Спорт • 25 Шілде, 2023

Қарқыны бәсең «Астана»

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Франция тас жолдарында ұйымдастырыл­ған велоспорттан жылдың ең беделді жарысы – «Тур де Франс» Гранд-туры өз мәре­сіне жетті. Биыл 110-шы рет өткізілген вело­шабандоздардың бейресми әлем чемпионатын­да 26 жастағы даниялық Йонас Вингегор («Jumbo-Visma») тағы да жеңімпаз атанды.

Қарқыны бәсең «Астана»

Велошабандоздардың мәртебелі жарысында алтыншы кезеңнен бас­тап көшбасшылықты өз қолына алған Йонас Вингегор 15 кезең бойы алдына жан сал­мады. Тіпті үш кезеңде мәреге бірінші жеткен 25 жас­тағы бельгиялық Йеспер Филипсен мен екі кезең­де үздік шыққан, 2020 және 2021 жылдарғы «Тур де Франста» топ жарған Словенияның даңқты спортшысы Тадей Погачар да Вингегорға жете алмады.

Биылғы Гранд-турдағы негізгі бә­секе Погачар мен Вингегор арасында өрбіді. Екі велошабандоз жарыстың 6-шы кезеңінен бастап 16-шы кезеңі­не дейін көш басында иық тірестіріп келді. Тек 16-кезеңнен кейін Тадей Йонастың қарқынына төтеп бере ал­май­тыны белгілі болды. Жекелей ке­зеңде даниялық спорт­шы Погачар­­ды 1 минут 38 секундқа қапы қал­дыр­­­­ды. Ал келесі күнгі Сен-Жерве-ле-Бен мен Кур­шевель қалаларын жалғаған 165,7 шақырымдық тау­лы кезеңде Вингегор мәреге төртінші болып келсе де, Погачарды 7 минут 35 секундқа шаң қаптырып, бас жүл­денің мәселе­сін сол кезде-ақ шешіп қойды. Сөйтіп Йонас Вингегор қатарынан екінші жыл «Тур де Франста» үздік шықса, Тадей Погачар екінші мәр­те екінші орынға тұрақтады. Ал үздік үштікті брита­ниялық Адам Йейтс («UAE Team Emirates») түйіндеді.

Өкінішке қарай, «Астана» командасы биылғы «Тур де Франсты» өте сәтсіз өткізді деп айтуға болады. Өйткені былтырғы бәсекенің жалпы есебінде Алексей Луценко 9-орыннан көрінген болса, биыл «Астананың» бірде-бір өкілі үздік ондық былай тұрсын, ТОП-30 спортшының қатарына да іліге алмады. «Астананы» өрге сүйрейді деген мақтаулы Марк Ка­вендиштің өзі Гранд-турдың бел ортасына жетпей жарыс жолынан шы­ғып қалды. Нәтижесінде, колумбиялық Харольд Техада «Тур де Франсты» 34-ші, Алексей Луценко 40-орынмен аяқтады. Командалық есепте «Астана» 22 ұжымның ішінде небәрі 18-сатыға тұрақтады.