Футбол • 25 Шілде, 2023

«Ордабасы» алға озды

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының бәсекелері бел ортасынан ауып, чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан командалар арасындағы тартыс қыза түсті. Өткен демалыс күндері еліміздің жеті қаласындағы стадиондарда біріншіліктің 16-тур ойындары өтіп, жанкүйерлер тосын нәтижелердің куәсі болды.

«Ордабасы» алға озды

Чемпиондар лигасының ірік­теу кезеңіне қатысып жатқан ел­орданың «Астанасы» Еурокубок бәсекесінің алғашқы айналы­мында Грузияның «Динамо» клубын жарыс жолынан ығыстыр­­ған­нан кейін ел чемпионатындағы кезекті тур ойынын сәтсіз өткіз­ді. Өз ала­ңында «Атырау­ды» қабылдаған астаналықтар күт­пеген жерде турнир кестесі­нің қақ ортасында келе жатқан ұжым­мен тең түсті – 0:0. Бұл бә­секеде Григорий Бабаян не­гізгі құрамның футболшыларына демалыс беріп, алаңда аз уақыт өткізіп жүрген футболшыларға көбірек мүмкіндік беріп көр­ген еді. Алайда екінші құрамның ойыншылары бапкерлер құра­мы мен жанкүйерлердің сенімін ақтай алмады.

«Астананың» ұпай жоғалт­қанын турнир кестесінде елорда­лықтарды өкшелеп келе жат­қан «Ордабасы» мен «Ақтөбе» клубтары тиімді пайдаланып кетті. 15 турдан кейін «Астанамен» бірдей ұпай жинап, көшбасшылық­ты бөлісіп келе жатқан Шымкент­тің «Ордабасы» клубы бұл турда Петропавлдың «Қызыл­жар» командасымен кез­десіп, соңғы минуттарда Еркебұлан Тұңғышбаевтың соққан голының ар­қасында қонақтардан 2:1 есе­бімен басым түсіп, турнир кес­те­сінде 42 ұпаймен жеке-дара көш бастады. «Астананың» еншісінде 39 ұпай бар.

Ал «Ақтөбе» клубы Қобы­ланды батыр атындағы орта­лық стадионда Қызылорда­ның «Қай­сарын» 1:0 есебімен тізе бүктіріп, кезекті үш ұпайына қол жеткізді. 13 мыңға жуық жан­­күйер тамашалаған кезде­су­дегі жалғыз әрі жеңіс голын бірінші таймның соңында ақ­тө­беліктердің франциялық ша­буылшысы Уго Видемон соқ­ты. Қатарынан үшінші ойын­да жеңіске жеткен Андрей Карпович шәкірттері турнир кестесінде 34 ұпаймен үшінші орында келеді. «Ордабасы» мен «Астана» клубтарына қа­ра­ғанда «Ақтөбе» бір ойын кем өт­кізгенін айта кетейік.

Сондай-ақ 16 турда «Тобыл» өз алаңында «Оқжетпесті» қа­былдап, 2:0 есебімен басым түс­се, «Шахтер» Қарағандыда «Кас­пийді» қапы қалдырды – 1:0. Ал «Қайрат» пен «Мақтаарал» (2:2) және «Жетісу» мен «Ақсу» (1:1) арасындағы ойындарда тең есеп тіркелді.