Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс әкімінің Панфилов ауданындағы резиденциясы балалардың емдеу-сауықтыру орны ретінде қайта жабдықталған еді. Енді, міне, «Жансая» күндізгі оңалту орталығы жазғы демалыс үйі ретінде ресми жұмысқа кірісті.
Демалыс үйінің аумағы кең, барлық қолайлы жағдай жасалған, жасыл желекке бөленген. Аумағында орналасқан ғимараттың жалпы көлемі – 200,3 шаршы метр. Жобалық қуаты 40 орынға арналған. Жаз айларындағы әр демалыс маусымы 5 күннен тұрады. Жазғы демалыс кезіндегі 5 маусымда 200 бала қамтуды жоспарланған. Демалушыларға жазғы кезеңде 24 штаттық бірлік қызмет көрсетеді.
Демалыс орны балаларға арналған жатын төсектер, жеке заттар, киімдер салынатын шкафтар, түрлі жұмсақ жиһаздармен түгел қамтылған. Асхана қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сыртқы аулаға ойын алаңқайлары мен су бассейні салынған. Сонымен қатар жазғы кезеңде демалушылардың өмірі және денсаулық қауіпсіздігіне байланысты алғашқы медициналық көмек көрсетуге және өртке қарсы дабыл беру, өрт сөндіруге қажетті құралдарымен қамтылып, бейнебақылау орнатылып, ғимараттарда мүгедектердің жүріп-тұруына қажетті жағдай жасалыпты.
Демалыс орнының ашылу салтанатына келген аудан әкімі Алмас Әбдінов: «Өздеріңіз білетіндей, біздің елде балалар ерекше қамқорлықта. Мемлекет басшысының өзі осы бағыттағы жұмыстарды бақылауға алған. Осы орайда Жетісу облысында жеткіншектерге барлық жағдай қарастырылғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен үлкен істер атқарылып жатыр. Бейбіт Өксікбайұлы ауданымызға келгенде көл жағалауында мүгедек балаларға арналған демалыс орнын ашу қажеттігін айтқан еді. Бүгін сол тапсырманың орындалғанына куә болып отырсыздар. Сырт көмекке мұқтаж жеткіншектеріміз осында демалып, ем алатын болады. Алдағы кездері де балаларға қамқорлық, қолдау істері жалғасады», деді әкім.
Одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев демалушыларға тілегін арнап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатай Бекболатов ақ батасын беріп, игі істерге ілгерілеу тіледі. Демалып, ем алуға келген балалардың ата-аналары атынан сөз алған Сәлима Төлепбергенова жан жылуына мұқтаж жеткіншектерге жағдай жасап отырған азаматтарға жұртшылықтың алғысын жеткізді.
Айдын көлдің жағасындағы демалыс орнының лентасы қиылып, шашу шашылды. Құрметті қонақтар мен демалушы балалардың ата-аналары ғимаратты, ауланы аралап көріп, жеткіншектерге қажетті жағдайдың бәрі жасалғанына көз жеткізді.