Қоғам • 13 Шілде, 2023

Мәдениет қызметкерінің мәртебесі өседі

609 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта кітапханашылар тегін медициналық тексеруден өтеді. Оған қоса жалақысы артып, әлеуметтік мәртебе де берілмек. Мұны Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин айтты. Ол өңірдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалмен танысып қайтты.

Мәдениет қызметкерінің мәртебесі өседі

Қонақтар әуелі Көксу ауданына қарасты Жарлыөзек ауылындағы «Балпық» ЖШС ауылшаруашылық құрылымымен таныс­ты. 1998 жылы құрылған серіктестік бүгінде бидай, жүгері, қызылша, көпжылдық шөп өсірумен айналысады, жеке мал шаруа­шы­лығы бар. ЖШС басшысы Айдын Әдет­бековтің айтуынша, кәсіпорында Жарлыөзек ауылының 70 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді, бірақ қосымша маусымдық жұмыс орындары да бар. Көктем мен күзде ауыл шаруашылық құрылымында 140 адамға дейін жұмыс істейді. Еңбеккерлер бір жұмыс күніне 7,5 мың теңге есебі бойынша жалақы алады, ал айына орташа жалақысы 140 мың теңгені құрайды.

Жұмыскерлердің өздері жұмыс беру­шімен қарым-қатынасына көңілі толатынын, бірақ оларды әлеуметтік әріптестік аясын­да нығайту мақсатында кәсіподақ құру­ды ұйғарып, жұмыс беруші бұл шешімді қол­дағанын айтады.

«Біз алдымызға облыс қажеттіліктерінің басым бөлігін экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және облыстың ауыл шаруашылығын дамыту міндетін қойдық. Ұжыммен қарым-қатынаста еш қиындық жоқ, дегенмен жұмыс­керлердің кәсіподақ құру туралы ше­шімін қолдаймын», деді А.Әдетбеков.

Еңбек ұжымымен тілдескен ҚРКФ төр­ағасы Сатыбалды Дәулеталин «Балпық» ЖШС жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құру бастамасын қолдады.

«Кәсіподақ – бұл адамдардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатындағы өзін-өзі ұйымдастыруы. Жұмыс беруші мен кәсіп­одақ әріптестер болып саналады және бүкіл кәсіпорынның табысты болуы олардың сындарлы өзара әрекеттестігіне байланысты. Ауылдағы еңбек қатынастарын бірлесіп дамыту қажет. Еңбек ету құқығы – әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Кәсіподақ құру арқылы сіз әлеуметтік әріп­тестікті одан әрі дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар өзіңіздің еңбек ету құқы­ғыңыз үшін, өз ұжымыңыздың, тұтастай алғанда бүкіл кәсіпорынның болашағы үшін жауапкершілікті аласыз. Өйткені Әді­летті Қазақстанның құрылысы оның әрбір азаматының жауапкершілігіне байланысты», деді С.Дәулеталин.

«Балпық» ЖШС басшысы ауыл шаруа­шылығы саласын одан әрі дамытуды тілге тиек етіп, жалпы облыс бойынша ауылда жұмыскерлер тапшы екенін қынжыла айтты. Ауылдық кәсіпкер механизаторлар, ком­байншылар, малшылар жалақысының са­лыстырмалы түрде төмен болуын басты себептердің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, кейбір ауыл шаруашылы­ғы кәсіпорындарында техникамен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Мүмкіндікті пайдалана отырып, А.Әдетбеков ҚРКФ төрағасы­на ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын суб­сидиялау бағдарламасын қайта қарауға жәр­демдесуді өтініп, мемлекеттік көмек көрсе­ту бағдарламасына ауыл еңбеккерлерінің ең­бек­ақысы қорының шығындарын қосуды ұсынды.

Одан кейін Кәсіподақ төрағасы Талды­қорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атын­дағы облыстық кітапханада болды. С.Дәулет­алинмен облыс орталығында өткен кездесуге облыс аудандарынан кітапханашылар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мәдениет саласындағы әлеуметтік әріптестер келді.

Мәдениет, ақпарат және спорт қызмет­керлері салалық кәсіподағының облыстық филиалының жетекшісі Сәуле Ахмадиеваның айтуынша, Жетісу өңірінде 147 кітапхана бар, онда 399 адам еңбек етеді. Кітапхана қызметкерлерінің негізгі проблемалары – жалақының төмендігі, субсидияланған тұр­ғын үй бағдарламасының жоқтығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, кәсіби аттестаттау мәселелері.

«Кітапхана қызметкерлерін аттестаттау үш жыл сайын өткізіледі. Оның үстіне 20-25 жыл еңбек өтілі бар кітапханашылар жас мамандармен тең дәрежеде аттестациядан өтеді. Аттестаттау сынақтарының мазмұнының өзі күмәнді, көбінесе кәсіби қызметке мүлдем қатысы жоқ сұрақтар ­туындайды. 20 жыл және одан да көп ең­бек өтілі бар кітапханашыларды аттестаттау­дан босатуды көптен сұрап келеміз», деді кітапханашы Ғалия Ешенова.

Оның әріптесі Әсем Ишамбаева кітапха­нашыларға медициналық көмек көрсету мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, кітапха­нашылар жыл сайын өз қаражаты есебінен міндетті медициналық тексеруден өтуі керек, бұл қалтаға айтарлықтай зиян тигізеді. Ал салада орташа жалақы 120-140 мың теңгені құрайды.

«Қазіргі заманғы кітапханалардың жұ­мысын бағдарламашыларсыз елестету мүмкін емес, олардың жалақысы 80 мың теңгеге әрең жетеді. Сондықтан кітапханаларда көмекші кадрлардың ауысуы жиі орын алады», дейді облыстық кітапхана директоры Самал Шаяхметова.

Салада қордаланып қалған мәселелер­ді талқылау барысында С.Дәулеталин «Ең­бек» депутаттық тобының арқасында кітапха­нашыларды тегін медициналық тексе­ру­ден өткізу мәселесі қаралып, келе­сі сессияда мәслихаттың шешімімен кітапхана­шылардың пайдасына бекітілетінін жеткізді.

«Біз сіздердің салаларыңыздағы қыз­мет­керлердің жалақысын көтеру мәселесін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Кәсіподақтар бюджеттік сала қызметкерлеріне базалық лауазымдық жалақы – (БЛЖ) негізіндегі жалақыны алып тастауды талап етуде. Әлеу­меттік әріптестермен өзара іс-қимылдың нәтижесінде бұл мәселеде ілгерілеушілік бар, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен тиісті саладағы әлеуметтік әріптестер тиісті есеп-қисаптарды жүргізіп жатыр деп сендіреді. Кадр мәселесін шешу тікелей жалақы мөлшеріне байланысты екенін де түсінеміз. Бұл мәселелер өзара тығыз байланысты және жүйелі шешімді талап етеді, біз үкіметке тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін енгіздік», деді ҚРКФ басшысы.

Салада әлеуметтік әріптестікті дамы­тудағы кәсіподақтардың рөлін Жетісу облыс­тық Мәдениет басқармасы мониторинг бөлімінің басшысы Жанар Талханова атап өтті.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері­нің мәселелерін шешу үшін облыстың кә­сіподақ орталығымен бірлесе отырып көп­тен бері жұмыс істеп келеміз. Осыдан төрт жыл бұрын кәсіподақ ұйымдары мен мәслихаттың қолдауының арқасында мұрағат қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі шешілді. Қазіргі таңда басқарма бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұсыны­сы бойынша кітапхана қызметкерлерін қыз­мет­тік баспанамен қамтамасыз ету мәселе­сін қарастыруға дайын», деді облыстық Мәдениет басқармасының өкілі.

Жиын соңында С.Дәулеталин сала кә­сіп­орындары мен ұйымдары қызмет­кер­лері­нің мүдделерін қорғау бойынша сөз қау­зап,  қоғамдағы Еңбек адамы мәртебесін анық­тау бойынша кәсіподақтардың ұстанымы­мен бөлісті.

 

Жетісу облысы