Пікір • 12 Шілде, 2023

Әділетті Қазақстанның алғышарты

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егемендік алғалы бергі уақытта елімізде бірқатар әділетсіз жағдайға жол берілді. Мұны жұрттың бәрі – қоғам да, билік те мойындап отыр. Атап айтқанда, шетке шығарылған, заңсыз иемденген активтер жетерлік. Президент қол қойған құжат осы мәселені шешуге бағытталған.

Әділетті Қазақстанның алғышарты

Меніңше, заң халықтың мемлекетке, билікке сенімін арттыруға тиіс. Сол себепті шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару Әділетті Қазақстанды құрудың, әділет орнатудың үлкен құралы деп есептеймін. Депутаттардың бас­та­масымен бес заң ұсынылды. Күні кеше Конституциялық сот оны мұқият қарастырып, Ата заңымызға қайшы келмейтінін, толықтай сай екенін хабарлады.

Осылайша, Мемлекет басшысы қол қойған күннен бастап үлкен жұмыс бас­талады. Ең алдымен, ұйымдастыру ша­ра­лары қаралатыны сөзсіз. Бас прокуратура жанынан арнайы мемлекеттік орган құрылады, оған 125-ке жуық түрлі саладағы маман тартылады. Олар халықаралық заңнаманы білетін, шетелдік заң саласынан хабардар ха­лықаралық мамандар, сарапшылар, заңгерлер, экономистерден құралмақ. Бұдан бөлек, Үкіметтің қаулысымен құры­латын мем­ле­кеттік комиссияға қоғам қай­рат­кер­лері, Парламент депутаттары, күштік құрылымдық органдардың басшылары енеді деп жоспарланған.

Комиссия тұрақты түрде жұмысын атқарып, мемлекеттік мекемемен етене жұмыс істемек. Тапқан құжаттарын, де­ректерін, тізімін ұсынып, заңсыз шы­ға­рыл­ған активтерді анықтауға белсенді түрде араласады.

Қазіргі таңда еліміз көптеген ха­лықаралық міндеттемені орындады. Қар­жыны қайтару, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық құжат­тар­дың мүшесіміз. Осының барлығы бес заңды қабылдауда негізге алынды. Енді заңды жүзеге асыру мемлекеттің, күштік құрылымдардың өз ісіне жауапкершілікпен қарау мәселесіне айналады. Заң іске асып, кезінде шетелге заңсыз шығарылған қар­жылар мен активтер қайтса, мол қара­жат елдің игілігіне жұмсалса, Әділетті Қа­зақстанның алғышарттары жасалғанына халықтың көзі жетеді.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты