағыл-тегіл жүректен шығатын батыр мінезді ақынның ойы тың, жаны әрнеге жаралы.

Ханбибі Есенқарақызы: Билікке – мейір, халыққа пейіл тілер едім

– Сіз туралы: «...Сөз­ жоқ, Ханбибі сой ақын­дары­мыз­дың бірі, үлкен ақын­да­ры­мыз­дың бірі» депті ақын Темірхан Медет­­бек ағамыз. Ішіңіздегі арбасып жатқан майданда жеңіске жиі жетесіз бе?

– Іштегі өлең сыртқа шығар кезде, жан дүниемде арпалыс, тайталас болатындығы рас. Ішімде бірнеше адам отырған сияқты, әрқайсысы әртүрлі жол көрсетеді. Бұл арпалыс жас кезімнен қаныма әбден сіңіп қалған қасиет. Әлі буыны беки қоймаған жырларым аяусыз сынға ұшырап, қалам ұстамай кетуге шақ қалдым. Сынайтын сыншым – қатал әкем еді. Өзі де өлең жазған болуы керек, менің 5-6 жасымда, үйден бір сандық қағаз алып шығып өртегені есімде. Көзіммен көрген оттың жалыны мен қуаттылығы соншалықты, аппақ қанаттарымен айға қарай ұшып бара жатқандай әсер қалдырған. Әкемнің «Абай болмаған соң, өлең жазуды қою керек!» деген өксікке толы үні әлі құлағымда. О кісі әу бастан өлең жазуыма қарсылық білдірді. Ол сынауын қоймады, мен жазуымды қоймадым. Өлең деген зат киелі әрі жолы ауыр, тағдыры күрделі, мылтықсыз майдан екендігін жасымнан есіме салғандықтан, арпалыссыз, арбасусыз өлең жазу мүмкін емесін ұқтым. Жақсы өлең – жаныңды жеп, қаныңды ішіп келмей ме, дүниеге? Осыны байқап, біз жайлы жоғарыда сен айтқан жазбасында «бүкіл өлеңдерін қарасаңыз, арбасып жатқан, теке-тіресіп жатқан, бірін-бірі ала алмай, алағай да бұлағай, аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі де жүретін, сондай құдіретті, қарулы, қайратты, жігерлі, намысты ақын!» деген Темірхан досымның қиялының бармайтыны, көрмейтіні жоқ-ау, сірә!

– Мінезіңізге қарасам, жасы­ңыз­дан Алаш ардақтыларын үлгі етіп өскен сияқтысыз.

– Әуелі атамның «халық жауы» ре­тін­де­ ­кәмпескеленіп, Ресей ауып кеткені, сонау Аты­рау­дан Оңтүстікке келгенінің өзі сұрағыңа жауап емес пе? Ең өкініштісі, Президенттің 1993 жылғы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын реабилитация­лау» туралы жарлығын әкемнің көрмей кеткендігі. Қабағы қатулы әкемнің өзі туралы тіс жармай кеткендігін – діні беріктігіне, текті­лі­гіне балаймын. Бізді үрейде ұста­ғы­сы келмегендігі деп ұғамын. Сондық­тан мен «Алаш» идеясының бір ұш­қы­ны, әрі жанкүйері болып өткен отба­сында туып-өстім, бәлкім міне­зім­ де осы тектіліктен туған шығар.

– Ойыңызға жиі оралатын сәт?

– Тәуелсіздікке ие болған кезі­­міз. Бәріміз бақытты едік. Тәуел­сіз­дікпен қатар, нарықтық эконо­ми­ка келді. Елде дағдарыс бас­тал­ды. Бірақ оны ешкім дауыс­тап айтпайтын. Экономикалық тап­шылықпен күрес барынша жү­ріп жатты. Жоқшылыққа мо­йы­ма­дық, болашағымызға сендік. Бәрі­міз патриот­пыз, еңсені ез­ген­ дағдарыстан елдің аман шыға­ты­ны­на сеніміміз мол еді. Бірақ мына бір сәт ойыма жиі оралады. Сол кезде облыс әкімі Халық Абдуллаев еді. Бірде Президент келіп жиын өткізді. Бес жүз орындық үлкен зал. Ол кісі әкімге қатты шүйлікті. Әкім жер шұқып төмен қарады. Халі өте аянышты, өңі өзгеріп, түтігіп кеткен. Сол кезде зал толы адамнан бір адам оны қорғап сөйлей алмады. Әйтпесе сол залда жасы да жасамысы да, көсемі мен шешені де жеткілікті еді, жаным ашыды. Әкіміміз туралы өз ауылының қара­па­йым бір адамынан: «Халықтың әкесі майданнан оралмады. Өзі оқуға өте зерек болған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық кітапхананың бар кітабын оқып біткен, зерек, алғыр бала еді», дегенін естігенмін. Іштей жанкүйер болып жүргеніммен арыстанның аузынан арашалап алардай мүм­кін­дігім жоқ еді. Сөйткен тұңғыш пре­зидентіміздің кейіннен бір кел­ге­нінде «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек», дегенін де естідік. Десек те «қалған көңіл – шыққан жанмен тең» дегендей, сондағы көрініс көз алдыма келе береді. Сол әкім ұзақ жасаған жоқ, қайтыс болып кетті. Менің қатты қобалжығаным, басшы мен қосшының арасындағы кикіл­жің емес, адамдардың қорқақтығы, сатқындығы, екіжүзділігі мен тез айнығыштығы еді. Әншейінде әкім бетіне шыбын қондырмайтын жағымпаздардың адами қасиеттен жұр­дай екендігін есіме алғанда, көңілім көң жегендей күй кешеді. Адам­дарға деген сенімімді жоғал­тып­ алғандай боламын.

– Бір өлеңіңізде «Астана емес, елде­мін» дейсіз. Ауыл арасы кей­де­ жан дүниеңізге тарлық етпей ме?

– Бұл өлең:

«Періште емес, пендемін,

Астана емес, елдемін

Көрдім талай мықтының,

Мықыны көктен келгенін...» деп бас­талады. Өлеңде негізгі акцент «періште емес, пендемінге» түсіп отыр. Мархабат Байғұт ағамыз: «Ханбибі өлеңде кейіп­керлерін де, өзін де алдамайды», дейтін.

Ауылда жүріп те кеңдікке ие болуға болады екен. Менің күйе­уім­нің ғашық болған қызына арнап­ «Нұрикамал» әнінің сөзін жазуым­ның астарында сол кеңдік жатқан жоқ па? Әрине, Астанада қалыптасқан әдеби орта бар. Бірақ олардың кеңдікке ие болғаны аз. Дәл қазіргі кезде Астана болсын, ауыл болсын, жазамын деген жанға кедергі жоқ.

– Елде жүріп-ақ жалпақ жұрт­қа­ та­ныл­ған Мархабат Бай­ғұт­пен жарасқан әзіл-қал­жың­да­ры­ңыз көптің көңілінде. Осы жай­лы­ айтып өтесіз бе?

– Махаң туралы әңгіме айтудың өзі ауыр. 30-40 жылдай бір қаланың ауасын жұ­тып, асфальтын таптап бірге жүріппіз. «Оң­түстік Қазақ­стан» газетінде, өзі де ақ қағаздай болып ұзақ жылдар қызмет етті. Газет құрсауынан жасы алпысқа жа­қын­да­ған­да босады-ау.

Менің 55 жасқа толғаным аталатын болып, Махаңа жиынды «сен жүргізсең қалай болады? – деп, өтініш білдіргенімде – «Ойбай, мен тек жазуға бармын, сахнада кеш жүргізіп көрмегем!» – деп ат-тонын ала қашты. – «Жүргізесің!» – дедім, осымен сөз тәмам дегендей. Махаң талантты болуымен қатар ішкі мәдениеті бай, байсалды, мақтаны жоқ, ақылды әрі терең болатын. Кейінгі мерейтойларымның да жүргізуші-модераторы өзі болды. Бізді оқу орындары мен мекемелерге, мектептерге кездесуге бірге шақыратын. Бір-бірімізді көтермелеп, кештің әрін кіргізіп, егіз қозыдай жүретінбіз. Ол проза жазғанымен, ақындығы да болатын. Кейде іш пыстырарлық жиындарда немесе ақындар айтысында біздің өз айтысымыз жүріп жататын. Арадағы қулар (жастар) жазбаларымызды жолдан ұстап алып, мәз болысатын. Талай-талай қалжыңдар айтылды. Бірде Қыздаркүл жеңгеміз (әйелі): «Қыз-ау, ағаңа абай болшы, кейде артық-ауыс сөзден қатты жараланып қалатыны бар. Жаны нәзік қой, керісінше қолдап жүрші», деген сөзінен кейін, ол жаққа қарай «оқ атқан» жоқпын. Ағалы-қарындастай күн кештік. Бұл ажалға тоқтам бар ма? Осыдан төрт жыл бұрын, 70 жылдығымда Көпен екеуі қос қанатымдай болып, екі жағымда отырып кешті жүргізіп еді. Енді қарасам, екеуі де жоқ өмірде.

Тағдыр біреуді жазалағысы келсе,­ ет жақындары мен тілеулес достарын ала­ды екен. Өткен жылы – Махаң мен Көпен, «Нұрикамалдың» авторы – Тұр­ды­қылыш пен Нұрикамал, немере ағам Аман­келді Айталы, құрбым Әселхан Қалы­бе­ко­ва­лар­дың­ қазасы жанымды жүдетіп, қолға қалам ұстау­дан қалдым. Қазірше қал­тыл­да­ған қа­йықта отырғандай болып, 80-нен асқан Нар­ма­хан ағамның жер басып жүр­геніне шүкір дей­мін. Махаңның 2000 жылы жазған «Жүз жыл­дық жара» атты шы­ғармасында Абай облы­сын­да­ғыдай Оңтүстікте де алапат өрт болған. Сонда: «...айналайын ағаштардың киесі де көкке ұш­қандай көрінді, қайта орала ма, жоқ па?­ Алладан медет тілейік. Адамдар аман болғай. Ал себепкер болған айуанға айнал­ғандарды Құдай көріп тұрған шығар. Табиғат ананың тамылжыған бір тұсына жүз жылдық жара түсті. Жүз жылда жазы­лар­ ма?!», деп сауал тастайды. Махаң тірі болғанда бүгін де осы сөзді айтқан бо­лар ма еді?

– Жиі көзге жас аласыз ба?

– Бүгінде көз емес, жүрек жылайды.

– Не оқып, не жазып жүрсіз?

– Оқитын кітап көп, оқы­ла­тыны аз. Қа­­зір өлең жазудан, кітап шығару оңай бо­лып­ кетті. Сондай шығарған кітабын сый­­­­лайтындар көбейді. Кейде уақыт шы­ғын­ қылмай, бұрынырақ жазылған кітап­тар­ды оқимын. Биыл Смағұлдың «А­қ­боз­ үйін», Ұлықбектің «Әбілхаятын», Ға­лым­ Жай­лы­байдың «Қара орамалын», Бауыр­жан­ның «Шырағданын» қайта оқып шық­тым.

Дәл қазір Кемел Тоқаевтың бес томдық таңдамалы шығармаларын оқып жатырмын. Біздің заманның жазушысы ғой, жақсы әсер алдым.

Жазуға келсек, бұрынғыдай – ой­ шап­шаң,­ сезім сергек емес. Де­с­ек те «Өзге емес, өзім айтам, өз­ жайымды», деген ме­муар­­лық шы­ғарманың жобасын бастадым.­ Әр­­бір шығармашыл жанның өмі­рі – ке­йінгі жас­тарға, жалпы оқыр­ман­дарға қы­зық­ шы­ғар деген ойдың жетегіндемін. Аллам, өмір берсін!

– Қаламгер ағалардың жан жы­луын, жақсылығын көп көр­ді­ңіз бе?

– Бүкіл өмірім – Шымкентте өтті. Жас кезде аралас-құралас болмаған соң, үлкен ақындардың көзіне де, сөзіне де түспедім десем болады. Ертеректегі бір жазбамда «ілуде бір Алматыға жол түскен кезімде, «Алдымен ақбас Алатауға бас иемін, екінші кезекте­ ақындардың анасы – Мәриям Хәкімжанова апама сәлем берем. Сосын, алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан толғанысымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын», – деппін.

Алматыда тұратын әріптестерім үшін баспасөз бен радио-теледидар қолжетімді еді. Орта болды. Бір-бірін етене таныды. Бір күні «Қазақ әдебиетін» оқып отырсам, Әбділда Тәжібаевтың мақаласына көзім түсіп, өзіме-өзім сенбей қалдым. Бұл 1972 жыл болуы керек.

Онда «Мен жақында «Қазақ әде­биеті» газетіне басылған екі жастың өле­ңін оқып болған соң, қастерлеп алып қойдым. Кейінірек бірнеше қайталап оқыдым. Сол жастың бірі – Шымкенттегі Ханбибі Есен­қа­раева деген қызымыз екен. «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін:

«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді,

Нөсер алып келе жатты

көктемді.

Ару аспан асығыстау көктейді,

Алтын жіппен жыртық қара

шек­пен­ді»,­ деп бастапты.

Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жаз­бағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қан­ша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу – та­биғат құдіретінің, табиғаты күшті ақын­ның қолынан ғана келеді», депті. Белгілі – поэзия патриархының сол кезде айтыл­ған­ жылы сөзі әлі күнге дейін қуат беріп келеді. Ол кезде үлкен ақындар жастардың өлеңін оқитын. Қай жерде жүрсең де, сені көтеретін – өлеңің ғана. Әбділда ағамыздың бірауыз жылы сөзі – аялы алақандай, маған өмірлік азық болды.

Бертінде Әбіш Кекілбаев аға­мыз: «Ханбибі өлеңде күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебі­ре­неді. Сергелдең сезім мен сапы­ры­лыстағы сана ғана сөз өнерін құнар­лан­дыра алады. Ханбибіде соның екеуі де молынан байқалады. Оның ша­быты, әлі арыны қайта қоймаған ал­бырт шабыт. Өлең өлкесіне аяқ бас­қаны күні кеше ғана болмаса да, әу бастағы екпінін еселей түс­пе­се, тежей қоймаған. Ақ түтек ша­быт», деп жазды. Жылы қабақ таныт­қан, жазбаларымнан үміт еткен ағалардың барлығы қаламыма қай­рат бергені анық. Демек жақсы жыр – арақашықтықты қысқартып, алыс­ты жақындататынына сенуге болады екен. Кезіндегі аға­лар­дың қолдауын қарымтасыз қал­дыр­ма­йын деп, өзім де тұлғалыққа жеткен­ ағаларым туралы эсселер жаза бас­та­д­ым. Алғашқысы – «Айбарлы атам еді» – Бауыржан Мо­мыш­­­ұлы­на­ арналса, «Қаһарман – Қа­сым­ Қай­сенов», «Бақыттысың, Әз аға» – Әзіл­­хан Нұршайықовқа, Сафуан Шай­мер­де­нов, Әбіш аға, Фариза апа туралы жазғандарым, бүгінде көп­тің назарында.

– Бір өлеңіңізде:

«Жалған сөздің жарлығын,

Жалп еткізіп, сөндірдім...» дей­сіз. Жалғандықпен күресуде жеңі­сі­ңіз көп пе, әлде жеңілісіңіз бе?

– Жалғандық және жасан­ды­лықпен күре­сіп жүргенімізде жем­қор­лық деген ауру келіп қосылды. Ескілік есіктен шы­ғып кетпей, жаңаның төрлеуі екіталай.

– Егер ғайыптан сиқырлы күш келіп, бір арманыңызды орындар болса, нені айтар едіңіз?

– Билікке – мейір, халыққа – пейіл тілер едім. «Өзімді алсаң ал, Құдай, пейілімді алма!» дегенді естіп өскен ұрпақпыз. Пір Бекеттің әрі қысқа, әрі нұсқа батасы бар екен. Ол: «Өз ниетің өзіңе жолдас болсын!». Дәл қазіргі кезде адамзатқа, әр қазаққа ең қажет нәрсе – ниет пен пейіл! Осыны жоғалтып алған сияқтымыз. Тойымсыздық пен қанағатсыздықтың түп-тамыры – осы сөзде жатыр.

– Қазіргі қоғамда сізді не маза­лайды?­

– Бір мен емес, мазасыздықты көп адам бастан кешуде. «Көш кері кетсе, ақсақ түйе жол бастайды» дегендей, көп нәрсе кері кетіп жатыр. Халықтың барометрі болған, қоғамның айнасы – ақын-жазушылардың жағдайы мәз емес. Кері­сінше мән-мағынасы жоқ әндер мен халықтың санасын улап жат­қан, пәтуасыз шоулар мен нашар әншілер сахнаны жаулап алды. Тұрмыстары да жаман емес. Біздің мәртебеміз оларға қарағанда төмендеп кетті. Содан кейін кәсіби жур­налистер тасада қалып, блогер дегендер ақпарат құралдарын жау­лап алды. Оларға ауыздық жоқ. Өтірік-шынды араластырып, жұрт­тың санасын улауда. Болсын – бол­масын, сенсация жасауға құмар. Айтқандары өтірік болып жатса да, жауапқа тартылмайды. «Ауыл» партиясы осы мәселені көтеріп жатыр екен, соңына жетсе екен дейміз.

Сондай-ақ тіршілік үшін маңыз­ды­ саналатын медицина саласында да мәселе көп. Қарапайым халыққа қол­­же­тімді емес. «Квота» дей ме, «портал» дей ме, онысы да уақы­тын­да бөлінбейді. Қа­зақ қашан жос­пармен ауырып еді?! Та­бан ас­тында ауырып қалғандарды ауру­­ха­наға жатқыза алмағандарды талай­ көр­­дім.

Мектеп реформасы да шат­шалағай. Талай айтып жү­ріп, мұғалімдерді қоғам­дық­ жұмыс­тар­­дан құтқардық, жала­қы­сы ұлғай­ды. Ендеше барлық мек­тептерде «ақы­лы курстар» не үшін жұмыс істей­ді? Бұл қара халық­ты тонау емес пе? Мектептің өзінде тия­нақты білім беруге не кедергі? Оның үстіне мектеп бітірушілер әрі тест тапсырады, әрі аттес­тат алуға мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл баланың психологиясына әсер етеді деп ойламай ма?

Сосын мұғалім де, дәрігер де қағаз­­бас­тылықтан арылмай отыр. Бұл дегенің ауру­дың диагнозын қою­ мен оқушының білім алуына бөлін­ген уақытты жейді. Ма­ман­дар – бас­­шылық алдында есеп беруді негіз­­гі функциясынан жоғары қояды.

Айта берсең, әңгіме көп. Халық­­тың мінезі өзгерді. Төзімсіз, ашу­­шаң, қит етсе, кінәліні іздеу, өзі­нен өзгені жек көру сияқты мизан­­­тропиялық кезеңге өтіп кет­кен­дей­міз. Адамның адамға құр­меті, бауырдың бауырға деген­ ықы­ласы, баланың әке-шеше алдын­­дағы парызы тіптен төменгі дең­гей­ге жет­кендігін байқаймыз. «Қарттар үйі» мен «Же­тімдер үйі» деген тарихымызда жоқ нәр­селер, күнделікті өмірімізге сыналап еніп­ жатыр.

Жағдайды қалай түзейміз? Әр­түрлі сүрлеуге түсіп алып, «адас­­­қанның алды жөн, арты соқ­пақтан» қалай құтыламыз? Ме­нің ойымша жалғыз жол бар. Ол – ұлт­тық идеологияға оралу.­ Өт­кен отыз жылда «эко­но­ми­ка мен саясатты» алдыңғы шепке­ қой­­дық та, идеологияға мән беріл­меді. Эко­номика – киіндірді, тамақ­тан­дыр­ды, бірақ рухани аштыққа ұрын­дырды. Неге идео­ло­гиядан қор­қамыз? Олигархтар үшін бе? Олар­да Абай айтқан «Білім, еңбек, терең­ ой, қанағат, рақым» бар ма? Әрине, жоқ!­ Оларға халықтың сауат­ты­лы­ғы­ мен бір­лігі қажет емес.

Аудандар мен облыстық әкім­дік­терде идео­логия жөнінде орынбасарлар бар, бірақ идеология жоқ. Ислам дінін наси­хат­таудағы Мұхаммед пайғамбардың идео­логиясы жеті ғасырдан асты, әлі келе жатыр. Кеңестік идеология да жетпіс жыл өмір сүрді. Қазір тәуелсіз мемлекетпіз, ұлт­тық идеологияны қалыптастыратын кезең. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Бай­тұр­сынұлы идеология негізін қалап кетті. Ендігі іздену, жаңа жолымызды ай­қын­дау – ғалымдарымыз бен ұлт зиялыла­ры­на байланысты.

 

Әңгімелескен

 Батырхан Сәрсенхан,

 «Egemen Qazaqstan»