Тұңғыш съезге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, Мажарстан өкілдері қатысты.
Аталған жиынға қатысушылар Ат үстіндегі күрес (аударыспақ) дүниежүзілік федерацияның ресми құрылғаны жөнінде мәлімдеп, Алматы қаласы федерацияның штаб пәтері ретінде бекігенін хабарлады. Сондай-ақ қатысушы мемлекет өкілдері Ат үстіндегі күрес (аударыспақ) дүниежүзілік федерациясының президентігіне Қазақстан Республикасы Аударыспақ федерациясының президентігіне «Аtasu Group» компаниясының басшысы Марат Жұманды сайлады.
Съезге арнайы қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов айтулы шараның маңызына тоқталды.
– Бүгін – еліміздің ұлттық спорт тарихындағы маңызды күндердің бірі. Ұлттық спортымыз аударыспақ ойынын әлемдік дәрежеге көтерер сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстанмен бірлесе Аударыспақ спортын дамытып дүниежүзіне танытатын боламыз! Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік Көшпелілер ойындары өтеді. Көшпелілер ұрпағы саналатын біздер бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті назарында. Көшпелілер ойындарын тиісті дәрежеде өткізу мәселесінде Ұлттық спорт қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Бүгінгі Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін. Осы орайда, аталған спорттың дамуы мен өркендеуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін, – деді Исламбек Салжанов.
Өз кезегінде Ат үстіндегі күрес (аударыспақ) дүниежүзілік федерациясының жаңа президенті Марат Жұман алда үлкен жұмыс күтіп тұрғанын мәлімдеді.
Бүгін баршамыз Алматының төрінде аса маңызды шараға жиналдық. Осы маңызды басқосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығына өз ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиынымыз қазақ елі үшін, ұлттық спортымыз үшін тарихи күн болады. Әлемнің алпауыт бірнеше мемлекетімен бірлесіп Ат үстіндегі күрес дүниежүзілік федерациясын құру арқылы біз ұлттық спортымызды жаһанға паш етеміз деген үлкен жоспарымыз бар. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Болашақта федерацияға мүше елдермен бірлесе аталған спорттың дамып, өркендеуіне күш салатын боламыз, деді Марат Қожаханұлы.
Сондай-ақ жиын барысында бірыңғай ойын ережелері бекітілді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты аударыспақтан алынды. Одан бөлек, спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданып, алда өтетін жарыстардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойылу міндеттелді.
Жиын соңында Қырғызстан өкілдері жаңа бекітілген бірыңғай ойын ережелері бойынша алғашқы әлем чемпионатын осы жылдың қыркүйек айында Ыстықкөлде өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы қатысушы елдер бірауыздан мақұлдады.
АЛМАТЫ