Жеті нотаның құдіретіне табынбау мүмкін емес. Нота атауларының интерпретациясындағы сұрапыл күштің киесіне бас иесіз: Do – Dominus – Құдай; Re – rerum – Материя; Mi – miraculum – Таңғажайып; Fa – familias рlanetarium – Күн системасы; Sol – solis – Күн; La – lactea via – Құс жолы; Si – siderae – Аспан. Қарап отырсаңыз, бүкіл әлемді тербетіп тұрған жеті нота Жаратқан мен жаратылыстың барлық элементтеріне негізделген. Музыка Құдайдың ұлы жаратылысымен егіздің сыңарындай екеніне осыдан кейін күмән келтіру мүмкін бе?
Қазақтың маңдайына біткен толағай талант Төлеген Мұхамеджанов туралы мақаланы жазуға отырғанда бәрінен бұрын осы ой келді. Айтары жоқ, композитор туралы жазу қиынның қиыны. Олай дейтінім, домбыраның қос ішегіндей органикалық байланыстағы дәл осы музыка мен жаратылысты жеріне жеткізіп жазудан абырой табу оңай емес. Ал камералық музыканың табиғатын терең меңгерген қазақ композиторы туралы жазу одан да қиын. Неге? Негесі сол, сиқырлы саздың сырын сарқып ішкен сұңғыланың тұла бойы тұнған талантын әңгімеге арқау ету екі есе жауапкершілікті талап етеді. Туған халқының төл өнерінің (күй) тамырынан ажырамай, әлемдік өркениетке (классикалық музыка) батыл ұмтылған композитор қазақтың тарихында саусақпен санарлық. Төлегеннің творчествосында анық байқалатын сол синтезді ашып көрсету оңайға соқпасын ішім сезеді. Бірақ оның камералық музыкасының полифониялық болмысы мен ұлттық нақышқа толы қатпарларының жұмбағын қопаруға сан салалы туындылары бәрібір жетелеп тұрады. Ол кесек композитор ретінде ең алдымен осынысымен құнды.
Төлегеннің шоқтығы биік шығармаларын сөз еткенде ауызға ілкі сәтте ілігетін «Балалық шақ» туындысы композитордың құлағына Құдай құйып кеткен құдіретті композиция екеніне ешкімнің дауы бола қоймас. Періште жүрегінің ырғағындай әуезді әуен салған беттен елітіп әкетеді. Оның алғашқы аккордтарынан-ақ дарбазасы айқара ашылған жұмақтың төріне озғандай күйге бөленіп сала бересің. Әй, бір сосын... ақ шағала көңілмен қалықтай жөнелесің. Дыбыстан өрілген өрнек әлеміне еніп кеткеніңді де қапысыз сезінесің. Айналаңдағы жүрегіңді жаралайтын жамандық атаулыдан ада болып, жаның .... билей жөнеледі. Жүрек қылын шерте білген шымыр шығарма тұла бойыңа тазалық пен ақықтықты әп-сәтте үйіп-төгіп тастайды. Артта қалған балалық шағың құлағыңда жаңғырып тұрады. Ертегідей ұйыта жөнелетін ғажап мелодия уақытты кері айналдырып, сені балалықтың базарына құйындай ала жүгіргенде жүрегің көмейіңнен шығып кетердей шаттық пен бақытқа бөленіп, арың мен жаныңды жаңа ғана жауған жаңбыр суы тазартып кеткендей күй кешетінің тағы бар.
Балалық шағың бақытты болды ма, бақытсыз болды ма, ол енді басқа әңгіме, бірақ сол періште уақыт адам өміріндегі ең таза, ең ақық кезең болатыны бейкүнә өмір сүргеніңде жатқанын түсінесің. Иә, таза сезім барда ғана алаңсыз өмір сүретінің рас-ау. Естен тандыратын әуенге елтіп отырып енесіне еркелеген қозының күйін кешесің. Періште кезіңде өзіңді қоршаған жандардың жамандыққа жолықтырмайтыны – жазылмаған заң. Жүректің қасиетті қағидасы. Ал ең таза болатыны – сен сол ортада адам болып қалыптасқандығыңда. Демі бір төбеден соғып тұрған ғажап әуенді тыңдап отырып сол бір тəтті ортаға тағы да топ ете қалуың – бақыттың ең кесек фрагменті.
Рахатқа бөленудің де көз жасы болатынын осы әуенді тыңдағанда білесің. Тіпті мелодияға аккомпанемент құру барысында да Төлеген адамды мезі етіп жіберетін монотондыққа жол бермейтініне таңғаласың. Мұндай қасиет композиторлық кілт кестесінің көсегесін көгерту жолында ізденуден бір жалықпайтын нәзік жүректі жанға ғана бітеді. Мұны қазіргі заманғы классика деп аталып жүрген Поль де Сенневильдің «Love match» композициясымен қатар қоюға болатын «Балалық шақ» пьесасының ішкі үндестігі мен сыртқы энергетикасынан анық аңғаруға болады.
Талас жоқ, «Балалық шақ» – періште әуен. Құдіретті композиция жұмыр жерді құшағыңа қондыратыны да – тылсым құбылыс. Жүрегіңнің түкпіріне дейін дір еткізетін әсем әуенді әр жасушаңа дейін сезініп жатасың. Сүйіспеншілік пен мейірімділіктің, махаббат пен шабыттың бастау бұлағындай бұл әуенді өмірдің гимніндей қабылдайтының да сондықтан болса керек. Шынында да, мұндай күрделі туындыны жазуға композитор болу аздық етеді, оған қоса математик және физик болуың да шарт. Математика, жаратылыс және музыка үшеуін басқа сыймайтын деңгейге дейін көтеру тек Құдайға қалтқысыз сенген және оны шексіз сүйген адамның ғана қолынан келер-ау. «Балалық шақ» композициясының авторына да осы анықтаманы ұялмай тели кеткің келеді. Шын мәнінде, бөлек туынды.
Кез келген өнер адамының асыл арманы болады. Ол – қайталанбас шығарманы дүниеге әкелу. Төлеген – сол арманына жеткен дарын иесі. Өмірде абсолютті ештеңе жоқ. Бәрі салыстырмалы түрде. Бақыт деген категория да солай. Шексіз бақыт деген де болмайды. Бірақ... сол қол жетпейтін абсолютті бақытты сезінетін жұлдызды сәт болатынына бәс тіге аламын. Дау жоқ, Төлеген – шығармашылық өмірінде сол ұмытылмас сәтті басынан өткерген туындыгер. Осыдан асқан тағдырдың сыйы бола ма? Әй, қайдам! Мәңгілік миниатюрасындай көрінетін сол ғажап сәтті көшелі композитор да ешнәрсеге айырбастай қоймас!
Мен маэстромен ешқашан сырласып көрген емеспін. Десе де, сырттай қарағанның өзінде Төлеген маған өмірді терең түсінген адамдай көрінеді. Дәл осы қасиетін туындыларынан байқадым. Қалай? Кез келген шығармасынан автордың ешқайда асықпайтыны аңғарылады. Өмірдің әр сәтінен ләззат алуды әдетке айналдырған. Басқаларды да соған үйретеді. Композицияларынан өмірдегі үлкен үйлесімділікті жазбай танисың. Бір сәт ғаламат гармонияның құшағында тербетілгеніңнен ләззат аласың. Оның бекзат дүниелерін тыңдап отырып әлемде әлі күнге дейін соғыс өрті ауық-ауық тұтанып тұрғанына қайран қаласың. Тіршіліктің әрбір сәті енді ешқашан қайталанбайтынын осы әуен есіңе салып тұрған жоқ па?! Оның ләззатына шомылып отырып, жалпы ұлы өнердің соғыс атаулыны тоқтата алмай келе жатқанына қынжылмасқа амалың қалмайды. Өмірдің өзі де осы әуен сияқты қамшының сабындай қысқа екенін түсінгісі келмейтін саясаткерлерге мұндайда қылыш алып жүгіргің кеп тұрады. Бірақ әзірге ұлы өнердің де дәрмені жетпей жатқан нәрсе сенің қолыңнан келмейтінін біліп, іркіліп қаласың. Ғажап композициядағы жаңбырдың сыбдыр үнін естігенде ойлайсың: «Әлемдегі соғыс пен қырғын атаулыны осы аспан суы жуып-шайып кетсе екен!». Өзінің пайда болғанынан бастап дамудың даңғыл жолымен жүріп келе жатқан адамзат баласының түбі бір өнерге бағынатын парасатты сәті туатынына күмәнданбаған күйі ұйып отыра бергің келеді. Өйткені өнердің бәрібір түпкілікті және толық жеңіске жететініне риясыз сенгің келеді. Осындай миссияның жолында жүрген Төлегеннің әр ісіне береке бергей деп тілейсің.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласының құрметті азаматы, Бүкіләлемдік өнер мен ғылым академиясының мүшесі, Халықаралық «Жыл адамы – 2012» сыйлығының лауреаты, профессор Төлеген Мұхамеджанов қазақ тыңдаушысына лирикалық әндерімен, аспаптық шығармаларымен және фильмдерге арналған саундтректерімен кеңінен танымал. Оның академиялық жанрдағы шығармалары, вокалдық және фортепианолық циклдері, триолары, квартеттері авангардтық және ұлттық нақыштағы стиль мен авторлық қолжазбасының өзіндік спецификасымен һәм алабөтен музыкалық тілімен ерекшеленеді.
Лирикалық миниатюралары да – шабытты шақтың жемісі. Оларды тыңдай отырып, өмірдің қол жетпес сәттерін көріп, көңіл күй мен әсердің таусылмайтын тізбегін көз алдыңа келтіресің. Ол фортепианолық пьесалар циклін «Өткінші» деп атауы кездейсоқ емес. Автор шығарманың басты мотиві ретінде қарабайыр тіршілік көрінісін алғанымен, шығармадан тұңғиық ойдың көркем келбетіне көмілгің келіп тұрады. Ол ұлттық нақыштың контексін өзіндік ерекшеліктерімен үйлестіре білгені де тыңдаушының эстетикалық талғамын жоғарылата түсері сөзсіз. Этнографиялық мазмұн мен бай дәстүрге ие көркем дүние классикалық канонға бағынбай жазылуымен де, табиғаттың қас-қағым сәтін музыка тілінде ғажап сөйлете білгенімен де жоғары бағаланса керек.
Бұл циклде композитордың аналитикалық қарымы айқын көрінеді, әуен сұлулығы бұл шығармаларда талғампаз көпдауыстық текстурамен, тың гармоникалық бояулармен, ырғақты өрнекпен көмкеріліп жатыр. Төлеген Мұхамеджановтың фортепианолық шығармаларын белгілі пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір Тебенихин орындайды. Дәл осы жерде Төлегеннің Әмір Тебенихинмен тамаша тандемін айтпай кетуге болмайды. Автор өзінің әр шығармасымен орындаушыға біршама еркіндік сыйлайды. Бірақ сонымен бірге туындының стилистикасы мен түстік құрылымын бұзуға жол бермейтіні де – композитордың ғажап фишкасы. Виртуоз орындаушы Әмір Қазақстан азаматы болғанымен, Еуропада тұрады. Ол кәрі құрылықта классикалық музыканың маржандарымен бірге Төлегеннің де камералық музыкасын насихаттап жүргеніне тәнті боласыз. Соның арқасында Төлеген Еуропа төрінде де танымал екеніне шүбә келтіре алмайсыз.
Композитордың барлық шығармасы сегіз CD және екі DVD жинағын құрайды. Солардың ішіндегі сүбелі болып саналатын «Қаһар» альбомында «Махамбет» симфо-поэмасы мен «Шабуыл» музыкалық картинасы жинақталған. «Сағымдар» дискісінде камералық аспаптық музыкасы бар. Аталған альбомдағы «Қаһар» фортепианолық циклі – ерекше туынды. Бұл бағдарламалық шығарма қазақтың қаһармандық эпосы әсерімен жазылған. Ол – адамның арманымен және эмоциясымен қатар қабаттасқан нәзік те тылсым талғамнан туған терең музыка. Мұнда шығармашылық тәжірибе, өзіндік стиль, композиторлық тіл, қазіргі музыканың мәнерлі ізденісі молынан көрініс табады. Өнер туындысының біздің санамызда мәңгі сақталып қалатыны да, соншалықты өнер рахатына бөленетініміз де – композитордың ішкі нәзік импульсінің әсері. Сол импульсті тыңдаушысына да сездіре алған композитордың бұл туындысы кім-кімді де таңғажайып әлемнің тұңғиығына жетелей кететіні – тағы бір тамаша қыры. Тылсым табиғаттың көзге көрінбейтін жұмбағы мен адамның көңіл күйінің сан батпан қатпарларына терең үңілетін және оны өзіне бағындыра білетін композитор ғана натура қозғалысын сезімге ұштастыра біледі. Автор қиялының көркемдік мүмкіндігі мен орындаушылық жоғары деңгейі музыка өнеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің салмағына осылайша ғана әділ таразы бола алады. Дәл осы ерекшелікті сезіну – композитордың үлкен ізденісі мен ұшқыр қиялының жемісі. Бұл тұрғыдан алғанда өзгеше стилімен, айрықша тосын ойлай білетіндігімен, жаңаша түйсіну сезімталдығымен дараланатын сақа сазгердің аталған туындысы сезім мен ойға құрылған шығармашылық әлемінің бір үлгісіндей көрінеді.
Төлеген өзінің алғашқы фортепиано триосын П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасында авангардтық музыкаға әуестеніп жүрген кезінде жазған. Қазақстандық автордың мәскеулік музыканттар орындаған осы шығармасы сол кездің өзінде жоғары бағасын алды. Биыл, қырық жылдан кейін композитор трионың жаңа версиясын жасады. Бұл – композитордың жарқын талантының айқын дәлелі. Осы үш бөлімнен тұратын фортепианолық трионың жаңа шығарылымының премьерасын Мемлекеттік «Forte Trio» триосының (Мақсат Жүсіпов – скрипка, Мұрат Нарбеков – виоленчель, Тимур Орманшиев – фортепиано) орындауында керемет қабылдайсыз.
Шағын мақалада кейіпкерімнің барлық шығармасына тоқталып өту мүмкін емес. Бірақ айтпай кетуге болмайтын бір туынды бар. Ол – Ғазиза Ахметқызы Жұбанованы еске алуға арналған үш бөлімнен тұратын №1 ішекті аспаптар квартеті. Таңқаларлығы сол, Төлеген музыка әлеміне кәсіби түрде өте кеш келді. 25 жасында барып Алматы консерваториясының дайындық курсына түскен ол, тіпті пианинода ойнауды білмейтін. Дей тұра, еңбекқорлығы мен үлкен өнерге деген ұлы махаббаты 5-6 жасынан бастап музыкамен айналысқандарды қуып жетуге көмектесті. Оның үстіне сүйікті ұстазы Ғазиза Ахметқызының шәкірт бойындағы талантты ұштай түскенін де айту – парыз. Рухани анасымен өткізген әрбір сәтті қашанда қимастықпен еске алатын Төлегеннің аталған шығармасы – ұлы ұстазына қойған ерен ескерткіші. Аталған шығармада композитор ұстазының ішкі қобалжуы мен толғанысын, қуанышы мен шаттығын көрсетудің спецификалық жолын таба білген. Композицияның нәзік иірімдерін ерекше ұлттық колорит призмасы арқылы шығаруының өзі – тосын да сәтті шешім. Бұл келісті квартет композитордың лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туғаны оның өн бойынан көрініп тұрады. Аталған туындының өзіне тән даралығы шәкірттік көңіл күйдің әсем көріністері өзіндік шеберлікпен үйлескенінде жатыр.
Композитордың «Жан серпілісі» альбомына енген баритон Шахимардан Әбілов пен сопрано Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы Абай мен Ли Бо өлеңдеріне жазылған вокалдық циклдер туралы да тоқтала кеткеніміз жөн. Абайға жүгінбейтін жан бар ма? Төлегеннің Абайды айналып кетпегені де – заңдылық. Ал композитордың VIII ғасырдағы қытай ақыны Ли Боның өлеңдері бойынша шығарма жазуына орыс ақыны, аудармашы, төл тәлімгері Эдуард Балашов шабыттандырған. Вокалдық циклді Төлеген Мұхамеджанов Мәскеудің жанындағы кеңестік мәдениеттің көптеген көрнекті өкілдері жұмыс істеп, дем алатын атақты Иванов композиторлар үйінде дүниеге әкелген. Одақтық музыка корифейлерінің батасын алған оның бұл жұмысын Мәскеу мен Таллинде Минск камералық оркестрінің сүйемелдеуімен сопрано солисі алғаш рет орындады. Жан Луна деген лақап атпен алты поэзия жинағын шығарып үлгерген Төлеген – өнердің қос қанатына қатар қонған қайраткер тұлға. Ли Бо поэзиясының да табиғатын терең сезінген ол бұл вокалды циклінде әдеттен тыс гармоникалық дыбыстарды қамти отырып, өткір ырғақтарға да еркін бойлайды. Вокалды топтама парасатты поэзияның әсемдігі мен философиялық тереңдігін кеңінен аша алғанымен алға озып тұр.
Композитордың «Махаббат әуендері» циклі – қазақтың ән өнеріне олжа салған шығармалар жиынтығы. Мұндағы Досхан Жолжақсынов, Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, «Тарлан» тобы және басқа да эстрада жұлдыздарының орындауындағы танымал әндер тамсандырмай қоймайды. Ал «Love Through Life» альбомында Ресей, Болгария, Филиппин, Мальта, Латвия, Индонезия өнерпаздарының орындауындағы әндер жинақталған. Төлегеннің әндерін халық жақсы білетіндіктен, оның бәріне талдау жасап жатқанды артық көріп отырмын. Десек те «Құс жолы» әніне тоқталмай кете алмаймын. Өйткені ол қазақ ән өнеріндегі ең озық шығарма деп ұялмай айтар едім. Мөлдіреген мәтін қандай, мән қандай? Әуелеген әуен қандай, ән қандай? Күрмеуі қиын күрделі шығарманы қиналмай шырқаған әнші қандай? Күміс көмейден толассыз құйылған дауыс қандай? Шығыстың үш жұлдызының таланты тоғысқан туынды сырын осы күнге дейін ашып берген адам бар ма? Жоқ. Біздің білетініміз, дәл осы әнде қазақтың ән құдіретіне байланған даладай дарыны жатыр. Дәл осы әнде қазақтың сөз құдіретіне байланған шексіз әлемі жатыр. Дәл осы әнде қазақтың дауыс құдіретіне байланған асқақ арманы жатыр.
Әнді тыңдап отырып философиялық ойларға беріліп кеткеніңді де байқамайсыз: «Шынында да, шексіздіктен қарағанда ғана жердің тарыдай таңба екенін түсінесің. Құс жолымен салыстырғанда. Бәріміз де пендеміз. Бәріміз де ерте ме, кеш пе, Құс жолына түсіп алып, Шексіздікке аттанамыз. Алайда Шексіздікке барып жоғалып кеткенге дейін… Жалған өміріміздің талқаны таусылғанға дейін… онсыз да тар территорияда тарылмай күн кешкенге не жетсін!». Ақын Ұлықбек Есдәулет, композитор Төлеген Мұхамеджанов және әнші Роза Рымбаеваның үштік одағынан туған шығарма осындай шексіз философияға барып тірелетіні де – өнердің адамзат алдындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп шарқ ұратынының тамаша мысалы.
Жеті нота. Оларды интеграцияға бағыттамаса, дұрыс дүние шықпайтыны тағы шындық. Алайда жеті нотаға жан бітіріп, оны экспресивті динамикаға түсіретін сегізінші нота бар. Ол – жүрек. Құдайды да, адамды да шексіз сүйетін композитор жүрегі. Жеті нота мен сол нәзік те нариман жүрек бір мезгілде соққанда ғана құдіретті музыка туады. Жеті нота базис, жүрек қондырғы болғанда ғана құдіретті әуен дүниеге келеді. Айтайық-ау, осы үйлесімді унисон – өнердің нағыз қайнар көзі.
Арқаланып кеткенде құдіреттене түсетін Төлегеннің фортепианода отырған кезін көрдіңіз бе? Дүниедегі сұлу көріністің бірі осы екенін мойындамасқа лажың қалмайды. Оның адами келбеті, табиғи жаратылысы, өмірдегі шынайы болмысы дәл осы фортепианода отырғанында жарқырай көрінеді. Дегдар даналық. Дүлей динамика. Шалқар шабыт. Сарқырама сезім. Композицияның соңғы аккордтары көз алдыңа керемет суретті алып келеді: маэстроның шыңырауда тұрып лақтырған сиқырлы таяғы ақша бұлтқа магниттей қадалған ілкі сәтте ол көкке қарай зымырап барады. Осы бақытты сәт шексіздіктің символындай көрінетіні даусыз. Музыка мэтрінің шабыт құсы адаспай аспандаған сәтінде сен де өзіңді бақыт құшағында сезінетінің – еркіңнен тыс дүние. Айтары жоқ, адамға шаттық сыйлайтын композитор тағдыры – бақытты тағдыр.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ