Туризм • 25 Шілде, 2023

Ішкі саяхатта іркіліс болмайды

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы қабылданды. Мақсаты – туризм­ді­ елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қам­тылған азаматтардың санын – 800 мың, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар қонақүй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

Ішкі саяхатта іркіліс болмайды

Мәдениет және спорт ми­нистрі Асхат Ораловтың айтуын­ша, көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либе­ра­лизациялауға байланысты тәуе­кел­дердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады.

«Туризмге жұмсалған қара­жат­тың тиімділігін анықтау үшін турис­тік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлер­дің ұлттық рейтингін енгізу жоспар­ланып отыр. Рейтинг Қазақ­станның туристік картасына енгізілген басым бағыт­тар­ мен ТОП-50 дестинацияны­ қамтиды. Өңірлік туризм сала­сын­дағы шағын, орта және ірі инвес­тициялық жобаларды­ іске асыруға жеке капитал тарты­лады. Маңғыстау облысы, Түркіс­тан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады», дейді ведомство басшысы.

Сонымен қатар туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Аустралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылмақ. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылып, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Мысалы, Имантау-Шалқар курортты­ аймағын дамыту аясында Солтүстік Қазақстан облысында­ орналасқан жердің туристік-рек­реа­циялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр.

«Елдегі туризм сала­сын дамы­­тудың жаңа тұжырым­да­ма­сына сәйкес Төтенше жағдай­лар­ министрлігіне (ТЖМ) қарас­ты­ аумақтық бөлімшелеріне турис­тер­дің жүріп-тұру маршруттары тура­лы хабардар ету бойынша талап енгізіледі. Бұл ақпарат іздеу іс-шараларын уақтылы ұйымдастыру және қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау үшін аса маңызды. Сондай-ақ ел бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық дең­гейі мен күрделілігіне қарай жүр­гізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақпарат орналас­тырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтерді орнату, туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді А.Оралов.

Туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар да жүзеге асырылады. Мысалы, тұжырымдама шеңберінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын дайын­дау­ға арналған әдіснамалық ұсы­ным­дар әзірлеу, ағылшын тіліндегі пәндер үлесін арттыру және бизнес өкілдерін білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге тарту қарастырылған. Қонақүй менеджерлерін, туроператорларды және «Бола­шақ»­ бағдарламасының түлек­те­рін оқыту мен диплом жұмыс­­тарына басшылық етуге­ тарту мүмкіндігі, сондай-ақ оқыту бағдарламаларына қысқамерзімді курстарды енгізу мүмкін­­дігі де қаралады.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бүгінде ауқымды және танымал іс-шараларды, спорттық жарыстарды өткізу туристерді тартудың ең тиімді құралдарының біріне айналды. Осы бағыт бо­йынша да біраз жұмыс атқарылады. Елдегі MICE-туризмнің әлеуетін ескере отырып, бұл бағытты халықаралық тәжірибеге сай дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның MICE-дести­на­ция­лары халықаралық аренада, оның ішінде халықаралық қауымдастықтар платформалары арқылы насихатталады. MICE-туризм өкілдері елге MICE-іс-шараларды тартумен белсенді айналысады», дейді министр.

Сондай-ақ туризмді дамыту тұжырымдамасы бойынша, мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамытылады. Туризмнің әрбір басым­ бағытын жеке қарастырылып, эко­туризмді дамыту үшін экотуризм субъектілерін ерікті серти­фикаттауды енгізу, серти­фи­кат­талған қонақүйлерді онлайн брондау платформасын құру, табиғатқа ұқыпты қарау жөнінде ақпа­рат­тық науқан жүргізу жоспар­ланған.

Министрдің айтуынша, агротуризм саласында болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеу­лер жүргізіледі. Агротуризмде қыз­мет көрсететін субъектілердің тізілімін жасау және жүргізу, өңір­лерге инвестиция тарту, ауыл­дардың инфрақұрылымын жақсарту және аумақтар брен­дингін дамыту жоспарланып отыр. Фермерлерге ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер­лерде агротуризммен айна­лысуға мүмкіндік беру бөлігінде заңнаманы жетілдіру қарас­ты­ры­лады.

Сала мамандарының болжамы бойынша, жоғарыда аталған барлық бағыт бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға дейін өз жемісін беріп, ішкі турис­тер санын 11 млн адамға, ал шетелдік турис­тер санын 4 млн адамға дейін арттыруға болады.