Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Заңда мынадай екі ұғым белгіленген. Біріншісі – онлайн-платформаны жалпы пайдаланушы, яғни қарапайым пайдаланушылар. Екіншісі, инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформаны кәсіпкерлік қызмет мақсатымен пайдаланатын тұлға.
Бұл жерде атап өтетін мәселе, заңның негізгі мақсаты – онлайн-платформаларда өз ойын жазатын тұлғаға еркіндік беру. Сондай-ақ азаматтардың онлайн кеңістіктегі құқықтарын қамтамасыз ету. Тиісінше, инфлюенсер немесе блогер өз жұмысын кәсіпкерлік тұрғыда пайдаланатын болғандықтан, қосымша міндеттемелер жүктелуі қажет.
Соңғы кездері онлайн-платформаны пайдаланушылардың жарияланымдары жойылып, аккаунттар бұғатталатын жағдай жиі кездеседі. Тіпті ол үшін нақты, дәлелді жауап берілмейді. Оның басты себебі – онлайн-платформалармен өзара байланыстың қарапайым механизмінің болмауы.
Құжатта көзделген нормалар қолданысқа енгізілген жағдайда халықтың онлайн-платформалар әкімшілігіне тікелей жүгіну және өз құқықтарын қалпына келтіру тетігін белгілеу жоспарланған. Осы мақсатта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформалар әкімшілерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жақында ғана «TikTok» әлеуметтік желісі өкілдерімен кездесіп, алдағы бірлескен жұмыс пысықталды.
Қазақ тіліндегі контентті модерациялау және монетизациялау, интерфейсті қазақ тіліне аудару мәселелері де бар. Яғни онлайн-платформалар интерфейсті қазақ тілінде пайдалануға жол бермейді, тіпті пайдаланушы келісімімен танысуға мүмкіндік жоқ. Осы орайда, заң аясында интернет-жарнама саласын экономикалық тұрғыдан қарастыру көзделген. Бұл жерде онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жарнаманы таңбалауы, онлайн-платформадағы экономикалық қызметті реттеу жұмыстары мен мазмұнға қойылатын талаптар бар.
Жалпы, халықаралық тәжірибеде онлайн саласының жұмысы заңдық тұрғыдан реттелген. Мәселен, Германияда NetzDZ аталатын құжатта заңсыз контентті модерациялау және ел аумағында шектеу туралы талап қарастырылған. Өткен жылы Еуропалық одақта қабылданған Digital Services act модерация, өкілдік ашу және мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуді міндеттейді.
Қайнар АХЕТОВ,
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры