Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған полиция капитаны Бауыржан Омаров ішкі істер органдарына осы үшінші топтағы адамдар қатарында келген. Бала күнінен ол тәртіп сақшысы болуды арман қылмаса да, есейе келе бұл салаға өзі секілді жігерлі де талапты, алдына нақты мақсат қоя білетін жігіттердің керектігін сезініп, белді бекем буғанын айтады.
«Ең алғаш студенттік жылдары полиция қызметкері болсам деген ой келген еді. Біріншіден, біздің әулеттен ешқашан полиция қызметкері шықпапты. Нағыз мықтылар мен білектілерге арналған бұл салада әулетімізден де бір адамның болғаны дұрыс деп шештім. Екіншіден, полиция – биліктің өкілі екені рас. Оқалы киім киіп, қоғам тәртібін қадағалап, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу жолында еңбек етуді шындап қаладым», дейді полиция капитаны.
Осы мақсатына жету үшін Бауыржан Омаров оқуды бітірісімен өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл 2006 жыл болатын. Арқаның жігіті киелі Ақтөбе жерінде бір жыл әскери міндетін орындап, 2007 жылы туған жерге орала салысымен полицияға қызметке тұру қамына кірісіп кетеді.
«2008 жылдың басында құжаттарымды жинаған соң, мені ішкі істер органдарындағы алғашқы даярлық мектебіне 3 айлық оқуға жіберді. Оны аяқтағаннан кейін бірден Астана қалалық Ішкі істер департаменті Патрульдік полициясына қызметке алындым», дейді тәртіп сақшысы. Бауыржан Кенжеғалиұлы қызмет атқара жүріп, 2012-2014 жылдары Көкшетау қаласындағы Көкше академиясын заңтанушы мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді. 2015 жылы ішкі істер органдарындағы құрылымдық өзгерістерден кейін Жол және патрульдік полициясы қосылып, Жол-патрульдік полициясы құрылған соң, Бауыржанға «полиция лейтенанты» деген алғашқы офицерлік шен берілді.
Ішкі істер саласына ең алғаш тәй-тәй басқан сол уақыттардан бері де 15 жыл зулап өте шығыпты. Бұл күнде Астана қаласының ПД Патрульдік полиция полкінің қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Омаров оңы мен солын таныған, қызметінің қыр-сырын меңгерген, ішкі істер саласының ұңғыл-шұңғылын жетік білетін тәжірибелі маманға айналған. Уақытпен санаспай, күндіз де, түнде де қызмет орнынан табылып, талай құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алып, күресіп жүрген полиция қызметкері үшін бұл аз уақыт емес, әрине.
Талай жыл тәжірибе жинақтаған Бауыржаннан «Қазіргі күні өз қызметің саған несімен ұнайды?» деп сұрадық. «Полиция қызметкері болу – тек погон тағып жүру емес. Сен әрдайым, әр минутта айналаңның бәріне жіті қарап, заң аясынан шыққан кез келген әрекетті қалт жібермей бақылауда ұстауың қажет. Құқыққа қайшы әрекет істеген бұзақымен немесе қылмыскермен бетпе-бет келгенде шешім қабылдау үшін тәртіп сақшысы физикалық тұрғыда қуатты, шыныққан болуы шарт. Сол себепті біз аптасына үш мәрте жаттығу залынан табыламыз. Маған ұнайтыны да осы. Біз әрдайым спортпен шұғылданамыз. Күш-қуатымыздың жеткілікті болуын қадағалаймыз. Спорттың арқасында үнемі өзімізді жеңіл әрі сергек сезінеміз. Мұның полиция қызметкеріне, тіпті кез келген адамға пайдасы мол», деп жауап берді.
Иә, расымен де, полицияда қызмет ету бір жағынан абыройлы міндет болса, екінші жағынан, қауіпті жұмыс екені мәлім жайт. «Күн сайын қызметте жүргенде бізге әртүрлі шақырту түседі, дейді полиция капитаны. – Әсіресе, отбасылық жанжалдарға жиі барамыз. Өкінішке қарай, отбасында күйеуі мен әйелі түсінісе алмай, жанжал туындап, полиция шақырып жататындар аз емес. Ұрлық-қарлық, төбелес секілді құқық бұзушылық оқиғалары өз алдына бір төбе. Отбасылық жанжалдарда екі жақты татуластырып, сабырға шақырып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Біздің татуластыру шараларымыздан кейін отбасындағы ұрыс-керіс басылып, өзара табысып, артынан хабарласып алғыстарын айтып жататындар аз емес.
Осы ұзақ жылғы қызметтен менің ойға түйгенім: полиция қызметкері ең бірінші психолог болуы керек екен. Өйткені әртүрлі шақыртуға барғанда ол жердегі адамды бір көргеннен-ақ оның пиғылын «танып-біліп», сәйкесінше өзіңнің қалай әрекет жасайтыныңды тез арада жоспарлап үлгеруің керек. Жағдайдың қалай шешімін табуы сенің жедел шығарған шешіміңе тікелей байланысты».
Біз Бауыржан Омаровпен сұхбаттасу барысында жалғыз өзі қылмыскерді ізін суытпай ұстап, жәбірленушіге жәрдемдескенін білдік. Бұл осыдан 4-5 жыл бұрын орын алған оқиға. Түнгі сағат 00:00 шамасында Астананың орталық саябағында қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына Жедел бақылау орталығынан «Думан» ойын-сауық кешені маңында белгісіз бір жігіт телефонмен сөйлесіп тұрған қыздың сөмкесін жұлып алып, Тұран көшесіне қарай қашты» деген жедел бағдарлау келеді. «Сыртқы белгілері: ұзын бойлы, жіңішке келген, қара күртеше мен сұр трико киген деген мәлімет берілді. Мен орталық саябақта жүріп ағаштардың арасынан түр-түсі сол ұрыға келетін бір адамды көріп қалдым. Оған артқы жағынан таяп келгенде ұрының тура өзі екендігіне ешқандай күмәнім қалмады. Қашып кетпеуі үшін алдымен одан сіріңке сұрадым. Ол қалтасына қолын салып, сіріңке ала бергенде тап беріп, тырп еткізбей ұстай алдым», дейді Б.Омаров.
Алғашында жігіт өзінің бұл қылмысқа қатысы жоқтығын айтып азар да безер болады. Алайда Бауыржан радиобайланыс арқылы жәбірленушіні сол жерге алдырып, ол ұрыны жазбай танығаннан кейін қара күртешелі жігіт өзінің заңға қайшы ісін мойындайды. Дереу жеткен рота басшылары, жедел тергеу тобы қызметкерлері жігіттің сөмкені лақтырып кеттім деген жеріне барады. Сол орынды жарты сағаттай тінткілеп, кейін кинолог иттердің көмегімен сөмке табылып, иесіне қайтарылады.
Міне, бұл – тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінде кездесіп жататын қатардағы оқиғалардың бірі. Дегенмен қылмыскерді жалаң қолмен ұстаудың өзі кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені рас. Ол бұзақының қолында пышақ секілді суық қаруы да болуы мүмкін. Сені өлтірмесе де, жарақаттап кетуі ғажап емес. Бірақ адамдардың қауіпсіздігін ойлаған полиция қызметкерлері ең алдымен өз өмірін емес, өзгенің тыныштығын бірінші орынға қоятыны белгілі жайт. Сол табандылығымен де олар әрдайым құрметке лайық.