Әлем чемпионатында спортшылар екі жас санаты бойынша (12 және 18 жасқа дейін) бас жүлделерді сарапқа салады. Ақтауда алғаш рет жалауы желбірейтін дүниежүзілік жарысқа қазірдің өзінде әлемнің 50 мемлекетінен 300-ге жуық шахматшы қатысуға ниет білдірген. Олардың арасында Перу, Мадагаскар, Сан-Томе, Принсипи секілді елдердің өкілдері де бар екенін айта кеткен жөн. Бұл жерде төрт құрлықтың мектеп оқушылары өз мектебінің және елінің намысын қорғау үшін барын салады.
Бұл сында ел намысын 6 қалада орналасқан 10 мектеп өкілдері қорғайды. Атап айтар болсақ, Ақтау қаласындағы IT мектеп-лицейі мен Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Алматыдағы М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі, Республикалық физика-математика мектебі, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, елордадағы №72 мектеп-лицейі мен Республикалық физика-математика мектебі, Атырау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі және Шымкент қаласындағы О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі.
Алдағы әлем біріншілігіне мектеп командаларының тиімді дайындалуы үшін Қазақстан шахмат федерациясы біріншілік қарсаңында оқушыларға Бурабайда арнайы оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы турнир оқушылардың шахматқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, командалық рухты күшейтуіне мүмкіндік береді. Мәселен, павлодарлық оқушы Вадим Дерксен аяғының сынғанына қарамастан, командасын қолайсыз жағдайда қалдырмау үшін Ақтауға баруға бел буып отыр. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицей оқушысы Нұрислам Айнақұл мен Мексикадан келетін Рикардо Гаэль Брито Де Ла өз туған күндерін үйлерінен жырақта, чемпионат барысында өткізуге дайын екендіктерін айтқан.
Елімізде тұңғыш рет өткелі отырған оқушылар арасындағы ойлылар ойыны Халықаралық және Қазақстан шахмат федерацияларының мұрындық болуымен, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ. Ал жарыстың бас серіктесі және басты демеушісі – «Freedom Holding Corp».