Қоғам • 14 Шілде, 2023

Бақылау қатаң болады: SK Construction басшысы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлерімен кездесті

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2023 жылдың 13 шілдесінде Samruk-KazynaConstruction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Қарағандыға және оған іргелес ауылдарға іссапармен барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептерді салатын мердігер компаниялардың өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бақылау қатаң болады: SK Construction басшысы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлерімен кездесті

Кездесулер құрылыс алаңдарында өтті. Талқылау барысында Мәулен Айманбетов мерзімдерді кешіктірген компанияларға қандай жауапкершілік қарастырылғанын тағы бір еске салды.

«Апта сайын атқарушылық техникалық есептерді уақытылы тапсырып отырыңыздар. Кем дегенде екі рет мерзімдерді бұзып, жұмыстарды кешіктірген жағдайда шартты бұзамыз. Ал жобаны конкурста екінші орын алған компанияға береміз. Мен сіздерді ескертемін: бақылау қатаң болады! Біз сапаға басымдық береміз», деді Айманбетов.

ф

Егер мердігер құрылыс жұмыстарын орындау мерзімін бекітілген кестеден кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Ал мектептің құрылысы конкурста екінші орын алған компанияға беріледі. Ол талаптарға сай келмеген жағдайда, жаңа мердігер бір көзден сатып алу арқылы анықталады. Барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылданып жатыр.

Қарағандыдағы Кеңдала шағын ауданында 2000 орындық жайлы мектеп салу жоспарын талқылау кезінде Мәулен Айманбетов мектеп кеңістігін оңтайландыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Іргелес аумақта трибуналары бар көп функционалды стадион орнатылады деп жоспарланған. Күн жылы кезде оқушылар футбол, ал қыста хоккей ойнай алады. Төраға әзілдеп, жайлы мектептер қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы үшін спортшыларды даярлауға ықпал ететінін ерекше атап өтті.

ф

«Мектеп аумағының әр шаршы метрін барынша тиімді пайдалану керек. Еуропалық мектептерде бос орын жоқ. Мәселен, неге аумақта айналмалы жүгіру жолағын жасамасқа? Ол үшін арнайы орын қарастыруды ұсынамын. Қыста шаңғы тебуге, ал жазда жүгіруге болады. Өзім де мектепте оқығанда жүгірумен айналыстым, нормативтің бірінші разрядын алғанмын. Бұрын әрдайым мектеп айналасында жүгіретінбіз», деді Айманбетов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында 18 білім беру нысаны салынады. 10 жайлы мектептің құрылысы биыл басталады. Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша 12,5 мың қосымша оқушы орны құрылады. Олардың 7 мыңнан астамы 2024 жылдың соңына дейін ашылады.

Пайдалануға берілгеннен кейін барлық жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді. Осылайша, жаңа білім беру нысандары мемлекет меншігінде болады, яғни оқыту тегін жүргізіледі деген сөз.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жоба апатты мектептерді жоюға, үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін ел бойынша 369 заманауи мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.