Экономика • 18 Шілде, 2023

Бақуатты ғұмыр бағасы

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кезінде дастарқан басында шай ішіп, әңгіме соғып отырғанда еліміздің қазба бай­лығы мол екенін айтып, арабтардай ба­қуатты ғұмыр кешуіміз керек дейтін едік. Сөйтсек, шынында арабтардың дең­гейге жетіп қалғанымызды байқа­мап­пыз. Бұл үшін, әрине, «қара қазан, сары бала­ның қамын жеген» атқарушы билік­ке мың алғыс айтамыз.

Сөзімізге дәлел керек пе? Бар. Жетерлік. Қайбір жылы үлкен ағам қажылыққа барып кел­ген. Айнала теңіз қоршап жатса да, қалың құм­ның ортасында отырған Сауд Арабиясында жанар­майдың құны бір литр судан арзан еке­нін айтқаны бар-тұғын. Кейінірек Біріккен Араб Әмірліктеріне бар­ғанда да осы сөздің куәсі болдық. Расында, Парсы шығанағында құты­дағы литр судың құны бензиннен қымбат екен.

Құдайға шүкір, бұл жағынан арабтармен теңесіп қалдық. Қазір еліміздің дүкендерінде ең арзан судың бір литрі 200 теңгеден жоғары. Біз қайта көтерме базардағы төменгі бағаны айтып отырмыз. Әйтпесе, дүңгіршектерде жарты литр суды сол бағаға аласыз. Халқымыз суды бекерден-бекер «тіршілік нәрі» демеген шығар. Бүкіл өмірдің бастауына айналған ресурс қымбат болуы керек пе? Әлбетте.

Енді, жанармайға оралайық. Тоғызыншы территорияда көктемде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин құны 182-187 теңге аралығында болды. Дизельдің құны 230 теңге шамасында. Қарап отырсақ, біздің елде де бір литр бензиннің құны бір литр судан арзан болып тұр. Ендеше, арабтардан қай жеріміз кем? Арабтар секілді өмір сүріп жатырмыз деген осы емес?  Энергетика министрлігі жанармай бағасы өсетінін мәлімдеген еді. Соған сәйкес, АИ-92 маркалы бензин құны 205 теңгеге дейін көтерілді. Бұл да дұрыс. Ауыз су мен жанармай бағасының теңеспесе, күні ертең арабтар бізге қызыға қарап, бензині судан арзан деп таңдай қағып, қазақтардай өмір сүруіміз керек қой деп шу шығарып жүрмесіне кім кепіл?

Global Product Price деген сайт бар. Әлем­дегі күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасын салыстырып отырады. Соған сүйенсек, еліміздегі азық-түліктің құны Парсы шығанағы елдерімен шамалас екен. Мәселен пастерленген, тетрапакетке құйылған бір литр сүттің құны Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 6,6 дирхам екен. Бұл – 800 теңге шамасында. Тоғызыншы территория да бұдан қалыспайды. Орташа есеппен тетрапакеттегі пастерленген сүттің бағасы шамамен 770 теңгені құрайды. Тағы да арабтардай өмір сүреміз деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар. Тек, бәрін «құртып тұрғаны» жұмсақ қаптамадағы сүт қана. Олардың бағасы орташа есеппен 420 теңгенің ар жақ, бер жағы.

Бұдан бөлек, елімізде ет, жұмыртқа, күріш, макарон, картоп, пияз, сәбіз секілді күнде­лік­ті тұтынатын тауарлардың да бағасы араб елде­рімен шамалас. Мәселен, картоптың құны Дубайдың супермаркеттерінде килосына 250 теңгеден тұр. Пияздың бағасы да осы деңгейде. Қызанақ 470 теңге көлемінде. Ал елімізде дәл қазір картопты базарларда 300 теңгеден сатып жатыр. Пияз да біраз уақыттан бері 300 теңгеден түспей тұр. Қызанақтың бағасы жаз шыққан соң ғана беті бері қарап, 450 теңгеге дейін арзандады. Әйтпесе, қыстың кезінде екі мың теңгеден асып жығылғанын көзіміз көрген. Демек, осындай тауарлардың нарықтағы құнына қарап отырып, қазақтар да арабтар секілді өмір сүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Пәтерді жалға беру жағынан да арабтардан қалыспаймыз. Мәселен, интернеттегі дерек­терге сүйенсек, Меккеде бір бөлмелі баспа­на­ны жалға алу құны 275 доллардан басталады. Яғни шамамен 125 мың теңгенің о жақ, бұ жағы. Тек Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд пен Біріккен Араб Әмірліктерінің бас ша­һарының бірі Дубай секілді қалаларда ғана бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 250-300 мың теңгеге дейін жетеді. Мұны аталған шаһарларға туристердің ағылып келуімен түсіндіруге болады. Әйтпесе, былтыр Ресей мобилизация жариялап, солтүстіктегі көршімізден қаптаған «қашқын» келгенде біздің елде де пәтер ақысы шарықтап кеткені есімізде.

Астанада қазірдің өзінде бір бөлмелі бас­пананы жалға беру құны орташа есеппен 150 мың теңгеге жуықтайды. Иә, жатақхана типтес салынған ғимараттардан 50 мыңға қуықтай бөлмені жалға алуға болады. Бірақ толыққанды пәтерде бір ай тұру үшін кемінде 100 мың теңгені шытырлатып санап беруге тура келеді. 

Жоғарыда келтірген шағын цифрларға қарап-ақ еліміздегі баға Парсы шығанағы ел­де­рінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ еке­нін байқаған шығарсыз. Ендеше, біз араб­­тар секілді өмір сүріп жатырмыз деп айтуға толық құқығымыз бар. Бұдан былай олар­ға қызығуға негіз жоқ. Қазба байлығы мол ел «қой үстіне бозтор­ғай жұмырт­қа­лайтын заманға» жету үшін жалақы мен әлеуметтік көмектің қай мөлшерде болу керегін іштей түсінеді. Сол заманға жету ұзамаса деп тілейді.