Кәрі ағаштарды кезең-кезеңімен кесіп, олардың орнын жас көшеттермен толтыру мақсатында бес жылдық бағдарлама қабылданған. Өткен жылы 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет егіліпті. Жасыл экономика басқармасындағылар апатты жағдайды болдырмас үшін бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
– Жоспар бойынша биыл 16 925 апатты ағаш кесіліп, оның орнына 160 мыңнан аса көшет егіледі. Кәрі және қураған ағаштар – зиянкестердің ошағы. Егілген әрбір ағаш қаланың жасыл екпелерінің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Қалалық жасыл кеңістік тізімі жүйесі негізінде ағаштардың түрлері, түр құрамы, аумақ көлемі, жағдайы және орналасуы туралы деректер үнемі жаңарып отырады. Кейінгі жылдары ағаштарға зиян келтіретін инвазициялық зиянкестер белең алған. Осыған орай ағаштар мен бұталарды қорғау және жақсарту шаралары қабылданды. Көгалдарды зиянкестерден қорғау үшін биологиялық өнімдер кешені және феромон тұзақтарының биологиялық агенттері қолданылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жасыл желектердің зақымдану деңгейі 70-85%-дан 30-35%-ға дейін төмендеп, кей жерлерде орналасу аумағына байланысты аурудың ізі де қалмаған, – дейді Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Құттыбаев.
Ағаштың апаттылығын анықтауға институттардың ғылыми қызметкерлері, қала тұрғындары тартылып, мұқият талдау жасалады. Өйткені қураған ағаштар ғана апатты жағдайда емес. Ішкі өзегі зақымданған ағашты көзбен анықтау тіптен қиын. Қазақ өсімдік қорғау ҒЗИ декоративті өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, бұл үшін арнайы құрылғы бар. Оның көмегімен сіз ағаштың діңін бұрғылап, шіріктің бар-жоғын біле аласыз.
– Біздің қаладағы көптеген ағаш ескі, сондықтан жасыл қорды үнемі жаңартып отыру қажет. Арнайы бұрғылаудан кейін біз ағаштан бактериологиялық егіс алып, зерттеуден кейін қорытынды шығарамыз. Әр жылы шамамен 200-300 жасыл желекті тексереміз. Жыл сайын апатты ағаштар саны артып отырады. Олардың орнын толтырып отыру маңызды, – дейді ғалым.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында апатты ағаштарды кесуге 35-тен аса техника мен 180 маман жұмылған. Жұмыстар жасыл желектерді күтіп ұстау талаптарын сақтай отырып жүргізілмек. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына жасыл желектерді кесудің басталғаны туралы алдын ала хабарланады. Оған дейін арнайы белгілер орнатылып, аумақтар қоршалады.