Отандастарымыздың арасынан жеңіс тұғырына ерлер арасындағы Премьер-лига жарыстарының жеңімпазы, Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы Қайсар Алпысбай (60 кг) және Азия біріншілігінің жеңімпазы мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Токио Олимпиадасына қатысушы Нұрқанат Әжіқанов (75 кг) көтерілсе, қыздар сайысында Азия чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (68 кг) топ жарды. Сонымен қатар Дидар Әмірәлі (67 кг), Мөлдір Жаңбырбай (50 кг), Гүлмира Үсенова (55 кг) және «кумитэ» бойынша ерлер командасы күміс медаль жеңіп алды.
Ал Жоламан Биғабыл (55 кг), Лия Қошқарбаева («ката» жаттығуы), Данияр Юлдашев (84 кг) және Абылай Төлтай (84 кг) ел қоржынына қола жүлде салды. Айта кетейік, биылғы Азия біріншілігіне сары құрлықтың 31 елінен келген ең таңдаулы 400-ден аса каратэ шебері қатысты. Олардың арасында ел намысын 19 спортшы қорғады.