Жануарлар • 19 Шілде, 2023

Барыстың қайта оралуы

420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2015 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданында барыстың қақпанға түсіп қалғаны туралы суретімен расталған ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Бұл мәлімет қоғам арасында ұзақ талқыланды әрі үлкен қызығушылық туғызды. Себебі сол кезде жануардың бұл түрі Қазақстанның фаунасында бұрын-соңды кездеспеген және бұл аумақтарда мекендегені туралы ақпарат болмаған. Бұл ретте ғылыми әдебиеттен белгілі, көршілес Түрікменстан аумағында азиялық барыстың шамамен 100-ден астамы өмір сүретіні айтылады.

Барыстың қайта оралуы

2018 жылдың қыркүйек айын­­­да елімізде алғаш рет Үстірт мем­ле­кеттік табиғи қорығының қыз­мет­керлері фототұзақтың көме­гімен жас еркек азиялық барыстың суретімен бөліскен еді. Сол кезде бұл нағыз зооло­гия­лық жаңалық болатын. Ақпа­рат­тық науқан жүргізу бары­сын­да және балалар арасында шығармашылық сурет байқауын өткізу кезінде барысқа Тау Шері деген есім берілген. Осылайша, екі жылға жуық Тау Шері барысы қорық аумағында бір­неше рет фототұзаққа тү­сіп қалып жүре­тін. Алайда жаз мез­гі­лінде көзден таса болып, мүлде көрінбей кеткен еді. Мамандар жабайы жануардың қорық аума­ғынан шығып кету себебі өзінің ортасын іздеп кеткен болуы керек деп болжам жасады.

Маңғыстау облысы бойын­ша­ табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының хабарла­уын­ша, жануар­лар әлемін қор­ғау­шы мамандар барыстың Маң­ғыс­тау жерін мекендеуі туралы биологиялық негіздеме жасақтап, аталған азиялық барысты еліміздің Қызыл кітабына енгізу бойынша жұмыстанды. Нәтижесінде, осы мәселе негізге алынып 2021 жылы Үкімет тарапынан тиісті шешім қабылданды. Сондай-ақ елімізде барыс популяциясын сақтап қалу жөніндегі арнайы іс-жоспар жасақталды. Бірінші басымдықтардың қата­рында барыстың және оның негізгі қоректенетін объек­ті­ле­ріне (Үстірт тау қойы мен қара­құйрық) мониторинг жүр­гі­зу, жануарлардың негізгі мекен­дей­тін ортасында ерекше қор­ғала­тын табиғи аумақтар желі­сін ке­ңейту, ықтимал қақты­ғыс­тар­­дың алдын алу мақсатында жер­­гілікті тұрғындар арасында түсін­­діру жұмыстарын жүргізу, адам­­дар мен жабайы жануар ара­сын­дағы болуы мүмкін қақ­ты­ғыс жағдайларды болдырмау­, сон­дай-ақ браконьерлікпен кү­рес,­ соның ішінде үлкен тұзақ­тар­­ды қолдануға жол бермеу бол­­ды.

2021 жылы Маңғыстау облы­­сының Бейнеу ауданында­ жер­гі­лікті тұрғындар өлі барыс­ты тауып алғаны туралы тиісті табиғат қорғау меке­­ме­леріне хабарлаған еді. Өлген жануардың суреттеріне жан-жақты талдау жүргізген мамандар, өкінішке қарай, қорық аумағынан шығып кеткен Тау Шері екенін растады. Сарапшылар жануардың нақты неден өлгені туралы негізгі себебін таба алмады. Алайда бұл жағдайда барыс өлерінің алдында браконьерлер тарапынан жараланған болуы мүмкін деген болжам айтылды. Тау Шерінің денесін тауып, анықталуына «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік қауымдастығының биолог сарапшылары Нұрлыхан Исмаилов пен Айбат Мұзбай зор үлес қосқанын атап өту керек.

Тау Шерінің тағдырына алаңдаған табиғат жанашыр­ла­рының көңіл күйін түсір­ген бұл қайғылы оқиғадан кейін еліміздегі барыстың мекендеу тарихы осымен бітті немесе бұл бұдан былай қай­та­­лануы екіталай деген ақпа­рат­­ айтыл­ды. Алайда 2022 жыл­­­­дың ақпан айында Үстірт қоры­ғы­­нан жағым­ды жаңалық келді: ерек­ше­ қорғалатын табиғи аумақ­та­ қойылған фототұзақтың бірін­де­ жаңа барыстың арқасы мен құй­рық­ бөлігінің фрагменті объек­тив­­ке түсіп қалған бұл бейне­кадр­ды басқа жануармен шатас­тыру мүмкін емес болатын.

Ал 2022 жылдың жазында және 2023 жылдың сәуірінде «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі­нің қызметкерлері барыс­тың Маңғыстау жерінде кез­дескені туралы расталған мәлі­ме­тпен бөлісті. Осылайша, барыс­тың Маңғыстау облысына­ қайта оралғаны белгілі болды. Бұл сирек кездесетін ерекше жануардың жүріс-тұрысын тиімді бақылау және қорғау үшін әртүрлі табиғат қорғау ұйымдарының бірігуі маңызды. 2023 жылдың мамыр айында елімізде ірі мысықтарды зерттеу және қорғау бойынша халық­аралық трансшекаралық жоба іске қосылды. Жобаның еліміздегі негізгі орындау­шы­сы – «Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы» қоғамдық қоры. Жобаны іске асыру аясында қазірдің өзінде жаңадан бірнеше фототұзақ сатып алынды, олардан алынған мәліметтермен Үстірт қорығы, «Қызылсай» өңір­лік табиғи паркі, Кендірлі-Қая­сан қорық аймағы және аймақ­тық аумақтық инспекция қыз­меткерлері өзара ақпарат алмасып отырады. Бұл өз кезегінде барысты мониторинг жасап отыруға, мұндай сирек кездесетін жануарларды қорғау бойынша жоғарыда аталған табиғат қорғау ұйымдарының күш-жігерін біріктіреді.

Биылдың өзінде барысты­ сақтау бойынша басқа да бір­қа­тар маңызды іс-шара күтіп тұр. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбек­стан және Түрікменстан шекара­ларының түйіскен жерін­де­ Үстірт қорығының жаңа Оң­түс­тік кластерін құру бойынша жұмыстар аяқталуда және жануар­лардың мемлекеттік ше­к­­ара арқылы кедергісіз өту мүм­кіндігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Шекара қыз­ме­ті­мен­ нақты жұмыстар басталды. Табиғат қорғау саласындағы білікті мамандар бұл бастамалар кездейсоқтық емес, керісінше барыстың Маңғыстауға қайта оралуы бүкіл табиғатты сақтау жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.