Кенен Әзірбаевтың бойына ұлттық өнердің ұшқыны генетикалық код арқылы келген демеске шараң жоқ. Қырғыз елімен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қордай ауданындағы Мәтібұлақта дүние есігін ашқан ұлт мақтанышының әкесі Әзірбай күйші болса, анасы Ұлдан ән шырқағанда жиналған жұрт таңдай қаққан екен. Осыдан-ақ Кененнің бойына дарыған өнердің қайдан келгенін аңғару қиын емес.
Расында Кененнің «Көкшолақ» әні ешқашан өлмейтін туынды екеніне талас жоқ. Жұрт бертінде Саят Медеуовтің орындауында жылы қабылдаған шығарма әуелде байырғы «Алатау», қазіргі «Тараз» триосының репертуарынан ойып тұрып орын алған. Ал аталған туындыны домбырашылар үштігінің репертуарына Алтынбек Қоразбаев енгізгенін біреу білсе, біреу білмейді.
«Біздің буын Кенен атаның әнімен есейді. Бала кезімде әкем патефон әкелді. Оның ішінде Кенен атаның бірнеше әні бар. «Бозторғай», «Қайран, жастық», «Көкшолақ» сынды әндері баурап алды. Әсіресе «Көкшолақ» шығармасы жүрекке жылы тиген еді», дейді А.Қоразбаев естеліктерінің бірінде.
Сәл шегініс жасасақ, домбырашылар үштігі ретінде жұрттың жадында мықтап сақталған әйгілі «Алатау» триосы (бүгінгі «Тараз» үштігі) «Алатау» ән-би ансамблінің жанынан құрылған болатын.
«Алматыдағы консерваторияны тәмамдап, Жамбылға барған кезде, 1975 жылы облыстық филармонияда жүріп, жамбылдық домбырашылар үштігін құрдым. Оның құрамында менен басқа белгілі музыканттар Мұхтар Рахманқұлов пен Алтынбек Бекмұратов болды. Арада 1-2 жыл өткенде үштікке арнап, Кенен атаның «Көкшолақ» әнін жасадым. Мен филармонияға директор болып кеткеннен кейін трио әнді әрмен қарай алып кетті», дейді Алтынбек Қоразбаев байырғы «Алатау», қазіргі «Тараз» триосының құрылу тарихы туралы толғанып.
Әуелде жергілікті жұртшылық «Домбырашылар үштігі» деп атаған «Тараз» триосы халық әндері «Желбір жекен», «Әләулім-ай», Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугәй домбырасын» нақышына келтіре орындағанымен, әнсүйер қауым оларды «Көкшолақтың» орындаушысы ретінде жылы қабылдады. Тіпті, трионы былайғы уақытта көргендер «Көкшолақ келе жатыр» дейтін жағдайға жетті. Осыған қарап-ақ, Кененнің әні жамбылдық жезтаңдай әншілердің бойтұмарына айналғанын аңғару қиын емес.
«Көкшолақ – ел арасына кең тараған ән. Атам оның қайырмасында юмор бар екенін айтатын.
«Жылдам жүрші, Көкшолақ,
Шапшаң жүрші Көкшолақ,
Олай жүрші Көкшолақ,
Былай жүрші Көкшолақ.
Жамандатқыр Көкшолақ,
Арамқатқыр Көкшолақ,
Мені құртқан Көкшолақ»
деген қайырмасын айтқанымда, жұрт күлкіге көміліп қалатын. Сол қайырма жұрттың жүрегінен орын тапты» дегенді атам жиі тілге тиек ететін», дейді Төрткен Кененқызы әйгілі ән туралы ойымен бөлісіп.
Өткен шаққа көз жүгіртсек, боз даланың бозторғайы жазған әннің өз тарихы бар екенін бағамдаймыз. Күндердің күнінде Көкшолағына мінген Кенен Әзірбаев тойға бет алған кезде алдынан Қордайдың қыз-келіншектері шығыпты. Олардың қатарында жұрт даналығына сүйсінген Шәлипа деген байдың қызы да бар екен. Кенен Әзірбаевтың Көкшолағы сол кезде Шәлипаның байталын жанай жүрсе керек: «Мінгенім астымдағы Көкшолақты, жалы жоқ, құйрығы жоқ шоп-шолақты» деп әуендетіп, әйгілі әнді жол үстінде дүниеге әкеліпті.
Әрине, жылдар керуені жылыстаса да, жұрттың жүрегінен өшпеген белгілі ән «Тараз» триосының төлқұжаты екені шындық. Үштік «Алатау» деп аталса да, кейіннен «Тараз» болып өзгерсе де, «Көкшолақ» репертуардан түскен емес, түспейді де. Оған ешкімнің шүбәсі жоқ.
Домбырашылардан құралған үштік құрамы елу жылға жетеғабыл уақытта бірнеше рет өзгерді. Бүгінде трио құрамында Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаев секілді ел таныған азаматтар түрлі концерттерде Кененнің әндерін шырқап жүр.
«Уақытында «Тамаша» ойын-сауық отауында талай рет өнер көрсеттік. Сол сахнада «Көкшолақты» әлденеше рет шырқадық. Осы ән арқылы әбден таныған жұрт бізді «Әне, Көкшолақ кетіп бара жатыр» деп айтатын жағдайға жетті.
Заман көшінен біз де қалмаймыз. Біз де басқа әншілер секілді әндерді әрлеу, өңдеу мәселесіне бірер жыл бұрын кірісіп кеттік. Бағлан Омаров әрлеген «Көкшолақтың» жаңа нұсқасы да жұрттың көңілінен шыққан болатын», дейді трионың көшбасшысы Асылхан Шүңіреков.
Әулиеата жерінде құрылған «Тараз» триосы әлемнің бірнеше елдерінде өнер көрсетті. Үндістан, Бангладеш, Польша, Болгария секілді өзге де мемлекеттердің өнерсүйер қауымының құлағына «Көкшолақты» мықтап сіңірді. Уақытында ұлт өнерінің шоқтығы биік жұлдыздары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев секілді майталмандар домбырашылар үштігінің өнеріне жоғары баға да берген.
Әлбетте, құрамы ауысса да, даусының құнары сақталған «Тараз» триосының репертуарында ән аз емес. Алайда «үштікті» ұшпаққа шығарған «Көкшолақтың» жөні бөлек.
Жамбыл облысы