Заңның Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы бірнеше пайдалы тұсы бар. Біріншіден, құжат әлеуметтік әділдікті орнатады. Әсіресе жоғары лауазымды тұлғалар, қолында билігі бар басшылар мемлекетке тиесілі нәрсенің тек халық игілігі үшін ғана жұмыс істеуі керек екенін түсінеді. Екіншіден, шетелге заңсыз шығарылған қаржының бәрі қайтарылған соң, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалады. Ол әу бастан-ақ осы бағытта жұмыс істейтін қаражат еді. Бірақ заңды белшесінен басқандардың кесірінен қолды болды. Енді әділдік орнайтын уақыт жетті.
Елге қайтарылған активтердің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуын қадағалайтын арнайы комиссия құрылмақ. Ал Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару жөніндегі комиссия бұрынғыдай осы істе заңдылықтың сақталуын қадағалайды.
Менің ойымша, алдағы уақытта әрбір адам мемлекеттік қызметке барған соң, оны баюдың мүмкіндігі, өзіне тиесілі емес нәрсені заңсыз жымқырудың жолы деген ойдан толықтай арылуға тиіс. Қабылданып отырған заң да осындай келеңсіздіктерге жол бермеуді көздейді. Оның тағы бір артықшылығы – заңсыз активтерді қайтарудың негізгі тетігі ретінде азаматтық тәркілеу институтының енгізілуі. Ол қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік тәркілеу нормативтеріне қосымша енгізіліп отыр. Оның мақсаты – егер мемлекет мүлкін заңсыз иеленгендер тізіміне енсе, оны заңды жолмен алғанын дәлелдеуі керек. Бұл талаптың мерзімі өтіп кетпейді. Мейлі қай уақытта алынған дүние болса да, дәлелдеу міндет. Оны жасай алмай ма, мемлекетке кері қайтарады. Азаматтық тәркілеу қылмыстық тәркілеуді алмастырмайтынын айта кету керек. Екеуі қатар жүреді. Бұл тәжірибе Англия, АҚШ секілді елдерде тиімділігін көрсеткен.
Магеррам МАГЕРРАМОВ,
Мәжіліс депутаты