Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Еліміз егемендік алып, тоталитарлық режімнің түрлі тұсауларынан, жан-жағымызды қаптаған саяси құрсауларынан шідерімізді үзіп, рухани тәуелсіздік алғалы бері ұлы суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің әлеміне деген көзқарасымыз да өзгеріп, оның классикалық туындыларын жаңаша көзқараспен оқып, тоқи бастадық. Кеңестік кезеңдегі әдебиеттану ғылымындағы басты тәсіл социалистік реализм әдісінен арылып, енді оларды сөз өнерінің таза әдеби, ғылыми теориялық талап-шарттары бойынша бағалап, көркемдік құндылық ретінде таныдық.
Кеңестік кезеңде біржақты талданған көркем дүниелер қазір түп-тамырымен өзгеріп, тіпті қарама-қайшы келетін бағытта өріс ала бастады. Соның бірден-бір дәлелі белгілі қаламгер Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық, сені қайтейін...» деген кітабына енген Мұхтар Әуезовтің «Әйел һәм еркек», «Жалғыздық сені қайтейін», «Әуезов және... әйел айырбастау» атты аттарының өзі еріксіз назар аударатын мақалалары. Көлемі жағынан да көтеріп отырған күрделі мәселесі тұрғысынан да бұларды жай ғана мақала емес, бүгінгі мұхтартану саласының үлкен тақырыбын көтерген соны саралау, зерделі зерттеу, тың талдау деп қабылдаған оңды.
Кітаптың беташары болған «Әйел һәм еркек». Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы» хақында» атты мақаласында: «Қаралы сұлудың» ауға оралған алтын балықтай зейініңді аударып әкететін сиқырлы күшінің сыры неде?» деген сауал тастап, соған жауап іздеу барысында біраз ізденістер жүргізеді. Бұл әңгімені «...қазақ әдебиеттануының арсеналындағы әдіс-тәсілдер мен үлгі-үрдістердің ая-айналасында ғана қарастыруға әсте болмайды..», дейді. Неге? «Бұған «Қаралы сұлу көнбейді». Оған біз ойлағандай ұлттық әдебиеттану ғылымының талдау тәсілдері, ғылыми әлеуеті емес, Әуезовтің суреткерлік сиқыры көнбейді екен..
Автор әлем әдебиетіндегі әйел мен еркек тақырыбына арналған көркем шығармаларды шарлай келе өзіміздің де осы тақырыпта тұңғыш роман жазып өз кезеңінде рухани төңкеріс жасаған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегіндегі» бір күнде бүлікшілердің зорлығына түсіп, тіпті бөтен адам болып өзгерген, қазақтың қыз баласына тән әдептен озып, түрлі бұзақы ойларға ерік беретін бойжеткен Ақбілектің ішкі ойларына, ешкім жоқта мазасын алатын монологтерге тоқталып, өз сауалына жауап алғысы келеді.
М.Әуезовтің «Қаралы сұлуындағы» Қарагөздің ішкі психологиялық ахуалын салыстыра келіп: «Мұқият зер салып байқасаңыз, Ж.Аймауытовтың Ақбілегі мен М.Әуезовтің «Қаралы сұлуындағы» Қарагөздің бітім-пішінін психологиялық тұрғыдан тереңдете түскен, я болмаса осы бейнелердің жасалу жолы мен жаралу баянын генезистік-психологиялық, көркемдік-пәлсапалық тұрғыдан одан әрі дамытқан, байытқан елеулі образдарды қазақ әдебиетінен кезіктіре алмайсыз», дейді (384-б.).
Аталған екі жазушыға, оған Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсін» қосыңыз, үшеуі де ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көшбасында тұрып-ақ осындай күрделі, әлем әдебиетінде сирек кездесетін адамның таза табиғатына тән физиологиялық, психологиялық, эмоциялық сезімдерге бай көркем бейнелер галереясын жасаған. Оларға дейін ешкім мән бере қоймаған әйел затының табиғатындағы жеке сезімдерге, түрлі әлеуметтік, қоғамдық қайғы-қасірет болғанда тартатын жан азабын, тәни ауыртпалықтарды, сыртқы көз сезе де, біле де бермейтін ішкі сезім иірімдерін, жат жыныс иесінің бөгде жұрт біле бермейтін табиғатындағы тылсым сырларды соншалықты шебер суреткерлікпен, кәсіби көркемдікпен өрмекшінің өрнегіндей нәзік нақыштармен бейнелей білуі, сөз жоқ, асқан білгірліктің белгісі.
Әлемдік әдеби кеңістікте кеңінен танымал модернистік бағыттағы көркем дүниелердің біздің әдебиетімізде сол ХХ ғасырдың басында-ақ молынан көрініп, ешқандай «измге» көне қоймаған бүкіл адамзаттық құндылықтарды бейнелеп, өз кезеңіндегі идеологияға деген ішкі қарсылығын танытқан көрнекті суреткерлер Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуын» салыстыра отырып, тіршіліктің тұтқасы болған әйел мен еркек арасындағы табиғи физиологиялық, тәндік, рухани, моральдық, психологиялық құбылыстар бұл еңбекте терең талданған. Әдебиетші Әмірхан Меңдеке Шығыс және Батыс ойшылдары мен бүкіл қаламгерлерінің әйел мен еркек арасындағы табиғи қарым-қатынасына қатысты құнды ой-пікірлеріне жүгіне отырып, қазақтың қос қаламгерінің шығармаларындағы шындықтың қайнар көзіне, өресі мен өрісі өте биіктегі суреткерлік шеберліктің сырына үңіледі.
Әмірханның бағалауында Әуезовтің әрбір шығармасы, ондағы философиялық ойлар біздің әдебиетіміздегі баға жетпес рухани байлық, көркемдік құндылық. Әуезов қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік рухани кеңістікте осы «Қаралы сұлуымен-ақ» рухани төңкеріс жасап, жесір әйелдің жан дүниесіндегі қарама-қайшы қақтығыстар мен тоқтаусыз, еріксіз жүріп жатқан сезімдік, психологиялық үдерістердің қопарылысын, қозғалысын қазбалай зерттеп, суреткерлік зергерлікпен зерделей білгендігін әдебиетші Әмірхан жақсы танып, бағалай білген.
Және олардың көтеріп отырған мәселесі де – мәңгілік тақырып әрі әлемдегі әйел затына, жесір әйел табиғатына тән табиғи құбылыстар. Олар жылдар өтсе де, ғасырлар өтсе де өзгермейтін сезімдер сыры, психологиялық құбылыстар, жан азабы мен тәни тілектер... Осы турасында Әмірхан: «Ей, адамзат, өз жаратылыстарыңа көз жіберіп көріңдерші бір! Жаныңа-дауа, тәніңе тәбділ таппай неге шарқ ұрдың? Осыны тексердің бе? Нәпсі өліммен құрдас. Осыны тексере алдың ба?..» (әл-Бұхари риуаят еткен Хадистен). Мұхтар Әуезовтің қаралы сұлудың ішкі әлеміне сұғына еніп тексеретіні де әйелдің жаратылысы», дейді.
«Ұлы адамдар өзгені емес, ең әуелі өзін танып алуға тырысады» деген Достоевскийдің сөзін сілтеме ете отырып, автордың: «...сонымен қабат, Әуезов пен Аймауытовтың «жазушылық мәдениет», «эстетикалық өлшем», «көркемдік шындық» деген үйірлі ұғымдарды да бізден гөрі өзгешелеу түсінгенін байқайсыз. Және олардың осы өзгешелеу түсінуінің ар жағында өз заманымен бірге ескіріп, өз заманымен бір мезгілде қартайып шыға келетін шарқы, жайдауыт көзқарастар емес, піл сауырлы қара жердің өзіндей самиянды, баябанды-байтақты көзқарастар жүйесі мен қорабалы дүниетаным жатқанын байқайсыз», деген тұжырымы да сенімді (16 бет – Ә). Өйткені Әуезовтің көтеріп отырған тақырыбы мәңгілік, оған арқау болған әйел адамның тағдыр табиғаты да, жан арпалысы мен азабы да, жесірдің жат адамға жұмбақ жаратылысы мен тылсым сырлары, құпия қалтарыстары да мәңгілік. Әуезовтің «Қаралы сұлуы» кеше де болған, келешекте де болады. Олар адамзат өмірі бар жерде әр елде, әр ұлтта, әр кезеңде де Қарагөз болып өмір сүреді, тап соның тағдырын, сол сезімдерді бастан кешеді, сол психологиялық эмоционалдық сезім шырмауында болып жан азабын бастан өткереді. Өйткені ол өмір, одан адамзат баласы қашып құтыла алмаған. Қарагөз түскен тозаққа ол да түседі. Жаны мен ары таза жесір әйелдің күн мен түн сайын бастан кешетін сезім қайшылықтары, ой арпалыстары, сана қақтығыстары – М.Әуезов секілді сирек кездесетін талантты суреткердің ғана баратын күрмеуі қиын күрделі тақырыбы.
Тақырыптың да, көркем бейненің де мәңгілік бейне болуының, өмірдің өзіндей өзекті басты себебі де сол.
Әдебиетші Әмірхан сондықтан да:
«Бірақ осы жерде мынадай ақиқат-шындыққа: тартыстың көкесі, майданның үлкені, арпалыстың атасы адамның өз ішкі дүниесінде жататынына, өзіңіздің ішкі дүниеңізде жатқанына көз жеткізесіз. Және де жаныңыз аман, тәніңіз есен, сезіміңіз тірі тұрғанда мұндай ішкі арпалыстың әлегі мен азабынан ешқайда, еш жаққа, ешбір тарапқа қашып құтыла алмайтыныңызды да анық, айқын сезіне аласыз», дейді. Адам табиғатына тән жаратылыстан аса алмасыңыз анық.
«Әл-Қайстың «адамның қызығы, қуанышы, бақыты да жан мен тәннің бірлігінде, адамның қасіреті мен тауқыметі де жан мен тәннің бірлігінде» дейтіні осыдан» (23-б.). Өйткені Қарагөз «виновата только телом, а не душой» (Достоевский).
М.Әуезов осы шағын әңгімесімен-ақ бүкіл адамзаттық құндылыққа қосылар әйел затының классикалық көркем бейнесін сомдап, өзгелерде кездесе қоймайтын психологиялық сезімдік құбылыстардың өзгеше өрнегін салды. Әңгімедегі бір эпизодты оқып көрсек осы психологиялық көріністің сәттілігіне, көркемдігіне куә боласыз:
«...Қарагөз көрпесін сілкіп тастап, қатты күрсініп дауыстап:
– Аллай, тұншықтым ғой!.. Құдай-ау, мұнша неге сорлы еттің? – деп қайнап қызған қанмен, қайда барарын білмесе де, үйден атқып шығып кетті..».
Марқұм Тәкен Әлімқұловтың өз аузынан естіген едім. Кезінде Мұхтар Әуезовтің кітабына редактор болған бір қаламгер «Қаралы сұлудағы» осы «Аллай» деген сөзді «Үһ» деген одағаймен, «Құдай-ау» дегенді «Қу тағдыр-ай» деген сөзбен ауыстырсақ қайтеді деп қолқа салыпты. Бірақ Әуезов бұған қатты ашуланып, қарауыта түнеріп көнбей қойыпты», деген мәлімет бар. Әдебиетші Әмірхан Меңдеке Әуезов әлемін тек көркемдік тұрғыдан талдап қана қоймай, оның рухани жоқтаушысы да. Әлгінде келтірген мысал – соның айғағы. Әуезовтің әрбір сөзі мен әрпінің түпнұсқадан түсіп қалу тарихы мен тағдыры да оны ойлантпай қоймайды. Ол турасында арнайы зерттеуі де бар.
Әмірхан Меңдеке Әуезовтің әңгімесіндегі әдеби тілдің қолдану шеберлігіне де кең тоқталған: «...Әңгіменің тілі көне күмбезге түскен бәдіздей бедерлі. Бұдырлы... Әр сөзі, әрбір сөйлемі жерден пішіп алғандай құйқалы. Уызды. Қауқарлы.
...Жазушы өз көкейіндегі бұйраланып жатқан қуатты ойдың еркеленіп, емін-еркін және дітті жерден шығуы үшін сөзді де «диірменге тартып», електен өткізіп, тереңнен сүйреп, суырып, талғап қолданады» (48-б. – Ә). «Тозбайтұғын сезімге тозбайтұғын зат шыдайды» (Ж.Нәжімеденов) дегендей, Мұхтар Әуезовтің тозбайтұғын сезімге суарылып, ескірмейтін мәселеге, көнермейтін күйге құрылған «Қаралы сұлуы» да тозбайтұғын, тот баспайтын әңгіме», деп түйін түйеді автор.
Сыншы, әдебиетші Меңдеке Әуезовті өзгелер тани қоймаған қырынан алып қарастырады. Көлеңкеде қалып қойған көмескі кезеңдеріне көз тігіп, соның астарындағы ақиқаттарды ашқысы келеді. Суреткердің іштен шыққан шұбар жыланы, әрбір туындысындағы сан уақыт санасында сақталып, әбден сұрыпталып, қимасындай, қасқалдақтың қанындай етіп қағазға қондырған құнды сөздері мен оймақтай болса да ауыр ой, салмақты жүк арқалаған сөйлемдерінің өз еркінсіз қысқарып кеткен жағдайлары Әмірханды біраз әуреге салып, жанын ауыртқан, жүрегін сыздатқан сияқты. Талай уақыт өтсе де, бүгінде біреу біліп, біреу білмейтін сол оқиғаларды қайта қарап, оқырмандарына ой сала отырып, жанымен, жүрегімен жазады. Уақыт – емші болса да өкініші өте қоймаған тарихи фактілер бүгінгі әдеби сын талабы тұрғысынан талданып, жазушы ғұмырының контексінде ерекше көркемдік эстетикалық мән-мағына алған, бірақ өз кезеңінде керексіз болған кесек-кесек үзінділер («Абай жолындағы» әйел айырбастау эпизоды), бүгінде басқаша бағалануы әбден мүмкін. Осы эпизодтық үзіндімен өзінің де жүрегінің жартысы үзілгендей күй кешкен кемеңгердің сол сәттегі көңіл күйін, қайғы-қасіретін, жан азабын кім жеткізе алады? Оны Әмірхан өзінше интерпретациялап, қайшылыққа толы қаламгер тағдырын жаңа бір қырынан талдап жеткізеді. Әр ұрпақ танымындағы ұлы адамның өмірлік, өнерлік бейнесі қалай бедерленді деген сауалға өз бетінше жауап іздейді.
1943 жылы Жазушылар одағының ұйымдастыруымен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының бірінші кітабы талқыланған жиында мақтауынан даттауы көп болуы сол дәуірдің дерті десек те, Ғабит Мүсірепов сынды сирек суреткердің ақиқаттан айнымайтын, ардан аттамайтын адалдығы: «...Қаншама қайталап оқысам да ылғи жаңа бір ой, жаңа бір көркемдікті, бұрын байқамай кеткен тереңдікті табам» деген дана сөзін дүниеге әкелгені әмбеге аян. Сондықтан да Ғ.Мүсіреповтің саясаттың қандай қиын тосқауылы болса да тарихи шындықтан алыстамаған Әуезовтің шеберлігіне қатысты құнды ойларына тоқталмасқа болмас: «Мұхтардың қасиеті Абайдың жүзін қызарта түсем деп, шындыққа жатпайтын, осы күнгі ауыз оп-оңай айтса да, Абай заманында алты қырдың астында жатқан, жақсы да болса жалған болып шығатын әрекеттерден Абайды аулақ ұстауында. Бұл – романның тарихи шындығы! Бүгінгі осында отырған жұрт сөгер-ау деп романдағы Абай өз тұсына дәл келмейтін бір қимыл істемейді. Бүгінгі жұрт кінәлар-ау деп Абайдың дәуірі де жалған «революция» жасайтын емес. Пісірмей жатып, аса демеген жазушыға алғыс айта білуіміз керек. Тарихи шындық деп осыны айтамыз!», деген сөзі сол кез үшін үлкен рухани ерлік, жоғары баға еді. Ғ.Мүсірепов осы сөзінде ел есінде қалған екі ескертпесін де жасырған жоқ. Оның бірі Қодар өліміне қатысты болса, екіншісі – жігіттердің келіншектерін айырбастаулары туралы болды. Алайда алғашқы ескертпені М.Әуезов қабылдамайды, ал екінші ескертпені назарда ұстап, 1942 жылдан кейінгі басылымдарда ескергені де мәлім.
Қазақтың ар-намысына тиер көп қылықтарды ашық, ашына жазып, одан сабақ алуды, нәтиже шығаруды, санаға сілкініс тудырып ойға түрткі болуды көздеген, әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарын мейлінше білген, сөз өнерінің бүкіл көркемдік талабы мен талғамын терең танитын энциклопедист суреткердің сол сұңғыла ойларына ота жасалуына бүгінгі көзқарас басқаша.
Осы оқиғаны бүгінгі тәуелсіз ой-сана тұрғысынан интерпретация жасар болсақ ше? Ақтар ма едік, әлде даттар ма едік? Әуезовке жасалған қиянаттың қаншалықты ауыр екенін ұға алар ма едік?
Меніңше, белгілі әдебиетші, сыншы Әмірхан Меңдекенің «Әуезов және ...әйел айырбастау» деген мақаласындағы бүгінгі көзқарас, әдеби талдау, терең біліммен жасалған байыптаулар осы сауалдарға сауатты жауап берері сөзсіз.
Тағы да автор Әуезовті былайша ақтайды: «...Абайды мезі еткен, Абайды құсаға ұрындырған, Абайды жалғызсыратқан «қазақи» қаперсіздіктеріміз бен ғапылдықтарымызды Әуезов қалай көрсеткен? Қалай өлшеген?». Одан әрі әдебиетші Әмірхан Әуезовтің көкейіндегі ой мен көркем мәтініндегі мақсатты интерпретациялайды, герменевтикалық тәсілмен түсіндіреді. Ауыл арасындағы осындай оспадар қылықтар «асқына келе мұндай дерт ұлттық мінездің құрамдас бір бөлшегіне, ажырамас серігіне айналып кетпесіне кім кепіл (З.Фейсал).
Міне осындай оқушысын ойлантар, опық жегізер ұлт қайғысы Әуезовтің романында қысқарып қалды. Әмірхан айтпақшы «Әдеби заңға ұста, көркемдік шарттылықтарға да ерекше жетік жазушының тосын үзіндісін түсінуге һәм қабылдауға, мүмкін біздің өзіміздің өреміз, зиініміз жетпей жатқан шығар?». Дегенмен ұлының әрбір сөзі келешек ұрпақ үшін құнды екендігін ескерсек, суреткердің саф алтындай сөздерінің сыры мен сыны да кетпегені, сабақ алар ойлары да бүгінгі жүгенсіз кеткен жат қылықтардың жолын қияр ойлар екенін ұмытпаған жөн.
Расында да, жазушы мұрағатында бөлек-бөлек қағаздарға, кейде дәптер беттеріне, кейде қолжазбалар мен кітаптардың жағалауына жазылған қосымшалары, түртпе ойлары, шашпа пікірлері, оқыста түскен ой-тұжырымдары кездесіп жатады. Кезінде жазылып, түрлі себеппен шығармаға енбей қалған көркемдігі жоғары көріністер, үзінділер, тармақ-тараушалар да баршылық. Міне, осындай оймақтай ойлы дүниелерді жинап, жүйелеп, жарияласа да Әуезовтің әрбір сөзі қайта тіріліп, саналыға ой салары сөзсіз еді. Бұл да келешекте ескерілер мәселелер екенін ойда ұстаған жөн.
Қаламгерге жасалған тағы бір қиянат – өмірінің соңында өлең жазу, оңаша ой түйіп кітап оқу мұңға айналғандықтан, жалғыздықты аңсаған ақын жайлы ең көрікті, көркем ойлы, философиялық тереңдікті танытатын «Абай жолындағы» бір абзацтың, көркем мәтіннің қысқартылуы. Ол мәтінді біз Ә.Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін...» Әуезовтің «Абай жолына» енбей қалған бір сөйлемінің сыры мен сипаты» атты эссесінен кездестіреміз: «Абай тегінде бар өмір, бар мінез, бар сезімдерді көп уақытта жұрттан бөлініп алып, жалғыз сезініп, жалғыз ойлай бергенде, ішіне әрқашан елден өзгеше салқын сыншылдық тынысын көп жия беруші еді».
«Бұл не жалғыздық? Ненің жалғыздығы?
Шығыс ойшылдарының айтып отырғаны дүниенің ақиқатын, жазмыштың сырын, өмірдің нарқы мен тіршіліктің мәнін тереңдей зерделеуді, түпкірлей тексеруді мақсұт еткен ірі ойшылдар мен үлкен өнер иелеріне тән жалғыздық. Шартты түрде айтар болсақ, шығармашылық жалғыздық. Шығармашыл, шыншыл, ақиқатшыл адамдарға тән жалғыздық», дейді интерпретатор Әмірхан.
Әдебиетші, Әуезовтің рухани жоқтаушысы Әмірханмен бірге біз де «Абай жолынан» алынып тасталған әп-әдемі сөйлем кімге залал әкелді екен десеңізші деген ойға қаламыз. «Ұлы жазушының ішкі қуаты зор, қат-қаты мол көпқабатты (многослойная) сөйлемін, Мысырдың пирамидасындай қиыннан қиыстырылған күрделі конструкциясын қолы барып, көзі қиып кім қысқартқан?». Осы ретте тағы да әдебиетші Әмірхан: «...Әуезовтің аталған сөйлемі де кешегі «қырағы» редакторларымыз бен «аса байқампаз» рецензенттеріміздің бірінің осындай тобанаяқ, доғал түсінігінің салдарынан қысқарып қалған секілді», дейді.
Кешегі кеңестік кезеңдегі науқандық көзқарастардың бақылауынан шыға алмағандар ұлылардың асыл ойларына осылай рухани қастандық жасап, жаны күймей қысқарта салып отырды емес пе? Ойға опасыздық жасау тәнге жасалған қиянаттан да ауыр ма дерсіз. Әмірханның бүгінгі интпретациясы Әуезовтің сол жалған науқанда нақақтан нақақ қиылған ой қиындысында кеткен ұлттық идеяның ұшқынын, жазушының тұлғалық табиғатын танытатын тіркестер екенін танытып отыр.
Бұл сауалға тағы бір жауап ретінде автор Ф.М.Достоевскийдің әдебиет сыншысы Н.Н.Страховқа жазған хатынан мынандай сілтеме келтіреді: «...Сізге енді бір достық тілек айтқалы отырмын. Ойсыз жазушы туралы жазып уақыт кетірудің және оның шығармасының түкке тұрғысыз екенін дәлелдеп жүйкені жұқартудың керегі бар ма? Мұның орнына ойшыл жазушының әрбір сөйлеміне (!) жеке, дербес мақала арнасаңыз, әдебиетіміз үшін бұл әлдеқайда пайдалы болар еді...». Әмірханның мақалаларындағы Әуезов әлемі, оның кейіпкерлері туралы толғаулары осындай мақсатымен мәнді, олар оқушысын ойлантпай қоймайды. Әмірханның Әуезов туралы толғаулары ұлы адам кешкен өмір бұралаңдарын, қайғы-қасіретін, жан азабын, жеңістері мен жеңілістерін көрсетеді. Осынау бір абзацтың тағдыры ұлы суреткердің ғибратты ғұмырының ғасіретін, шерлі шежіресін танытқандай өрттей өкінішімен өзекті өртейді.
Олай болса ойшыл, шебер суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің романдағы ең құнды, ең дүйім жұртқа ой салар, ешкімге зиян-залалы жоқ, терең философиялық ойға жетелейтін жалғыз сөзінің қысқартылуының себеп-салдары, сөз жоқ, келешекте ғылыми мәселе ретінде арнайы зерттелуге тиіс. Кеңестік кезеңнің саяси идеологиясының салдарынан М.Шолоховтың бір ғана атақты «Тынық Донына» автордың келісімінсіз 500-ден аса түзету енгізілгенін ескерткен әдебиетші Әмірхан Меңдекені Әуезовтің де әр сөйлеміне жасалған қастандықтың қаншасының құпиясы ашылып, қаншасы бүркеулі түрде жатыр деген ой қатты мазалайтыны мәлім. Бұл да мұхтартану саласының назарға алар маңызды мәселелері болса керек.
Қалай болғанда да, шындықты көркемдік тұрғыда тану мен өрнектеу үдерісі, шығармашылық субъектінің, яғни шығармашылық тұлғаның табиғаты, ішкі ой-арманы, жан айғайы кейіпкер бейнесінен көрінеді. Сондықтан сол тап бір қысқарып кеткен тұста жазушының, яғни жаратушы автордың өзі, оның ойы мен жан сезімі, ішкі әлемі беріліп, сол қысқарып қалуы да ғажап емес. Ұлт трагедиясын, оның мінезіндегі міндерді, табиғатындағы темпераментік түйткілдерді түсініп, бейнелеу ерекшелігі де кез келген қаламгердің қолынан келер шеберлік емес еді. Ол да Әуезов секілді әулиелігі бар қасиетті қалам ұстаған қолы мен ұлт пен ұрпаққа айтар сөзінің дуасы бар дара дарындарға ғана даритын қасиет, үздіктердің ғана еншісіндегі үкім мен үлес болса керек.
Гүлзия Пірәлі,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы