Спорт • 26 Шілде, 2023

Ел рекордын жаңартты

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Жапонияның Фукуока қала­сында су спорты түрлерінен ке­зек­ті әлем чемпионаты өтіп жатқаны бел­гілі. Дүниежүзілік додада ел спорт­шы­лары да өнер көрсетіп жатыр.

Ел рекордын жаңартты

Кешегі жарыс күнінде жүзу спортының өкілдері кезекті жүлделерді сарапқа салды. Әйелдер арасындағы 1 500 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу жарысында отандасымыз Диана Тасжанова жарыс жолына шығып, іріктеу кезеңінен өте алмады. Дегенмен ол аталған қашықтықты 17 минут 09,98 секундта жүзіп өтіп, Қазақстанның және өзінің жеке рекордын жаңартты. Бұған дейінгі ел рекорды 17 минут 23,37 секунд болатын. 31 спортшы бақ сынаған жарыста отандасымыз 29-нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ жүзу бойынша әлем чемпио­натының екінші күнінде Қазақстан құрама­сынан тағы екі спортшы бақ сынады. 100 метр қашықтықта Ксения Игнатова 1.02.34 нәтижемен 32-орынға ие болса, 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева 42-нәтиже көрсетті (1.11.41). Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 қола жүлдемен 31-орында тұр. Әзірге жалғыз медальді артистік жүзу бойынша өнер көрсеткен Эдуард Ким жеңіп алған болатын.