«Динамо» мен «Астана» арасындағы қарымта кездесу Қазақстан мен Грузия клубтарының талай тартысты ойындарының куәсі болған Тбилисидегі Борис Пайчадзенің атына берілген «Динамо-Арена» стадионында өтті. 1915 жылы Қап тауында дүние келген Борис Пайтчадзе Грузия мен «Динамо» клубының аңыз ойыншысы саналды. 2001 жылы ол 20 ғасырдағы Грузияның ең үздік футболшысы деп танылған.
55 мыңнан аса жанкүйерлерге арнап салынған бұл стадионда кеңес өкіметі тұсында Алматының «Қайраты» мен «Динамо» клубтары бірнеше мәрте кездессе де, жерлестеріміз бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, Қазақстанға жанарымен жер шұқып оралған-ды. 1963 жылы Тбилисиде басталған екі ұжым арасындағы «текетірес» 1988 жылға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында командалар жасыл алаңда 45 мәрте жолығып, соның небәрі жетеуінде ғана жерлестеріміздің мерейі үстем болған. Ал 16-ойында қарсыластар тең нәтижеге қол жеткізсе, 22-ойында грузиялықтардың асығы алшысынан түскен-ді. «Қайрат» пен «Динамо» арасындағы әзірге ең соңғы ойын 1988 жылдың 31 қазанында өтіп, алматылықтар 3:1 есебімен «Динамоға» жол берген.
25 жылдың ішінде «Қайрат» Тбилисиде 20-дан аса ойын өткізіп, Грузияда даралана алмағанымен, еліміздің тағы бір ұжымы – «Астана» алғашқы ойында-ақ алаң қожайындарының аяғын аспаннан келтірді. Елордадағы матчта тең нәтижеге қол жеткізген грузиялықтар өз алаңындағы ойынды сенімді әрі жеңіске деген жігермен бастады. Жанкүйерлерінің қызу қолдауына ие болған «Динамо» футболшылары алғашқы таймда жасыл алаңда еркін ойқастап, «Астана» қақпасының маңайында бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырып, допты қақпаға алыстан да, жақыннан да теуіп көрді. Бірақ кездесудің 20-минутына дейін оның ешқайсысын голға айналдыра алмады. Арада көп уақыт өтпей «Динамо» футболшылары сол қапталмен шабуыл ұйымдастырып, оны Усман Камара голмен түйіндеді. Бір қорғаушымызды жылдамдығымен қапы қалдырған Камара осылайша бірінші таймның бел ортасында өз командасын есепте алға шығарды – 1:0.
Үзілістен кейін «Астана» бас бапкері Григорий Бабаян орталық алаңда ойыны жүрмей жатқан сербиялық жартылай қорғаушы Душан Йованчичтің орнына армениялық Камо Оганесянды шығарды. Сөйтіп, команданың орталықтағы ойыны жанданып, қарсылас команданың қақпасына қарай ұйымдастырылған шабуыл саны да арта түсті. Бұл тактикалық өзгерістің нәтижесі де көп күттірген жоқ. Кездесудің 50-минутында Алекса Амановичтің оң қапталдан айып алаңына асырған пасын Абзал Бейсебеков екі қорғаушының қоршауында қалып қойса да, аяғына ыңғайлы келген допты оң аяғымен қақпаның сол жақ бұрышына дәл көздеді. Гол! «Астана» футболшылары да, жанкүйерлері соғылған голдың қуанышынан ес жиып үлгеремін дегенше елордалық ұжымның гамбиялық футболшысы Дембо Дарбо «Астананың» екінші голын соғып кетті. Бұл жолы да нәтижелі пасты Алекса Аманович бергенін атап өткен жөн. Дарбо допты ала салып, қарсыластардың айып алаңына кірген бойда допты қақпаның «тоғыздығына» тоғытты. Есеп – 2:1. Осыдан кейін алаң иелері таразы басын теңестіруге бірнеше мәрте талпынғанымен, гол соғуға шамалары жетпеді. Сөйтіп, кезінде Еуропа жасыл алаңында жасындай жарқылдаған «Астана» командасы айналдырған екі минуттың ішінде екі гол салып, тамаша камбэкпен Чемпиондар лигасының келесі айналымына өтті.
Екінші кезеңде «астаналықтарды» тағы бір Еуропаның даңқты «Динамосы» күтіп тұр. Бұл жолы олар Загребтің «Динамосымен» шеберлік байқасады. Хорватияның 22 дүркін чемпионы да «Астанаға» бөтен команда емес. Өйткені екі ұжымның бұған дейін 2018 жылғы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде жолдары түйіскен. Астанада өткен алғашқы ойында қонақтар 2:0 есебімен басым түссе, Загребтегі екінші бәсекеде алаң иелері 1:0 есебімен келесі кезеңнің жолдамасын шегелеп қойды.
«Астана» мен «Динамо Загреб» арасында екінші іріктеудің алғашқы ойыны 25-26 шілдеде Загребте, қарымта матч 1-2 тамызда «Астана Аренада» өтеді деп жоспарланған. Кездесудің нақты күндері жақын арада белгілі болады. «Астанадан» жеңілген Тбилисидің «Динамосы» Еурокубоктегі жолын енді Конференция лигасында жалғастырады. Олар екінші кезеңде Мальтаның «Хамрун Спартанс» ұжымымен кездеседі.