Пікір • 12 Шілде, 2023

Сөз түзелсе, іс түзеледі

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі.

Сөз түзелсе, іс түзеледі

Заман талабына сай, қазір қоғамның сұранысы күшейді. Халық биліктен берген уәделерінің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Расында, реформалардың нәтижесін көрмек керек, әсерін сезбек керек. Сонда ғана халықтың билікке сенімі күшейеді. Осы тұста елге жететін ақпараттың нақты әрі сенімділігі үлкен рөл атқарады. Кейінгі уақытта әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. Әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайғанын көріп отырмыз. Еуропа елдері бұл бағытта тиесілі заңдарын әлдеқашан қабылдады. Мемлекеттік мүдде мен ақпарат құралдары біте қайнасып жатқан ұғым. Еуропадағы демократиялық жүйенің де мызғымастығының  күнделікті сақшылары – журналистер қауымы.

Әлемдік зайырлы қоғам тарихына үңілсек, ең алдымен, елдің көркеюі сөз қадірін бағалаудан басталады екен. Франция мен Ұлыбританияны алайық. Осы алып екі мемлекеттің мыңжылдық адамы болып Наполеон Бонапарт пен Уинстон Черчилль танылған. Екеуі де өмір жолын журналистикадан бастаған. Барлық реформасын ақпарат құралдарына сүйеніп, солардың қолдауымен жүзеге асырған. Наполеонның «Азаматтық кодексін» бүгінгі күнге дейін қолданыста болуы сөз бен істің бірізділігінен.

«Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Бастысы, әр аза­маттың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Хал­қымыздың дүниетанымы және өмірлік ұста­нымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа ре­форманың бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пи­ғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан сөзі.

Президент «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнамалар туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң өмірімізге үлкен оң өзгерістер енгізеді. Жалпы, бұл құжат бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, онлайн ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамытуға бағытталған. Қазақ – сөз қадірін білетін, орынды сөзге тоқтап, «ат-шапан айыбым» деп кәде жасайтын халық. Ата дәстүрмен онлайндағы сөзімізді түзесек, нақты өмірдегі ісіміз де алға басады.

 

Махат САДЫҚ,

журналист