Білім • 20 Шілде, 2023

Таразы басы теңессе

425 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыл мәселесі қазір мемлекеттің эконо­микалық саясатында басты бағыт болып тұрғаны қуанарлық жәйт. Өйткені ауыл проблемасы – елімізде тұрып жатқан халықтың жартысына жуығының мәселесі ғана емес, азық-түлікті пайдаланатын бүкіл елдің қамы болып табылады.

Таразы басы теңессе

Ауыл экономикасының алға тартатын – ауыл шаруашылығы өндірісі. Ал бұл саланың басты миссиясы – азық-түлік тауарларын өндіру мен жеңіл өнеркәсіпке шикізат шығару. Ауыл туралы саясат өзгергенмен, ауыл шаруашылығы туралы саясат өзгермей тұр. Таразы басын басып тұрған сол баяғы латифундистер, яғни ірі жер иеленушілер. Қазақстанның агроөндірісінің бас­ты бағыты бидай болғандықтан басымдық отыз жылдан бері экспортқа беріліп тұр. Яғни, шыққан өнімді бірінші кезекте экспорттау. Елімізде өткен жылы 21,8 миллион тонна дәнді дақыл өндірілді, оның 13,2 миллион тоннасы экспортқа жөнелтілді. Қалғаны, яғни 11,9 млн тонна ішкі сұраныста. Физиологиялық нормаға сәйкес әрбір адам жылына 109 кг нан өнімдерін пайдалану керек, ол 18,9 миллион адамға шаққанда 2,8 млн тонна болады. Сонда қалған астық қайда деген сұрақ туады, жарайды тұқымға – 1,49 млн тонна, мал жеміне 1,23 млн тонна кетсін делік. Бұған Ресейден импортталатын жылына 1 млн тонна астығы және көлеңкелі жолмен келетін 2 млн тонна астықты қосыңыз. Қалай дегенмен де арифметикамыз ұрмай тұр. Ал осындай молшылықта ұн шығаратындардың өндіріске бидай жетпейтінін айтып шырылдайтынын қосыңыз.

 Бұл сұрақтың жауабы көзбояушылықта, яғни өтірік ақпар беру, көрші елдерге жасырын астық жөнелту, немесе жоқ астыққа субсидия беру арқылы пайда табу сияқты коррупциялық схемаларда жатқан сияқты.

Енді таразының екінші жағында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Бұл – экономикалық қана емес, өте нәзік әлеуметтік мәселе. Адам баласы аштыққа 15-20 күн шыдайды екен, бірақ организм кері өзгерістерге ұшырайды, ал ескі киіммен, дүниесіз өмір сүре беруге болады. Әрине, нан мен су ішіп, толыққанды тамақтанбаған адамның жұмыс істеу мен ойлау қабілеті төмендейді, түбі ауруға шалдығады. Бастысы қоғамда мұндай жағдай әлеуметтік қайшылықтарға әкеледі. Еске сала кетейін осыдан оншақты жыл бұрын Тунис, Египет, Йемен т.б. елдерде болған «араб көктемі» деп аталған үкіметке қарсы көтерілістің басты се­бебі осы азық-түліктің қымбаттауы болған. Қазақ­станда мұндай жағдайдың болмауына кепілдік тек тағамның қолжетімділігі мен сапалы болуы.

Ол үшін, біріншіден, Үкіметтің аграрлық саясат таразысындағы басымдық елді, яғни түгел дерлік барлық аудандар мен қалалардағы тұрғындарды физиологиялық нормаға сәйкес өзімізде өндірілетін өніммен қамтамасыз ету.

Екіншіден, артылған өнім негізінде келесі жылға жететіндей қор жасау, аудан көлемінде артылған өнімнің барлық түрлерін Қазақстан ішінде басқа аудандарға тарату.

Үшіншіден, өндірілген өнім ел ішінде орналастырылып болғаннан кейін ғана өкілетті орган оны экспортқа шығаруға рұқсат беруге тиіс. Мәселе отандық өнімді экспортқа шығаруды шектеу емес, оны тек өз кезегімен жүргізу, өйткені басты мақсат халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету. Бұл жерде өнімнің бағасы мен оны жеткізу проблемасы шығады. Оны мемлекеттік реттеу жолымен шешуге болады, яғни субсидия, жеңілдетілген несие мен форвардтық келісімдер.

Жасыратыны жоқ, қазақтың бидайы түгел шетел асып жатыр. Оған бір субьективті дәлел келтірейін. Жақында Ташкентте және Душанбеде болып қайттым, қай жерде де нан өнімдері өте дәмді, тіпті, олар тандырда піскен нан емес, мейрамханада дайындалса да дәмді. Өйткені ұн Қазақстан бидайынан жасалған. Енді тарихи кезеңдегі бір алыс-берісті еске алайық, кеңес дәуірінде Қазақстан бидайы өздеріне молынан өндірілуіне қарамастан Украинаға жөнелтілетін еді. Сондағы уәж, Қазақстанның клейковинасы көп қатты сұрыпты бидайы нан өніміне дәм береді екен. Осы жерде тағы бір ой келеді, қазір бұл елдің бидайы соғысқа қарамастан Еуропа, Африка және басқа елдерге молынан экспортталады, ал сол елдерге қосымша Қазақстан бидайы да барып жатса нан өнімдері әлдеқайда дәмді болары сөзсіз. Бірақ шетелдіктер біздің бидайда мұндай қасиет барын білмеуі де мүмкін.

Қорыта айтқанда латифундистер деп айтып отырғанымыз – бизнес өкілдері табыс табады, табысынан салық төлейді, жұмыс орны бар деген сияқты, бірақ олардың санын Қазақстанда дәл айту мүмкін емес. Енді шамалау есебіне жүгінсек, ауыл шаруашылығы саласындағы шағын кәсіпкерлікте 452 мың адам жұмыс істейді екен. Солардың жартысына жуығы дәнді дақылмен айналысады дегенде олар 200 мың адамды құрайды, яғни бүкіл отандастарымыздың 1 пайызы шамасында. Сонда таразы басында 200 мың адамның табысты өмірі мен 19 миллион адамның пайдаланатын нан өнімдері тұр. Сондықтан Үкіметтің аграрлық саясатында алдымен халықты тағаммен қамтамасыз ету, сонан кейін аграрлық саладағы кәсіпкерлерге пайда табуға рұқсат беру қағидасы болу керек. Өйткені мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – Үкіметтің заңмен бекітілген міндеті.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы