Алғашқы күні олар Шыңғыстайға барып, ауыл көріністерін бейнеледі. Бұқтырма жағасына жайғасқан шеберлер керілген кенепке беріле отырып этюд жазғанда, кештің қалай батқанын байқамаған. Майлы бояумен жазылған әр сурет өзінше ерекше. Палитра бетінде ойнақтаған түрлі бояуды кенепке түсірген сайын ауылдың тыныс-тіршілігі көз алдымызға келе берді. Этюдтердегі жадау үйлерге қарап, жаның жабырқаса, жаңа құрылыстарға іштей қуанасың.
«Оралханның ауылында этюд жазу бақыты бұйырды бізге. Алайда Оралханның бағасына әлі де жете алмай жатқан секілдіміз. Әсіресе ауылдастары оның атын асқақтатуға тиіс», дейді белгілі суретші Әділғали Баяндин.
Пленэрдің екінші күнінде қобдишаларын арқалаған өнер иелері Берелді, сақтар мен түркілердің мекенін бетке алды. Тарихи тамыры терең, табиғаты көркем жерге тамсанған кейбір суретшілер шабыттанып, екі-үш этюдтен жазып үлгерді. Жалпы, үш күн болған пленэрде Құдаш Нұрсадықов, Әділғали Баяндин, Гүлнар Миғражқызы, Бақытнұр Бүрдесбеков, Рада Бейсенова, Абай Чунчалинов сынды белгілі суретшілермен қатар, Қуаныш Әділбек, Еркебұлан Жәкішев, Мәди Қайырхан, Мәдихан Қалмаханов, Әділет Низябеков, Есбол Нұрсадықовтай жас суретшілер ұзын саны отыз шақты этюд жазып тастады. Әр суретші бір-бір этюдтері мен Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай жазған картиналарын аудан қорына табыстады. Өздерімен ала келген картиналарын да бірегей туынды деуге болады. Жазушы шығармаларының желісі бойынша салынған картиналарға терең үңіліп, ой түюге болады. Мәселен, «Атау кере» повесіне жазылған Абай Чунчалиновтың полотносында кейіпкерлердің психологиясы анық берілген.
Шығармашылық іс-шарадан соң табиғат аясында «Өр Алтай бояулары» атты көрме ұйымдастырылып, қылқалам шеберлеріне алғысхат пен ақшалай сыйлықтар табысталды. Айта кетерлігі, пленэр катонқарағайлық жас суретші Қуаныш Әділбектің ұсынысымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өтті. Өнерге демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкер, меценат Серік Толықбаевқа, аудан басшылығына қылқалам шеберлері ризашылықтарын білдіріп, табиғатта жазылған этюдтерін естелік ретінде сыйға тартты. Іс-шара соңында кәсіпкер азамат С.Толықбаев салмағы бар танымдық іс-шараларға әрқашан қолдау көрсететінін жеткізді.