Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жылжымалы нысана көздеуде (10 м)
Қазақстан әйелдер құрамасы финалдық сайыста Украина қыздарынан басым түсіп, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұл сында ел намысын әпкелі-сіңлілі Зухра және Фатима Ирназарова мен Александра Сәдуақасова қорғап, осы жаттығудағы ересектер арасындағы әлем рекордын тіркегенін де (1686 ұпай) айта кеткен жөн.
Ал дәл осы қашықтықтағы сайыста еліміздің ерлер құрамасы Украина спортшыларына жол беріп, күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ жылжымалы нысана көздеуде жекелей сында Фатима Ирназарова тұғыр биігінің екінші сатысынан көрінді. Ол финалда украиналық Маргарита Тарканиге (6-4) есе жіберді. Фатима іріктеуде 572 ұпай жинады. Сондай-ақ бұған дейін ел қоржынына алтын жүлде салған Никита Чирюкин 25 метрден тапаншамен (стандарт) оқ атуда күміс жүлдеге ие болды (572 ұпай). Отандасымыз тек жарыс қожайыны Сук Жин Хонгқа есе жіберді (578 ұпай).