«Жұмыс істеуге рұқсат алты айға ғана беріледі. Мен Англияға көктемде келгенмін. Бастапқыда қара суық еді. Қазір ауа райы әлдеқайда жақсы. Біз жұмыс беруші ұсынған көлікпен алқапқа жетеміз. Газдың ақысын жауып, көлік жүргізетін жігітке қосымша ақы төлейді. Алғашында далада қырыққабат пен брокколиді қолыммен теретінмін. Кейін қызметім жоғарылап, қазір трактор жүргізіп жүрмін», дейді Ильдар Ягяев.
Оның айтуынша, елден жырақ, отбасынан алыс жүріп тапқан табысы да аз емес.
«Жаз маусымы жұмыстың қызып тұрған шағы. Айына 2000 фунт стерлинг шығады, бұл шамамен миллион теңгеден асады. Оған менің сақтандыруым мен салықтарым кіреді. Яғни қызметкерлердің ай сайынғы жалпы табысының 20% көлемінде салық төлеуге кетеді. Ал өмір сүруге маған аптасына 60 фунт жеткілікті. Теңіз жағасындағы төрт қабатты үйде басқа да жұмысшылармен бірге тұрамыз. Ақшаның көп бөлігін отбасыма жіберемін. Мені үйде ата-анам, әйелім, балаларым күтіп отыр. Қазақстанда мұндай ақшаны әрең табатын едім. Ол үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, күніне 2-3 сағат ұйықтауға тура келеді», дейді ол.
Ильдар Ягяев Гиннес рекордтар кітабына екі мәрте енген, стритлифтинг пен стритворкауттан әлем чемпионатының жеті дүркін жүлдегері. Оның айтуынша, Ақтауда спортты дамытуға деген талпынысы нәтижесіз болыпты.
«Туымызды желбіретіп, қаншама ауқымды жарыстардан жүлделі оралдым, тіпті әуежайдан ешкім қарсы алмады. «AktauOpenFest» – Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба. Бұл фестивальде көше спортына көп көңіл бөлінді: баскетбол, стритлифтинг және стритворкаут. Бірақ кейбір түсініксіз жағдайларға байланысты фестивальді өткізу тоқтатылды. Өңірде көше спортына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтінін тізбектеп, облыс басшылығының назарын аудару мақсатында парақшамда пост жариялағанмын. Салдарынан маған бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетті. Түсінбеушіліктер болды», дейді Ильдар Ягяев.