Еурокубок ойындарында «Астана» мен «Динамо» командаларының жолы жасыл алаңда осымен екінші рет түйісіп отыр. Алғаш рет екі ұжым осыдан бес жыл бұрын, яғни 2018 жылы Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде кездесіп, екі ретінде де хорватиялық футболшылар мықтылық танытқан еді – 3:0 (1:0, 2:0). Сол кездегі «Динамоның» құрамын қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда мықты болса да, Загреб клубы жерлестеріміздің қақпасына небәрі үш-ақ гол соғуға шамалары жеткен-ді. Қазір де «Динамо» футболшыларының деңгейі нашарлап кетті деп айта алмаймыз, бірақ бес жыл бұрынғы загребтіктер емес екені анық. Соған қарамастан, «Динамоның» жас футболшылары кешегі ойында «Астана» қақпасына төрт гол салды. Алда әлі қарымта ойын бар екенін ұмытпайық.
Отандық футбол жанкүйерлерінің пікірі бойынша, кешегі ойында «Астананың» жеңілісіне бірден-бір себепкер – бас бапкер Григорий Бабаян. Өйткені матчтан бір күн бұрынғы баспасөз мәслихатына қатысқан бас жаттықтырушы бұл кездесуде динамолықтардың айқын фаворит екенін айтып, оларға екі ойында да қарсылық көрсету мүмкін емес екенін ашық мойындаған-ды. Тіпті команданың көшбасшысы саналған хорватиялық Марин Томасов та Чемпиондар лигасының екінші кезеңіне дейін жету «Астана» үшін үлкен мәртебе екенін айтып, төменгі лигалардың бірінде ойнауды мақсат тұтып отырғандарын мәлімдеген-ді.
«Біз Тбилисидің «Динамосын» жеңгеннен кейін Чемпиондар лигасындағы өз міндетімізді орындадық. Өйткені Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығатындай мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан Еуропа лигасының немесе Конференция лигасының топтық кезеңінің бірінде ойнағымыз келеді», деген болатын М.Томасов шетелдік басылымға берген сұхбатында.
Бас бапкердің де, команда негізгі ойыншысының да «Динамомен» өтетін ойын алдындағы осындай керітартпа пікірінен кейін жанкүйерлердің «Астанадан» бұл ойында жеңіс күтуінің өзі де әбестік болар еді. Матч басталмай жатып «жеңілген» елордалықтар, бәсеке кезінде де түк істей алмады.
Матчты бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы және бір ғана шабуылшымен бастаған «Астана» футболшылары алаң иелерінің қарқынына тек 35 минут қана шыдап берді. Жарты сағат бойы Йосип Чондрич қақпасының маңайында бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырған «Динамо» футболшылары 36-минутта өз дегендеріне жетті. Бруно Петковичтің айып алаңының сыртынан тепкен добы жерлестеріміздің біріне тиіп, қақпа торында тулады. Арада бес минут өткенде Лука Иванушец «Астана» қақпасына өз командасының екінші добын енгізіп, үзіліс алдында «Динамоға» айқын басымдық сыйлады. Жергілікті жанкүйерлер Иванушец голына шаттанып боламын дегенше дәл сол футболшы «Астана» қақпасына дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. «Астана» футболшылары алғашқы таймда қарсылас қақпасына қарай бір рет болсын дәл соққы жасай алмай пұшайман болды.
Екінші таймды да «Динамо» ойыншылары белсенді бастады. 56-минутта 24 жастағы шабуылшы Иванушец алыстан дәл соққы жасап, кездесудегі үшінші голын тойлады. Төртінші гол қақпаға енген соң «Астананың» бас бапкері алаңға Душан Йованчич пен Элхан Астановты шығарды. Осы футболшы матчқа араласқаннан кейін «Астананың» ойыны жанданып шыға келді. Нәтижесінде, 69-минутта бұрыштамадан кейін Душан Йованчич қақпаға жата-жастана жойқын соққы жасады. Бірақ доп қақпадан қиыс кетті. Бұл – «Астананың» 90 минут ішінде жасаған төрт соққының ішіндегі ең қауіптісі еді. Сөйтіп, «Астана» мен «Динамо» арасындағы алғашқы матч 4:0 есебімен аяқталды.
Енді қарымта кездесу бір аптадан соң, яғни 2 тамыз күні «Астана Аренада» өтеді. Ал бүгін «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары Конференция лигасындағы алғашқы ойындарын өткізеді. Шымкенттік ұжым өз алаңында Польшаның «Легия» клубын қабылдаса, «Ақтөбе» сырт алаңда Грузияның «Торпедо Кутаиси» командасымен кездеседі. Сонымен қатар бірінші кезеңнен сәтті өтіп, екінші кезеңге шыққан «Тобыл» Швейцарияда «Базельмен» жасыл алаңда жолығады.