Суретті түсірген Жанкелді ӘБДІҒАЛЫМ
– Өткен жылы жылудың кешігіп берілуіне бірқатар себеп бар. Өкінішке қарай, №2 және №3 магистраль бойынша мердігерлер жұмысты кеш тапсырды. Негізгі себеп – осы. Биыл осы қателікке қайта жол бермеу үшін жұмысты жеделдетіп жатырмыз. Жөндеу жұмыстарының көлемі де былтырғыдан артық. Қарастырылған қаржы көлемі 5 млрд теңгеден асады. Республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінсе, қалғаны қала бюджетінен қарастырылған. Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 425 шақырым. Биыл 34 шақырым жаңарады, дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Былтырғы жылу беру маусымында 386 апат тіркеліпті. Апат жиі орын алған учаскелер жобада қамтылған. Қолға алынған жұмыс нәтижесі мұндай кедергілердің санын алдағы уақытта азайтады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта Республика даңғылы №1 жылу магистралі учаскесіндегі жұмыс қызу. Мұнда 2,4 шақырым құбыр жаңартылады. Мердігер – «НұрайСтрой» ЖШС. Бүгінде 1 шақырым құбыр жаңартылды. Мердігер компанияның техникалық директоры Ержан Малдыбаев 400 метр асыра орындап жатқандарын айта кетті.
– Металлургтер қаласындағы Амангелді көшесінде 1 800 метрлік 531 құбырға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 500 метрге жуығы еңсерілді. Бұдан бөлек, жол жиектері абаттандырылады. Тұрба полиуретанды оқшауланған. Поллиэтиленді қабықшасы бар. Бұл құбырдың сапасын айғақтайды. Яғни тот баспауына септігін тигізбек. Алпысыншы жылдардағы жылу құбырлары шойыннан өндірілсе, заманауи құбырлар коррозияға төтеп бере алады. Құбыр бойына тартылған арнайы сымдар автоматты түрде апат болған жерден хабар береді. Жаңа технология жылу сапасын жақсартады, дейді Ержан Малдыбаев.
Құрылысқа қолданылатын материалдардың дені отандық өнім екенін айта кеткен жөн. Құбырлар Астана қаласында өндіріледі. Жаңа технология қашықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Құбыр жарылса, дабыл бірден орталық басқару желісіне түседі. Қай жерде апат орын алғанын орталық құрылғы бірден аңғарады. Мұндай диспетчерлік бөлме әзірге Теміртауда жоқ, жоба-жоспарда бар.
№3 магистраль бойындағы Металлургтер даңғылынан Теміртау көшесіне дейінгі аралықта да жылу желілері тұтастай ауыстырылып жатыр. «Жаңа құбырлар қажетті көлемде жеткізілді. Жұмысты тамыз-қыркүйек айларында мәреге жеткіземіз деген сенім бар. Құбырларға берілетін кепілдік – 20-30 жыл», дейді «Таир» ЖШС мердігер компаниясының ресми өкілі Асылбек Жантұрсынов.
Теміртау қаласының әкімі қаржыландыру мәселесі толықтай шешілгенін айтады. «Біздің білуімізше, жұмыс кезінде кедергілер жоқ. Тек қана мердігерлердің тарапынан белгіленген кестеге сәйкес жұмыстың жүйелі орындалуын күтеміз», дейді шаһар басшысы.
– Тағы бір мән беретін жайт – кей тұрғындар мен қоғам белсенділерінің тарапынан түсетін үй жертөлесіндегі құбыр ескірген деген арыз-шағым. Ол – негізсіз. Жылыту желілерін жаңарту жұмыстары «Amanat» партиясы және қоғамның сенімді өкілдерінің тікелей бақылауында, дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Шаһар басшысы тек құбырларды жөндеумен шектелуге болмайтындығын атап өтті. ҚарГРЭС-1 және ЖЭО-2 жылу көздерін түбегейлі жаңарту қажеттігін алға тартты. Жылу энергиясының көлемі қаланың барлық нысандарын жылыту үшін жеткіліксіз деп танылып отыр. Жалпы тапшылық – 200 Гкал.
– Біз бұл мәселені бірнеше қырынан шешіп жатырмыз. Қазір 2-ЖЭО да жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Жеке сектор мен жекелеген заңды тұлғаларды газдандыру жүріп жатыр. Жылу желілерін ауыстыру бүгінде 30 пайызға дейін жететін жылу шығынын азайтады. Келер жылы ҚарГРЭС-1-ден «Республика – Төлебаев» қиылысына дейінгі жаңа жылу магистралінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, дейді Ораз Қайсаұлы.
Жетінші қазандықтың құрылыс жұмысы қатаң қадағалауда. Қазандықты орнату қазан айында аяқталады. Іске қосуға екі ай уақыт кетеді.
Дегенмен әкім аталған қазандықтың жұмысы кешігіп жатқанын, кедергілердің барын жасырмады. Бұл мәселенің облыстық деңгейде құрылған жұмыс тобының да қатаң бақылауында екенін атап өтті. Не десек те, шаһар басшысына жетінші қазандықтың жұмыс сапасы сын болғалы тұр...
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Қарағанды облысы