2007 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болған Президент кубогі жарысының екінші күнінде үш отандасымыз кортқа шығып, үшеуі де жарыстың екінші айналымына жолдама алды. Әлемдік рейтингте 375-орында тұрған 26 жастағы Дмитрий Попко алғашқы кездесуін түркиялық Корай Кирчимен өткізіп, қарсыласын үш сетке жалғасқан ойында 6:4, 4:6, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Попко ширек финалға шығу үшін кеше өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен шеберлік байқасты.
Сонымен қатар былтырғы Президент кубогі жарысының финалисі Денис Евсеев жаңазеландиялық Аджит Раиден екі сетте (6:4, 6:1) басым түсті. Оның келесі қарсыласы – Израиль өкілі Орель Кимхи. 19 жастағы отандасымыз Ислам Орынбасар әлемнің 616-ракеткасы үндістандық Прджвал Девті (6:4, 1:6, 6:3) жарыс жолынан ығыстырып, турнирдің кішігірім сенсациясын тіркеді. Ислам екінші айналымда осы жарыстың 2-ракеткасы ретінде тіркелген жаңазеландиялық Бенджамин Локпен күш сынасады.