Спорт • 27 Шілде, 2023

Будапешт татамиінде белдеседі

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

4-6 тамыз күндері Мажарстан бас ша­һары – Будапештте дзюдодан Masters санатындағы бәсекенің жалауы желбірейді. 2024 жылғы Париж Олим­пиадасына рейтингтік ұпай бере­тін жарыста ел намысын 14 балуан қор­ғайды.

Будапешт татамиінде белдеседі

Masters турнирі Олимпиада мен әлем чемпионатынан кейінгі дзюдошылардың беделді жарысы саналады. Сондықтан бұл додаға әр салмақтың ең үздік 36 татами шебері ғана қатыса алады. Сонымен қатар мұнда әр сал­мақта топ жарған спортшы рейтингте 1800 ұпай олжалайды.

Будапешт татамиіндегі ерлер арасындағы бәсекеде ел құрамасынан Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Жансай Сма­ғұ­лов, Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг) және Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) бас жүлде үшін белдеседі.

Ал әйелдер сайысында Ғалия Тынбаева (48 кг), Аруна Жангелдина (78 кг), Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанованың (+78 кг) өнерін тамашалаймыз. Мажарстандағы турнирде әлемнің 56 елінен келген 422 дзюдошы күш сынасады.