Теннис • 25 Шілде, 2023

Үздіктер қатарында екі өкіліміз бар

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) мен Әйелдер теннис қауым­дастығы (WTA) теннисшілердің жаңар­тылған рейтингін жариялады.

Үздіктер қатарында екі өкіліміз бар

Ерлер арасындағы рейтингте еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик бір саты жоғарылап, 26-орынға жайғасты. Екінші нөмірлі теннисшіміз Тимофей Скатов 134-тен 136-ға, Михаил Кукушкин 223-тен 229-ға, Бейбіт Жұқаев 242-ден 270-ке төмендеді. Бірер күн бұрын жұптық сында алғаш рет ATP 250 турнирінің чемпионы атанған Александр Недовесов 53-тен 8 саты жоғарылап, әлемнің 45-ракеткасы атанды. Бұл – оның өз карьерасындағы ең үздік көрсеткіші. Недовесов осыған дейін 48-орыннан аса алмаған еді. Ерлер арасындағы рейтингте испаниялық Кар­лос Алькарас көш бастап тұр. Екінші орын­ға сербиялық саңлақ Новак Джокович жайғасса, үздік үштікті ресейлік Даниил Мед­ведев түйіндеген.

Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жекелей сындағы рейтингінде де үздік үштік өзгеріссіз қалды. Бірінші орында әдеттегідей польшалық Ига Швёнтек тұрса, одан кейінгі орындарға беларусь Арина Соболенко және Қазақстан өкілі Елена Рыбакина жайғасқан. Ал Юлия Путинцева екі орын жоғары көтеріліп, 58-орынға жайғасты. Еліміздің жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина 25-орында, Рыбакина – 107, Жібек Құламбаева 179-сатыда тұр.