Отыз жылға жетеқабыл уақыт бұрын Әулиеатада құрылған «Айша бибі» би ансамблі уақытында жергілікті биліктің қолдауымен Франция, Германия, Израиль, Түркия елдеріне гастрольдік сапармен ат басын бұрды. Кәрі құрлық елдеріне «Айша бибі» жәй барған жоқ, қазақтың қанына сіңген ұлттық билерін еуропалық өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.
«Айша бибі» туралы сөз қозғалса, белгілі балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Байдәулет Сазабеков туралы айтпау әсте мүмкін емес. Көне шаһарда жаңа идеяның жетегіне ерген Байдәулет тоқсаныншы жылдардың бел ортасында би үйірмесін ашты. Кейіннен, нақтырақ айтар болсақ 1997 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «Айша бибі» би ансамблі құрылды. Қазақтың ұлттық биін шет мемлекеттерге таныту мақсатында құрылған ансамблдің жетекшісі қызметіне Байдәулет Сазабеков тағайындалды.
Ұлттық би өнерінің тынысын ашу, танымалдылығын арттыру мақсатында құрылған жас ансамбль аз жылдың ішінде қазақ би өнерін Еуропаның бірнеше мемлекеттеріне танытты. Шетелдік майталман мамандар тарапынан қазақстандық өнер ұжымының еңбегі жоғары бағаланды. Алайда жетекші болмаса, жетістіктің жолы жабылады екен. 2005 жылы Байдәулет Сазабеков елордағы шақырту алып, қызмет бабымен ауысуына байланысты би ансамблін өзімен бірге алып кеттті. Осылайша жамбылдықтардың мақтанышына айналған би ұжымы Әулиеатада уақытша жабылды.
Иә, «Айша бибі» би ансамблі түбегейлі жабылған жоқ. Уақытша ғана жұмысын тоқтатты. Олай деп кесіп айтуымыздың себебі де жоқ емес. Өйткені ансамбль атауы филармония штатына бекітіліп қойған. Бір сөзбен айтқанда өнер ұжымын кез келген уақытта қайта ашуға мүмкіндік мол. Басқаның иемденіп кетуге құқы жоқ.
Өнер ұжымы уақытша жабылғаннан кейін «Айша бибіні» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі ретінде қайта құру мәселесі жергілікті өнер жанашырлары тарапынан жиі көтерілетін. Ақыры бұл мәселе де оңынан шешілді.
Осыдан 4-5 жыл бұрын жергілікті билік «Айша Бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблін қайта жасақтау мәселесіне мықтап кірісті. Нәтижесінде, тиісті кастингтер ұйымдастырылып, 2019 жылдың 11 ақпанында аталған би ансамблі Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында жаңа құраммен 5 штаттық негізде қайта ашылды. Қоюшы балетмейстері – Айжан Қонарбаева.
«Өнер ұжымының қайта жасақталуына Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның директоры Сейітқасым Түктібаев зор еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Би ансамблінің репертуарының негізін қазақтың бренд билері құрайтынын айтпай кетуге болмас.
«Алтынай», «Тарту», «Шашу», «Қаражорға» «Қамажай», «Аққу» секілді би қойылымдары қазақтың бүкіл болмысын, би өнеріндегі талғамын шетелдіктерге танытып жүр. Жалпы, негізін Байдәулет Сазабеков ағамыз қалаған би ансамблінің қол жеткізген табысы жетіп артылады. Шетелдік өнерсүйер қауым талай рет өнеріне тәнті болған ұжымның алар асуы әлі алда екені даусыз», дейді К. Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров.