Балалар • 21 Шілде, 2023

Шатырлы лагерь шаттығы

527 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, ол – әрі демалыс, әрі тәрбие. Маңғыстауда лагерьді айрықша ұйым­дас­тыру­мен, оқушыларға ұлттық құндылықтарды үйретумен танымал болған Түп­қараған ауданында Ақкетік қаласының жағажайында шатырлы лагерь ұйым­дастырылуда деген жаңалық құлаққа тиді. Жақында Маңғыстау облысы әкім­дігінің, облыстық Білім басқармасының қолдауымен, аудандық әкімдік пен білім бөлімінің жұмылуымен жүзеге асқан шатырлы лагерь жұмысымен танысып қайттық.

Шатырлы лагерь шаттығы

Теңіз жағасына тігілген ақшаңқан үйлерде оқушылар жорық жағдайында жайғасыпты. Жетекшілерінің кеңесімен кең шатырлардың ішіне қаз-қатар салынған төсек-орындарын жинаған балалар теңізге шомылуға асығуда. Бұған қарап олар үшін ең қызықты сәттердің бірі – тассыз, біразға дейін бірқалыпты тереңдікті сақтайтын алтын құмды жайдақ жағалауы бар теңізге түсу сәті екендігін бірден аңғарасың.

– Лагерь 4 ауысымды, 10-22 шілде аралығын қамтитын лагерьде әр ауысымда 90 баладан барлығы 360 оқушы демалады. Лагерьге аудандық және қалалық білім беру ұйымдарының әлеуметтік қолдауға жататын отбасылардан 12-15 жас аралығындағы балалар, сондай-ақ облыстық Білім басқармасы құзырында ұйымдастырылған түрлі туристік-өлкетану бағытындағы іс-шаралардың жеңімпаздары қатысуда. Мақсат – Түпқараған аума­ғын­дағы Каспий теңізінің қолайлы жағалауын балалар қажетіне пайдалана отырып, білім алушылардың жазғы демалысын тиімді, сапалы ұйымдастыру, –  дейді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы А.Өтесбаева.

Туристік лагерь деп атауы айтып тұрғандай, шатырлы лагерьде демалушылар демалысты еліміздің тарихы мен мәдениетінен, жергілікті фауна мен флора ерекшеліктерін, экологиялық этикасын, өрт, су қауіпсіздік ережелерін және лагерьде жүріп-тұру шарттарын оқып-үйренумен қатар, табиғатты қорғау, құбылнамамен бағдарлау, картамен жұмыс істеу, кедергілерді жеңу, шатыр орнату, от жағу, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, шыдамдылық, еңбекқорлық, өзара көмектесу, топта жұмыс істей алу, төтенше жағдайларда өз-өзіне қызмет көрсету және өмір сүру дағдыларын жүзеге асыру мақсатында біліктілік дағдыларын игереді екен. Туған жер табиғатын таныстыру бағы­тында демалушылар жергілікті музейлерге, Торыш тасты шарлар алқабына, Саура, Ақеспе, Тамшылы шатқалдарына саяхатқа шығып, Ақтау қаласындағы «Tree of life» демалыс орнында демалады. Тағы бір сүйсінерлігі – демалушылар шатырлы лагерьде үш күн бойы теледидарсыз, гаджетсіз, ойын, ән-күй, үйрену-іздену бағытында нағыз демалыс сәттерін бастан өткереді.

Балалардың қауіпсіздігі, көңілді лагерь тірлігінен біреуінің қағыс қалмай толықтай ортаға тартылуы сынды аса жауапты міндетті мойындарына алып, құрақ ұшқан жап-жас жетекшілерге риза болдым. Каспийдің жағалауында, алтын күннің астында бір-біріне қамқорлық көрсеткен қазақтың жас буыны лагерьдің шадыман шаттығына бөленуде.