Қоғам • 27 Шілде, 2023

Теміржол тасымалындағы түйткіл

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел экономикасының күретамыры іспетті теміржол тасымалы қашан да жоғары сұранысқа ие. Мемлекет бақылауындағы, қалың бұқараның қырағы назарындағы сындарлы саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі, даму барысы, келелі мәселелері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы және екінші жартыжылдығының негізгі міндеттерін айқындауға арналған кеңесінде кеңінен сөз болды.

Теміржол тасымалындағы түйткіл

Еліміздегі жүк тасымалы айналы­мының 50 пайыздан астам үлесі Қазақ­стан темір жолына тиесілі. Сала бойын­ша өткен жылдың осы кезеңімен са­лыс­тырғанда қатысты негізгі өндірістік көр­сет­кіштерді орындаудың оң дина­ми­­касы байқалады. Биылғы жылдың
6 айын­да тарифтік жүк айналымы 130,4 млрд тонна км неттоны құраған, бұл өткен жылғы деңгейден 8,6%-ға жоғары. Транзиттік жүк айналымы 39,1%-ға өсіп, 27,8 млрд тонна-километр нет­тоға жеткен. Контейнерлік транзит 26%-ға өскен. Қазақстаннан Қытайға экспорттық жүктерді тасымалдаудың өсімі қамтамасыз етіліп, көлемі 5,7 млн тон­надан асты. Бұл өткен жылғы дең­гейден 27%-ға артық.

Жолаушылар айналымы 5,7 млрд жо­лаушы-км, бұл 2022 жылғы деректен 1,2% жоғары. Жылдық жолаушылар теміржол тасымалының үштен бірі жазғы кезеңге келеді, көрсеткіш жылдық жолаушылар айналымы жалпы үлесінің 32%-ын құ­райды. 2023 жылдың 1 маусымы мен 20 шіл­десі аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен 2,1 млн астам адам тасымалданған. Жалпы, 2022 ­жы­лы Ұлттық тасымалдаушы пойыздарын 13,9 млн жолаушы пайдаланды. Өткен жылы жаздың үш айында 4,4 миллион жолаушы (айына бір миллионнан астам жолаушы) тасымалданды. Күзгі кезеңде тасымалдау үлесі 23% немесе 3,3 млн жолаушыны, қысқы кезеңде 20% немесе 2,8 млн жолаушыны, көктемгі кезеңде 25% немесе 3,4 млн жолаушыны құрайды. Теміржол желісі бойынша 14 тасымалдаушы қызмет көрсететін 140 маршрут тұрақты жүреді.

Есепті кезеңде шамамен 600 км темір­жол жөнделді, бұл өткен жылғы кезең­нен 100 км артық. Осы жылы жөн­деу жұмыс­тарының барлық түрі бойынша 1 126 км магистральді сауықтыру жоспарлануда. Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жылжымалы құрам паркін жаңар­ту бойынша жұмыстар да жүйелі жүргі­зілуде. 36 локомотив, 48 фитингтік платформа және 14 жолаушылар вагоны сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 139 локомотив, 620 жүк және 50 жолаушылар вагоны жеткізіледі деп күтілуде.

Кеңесте қозғалыс қауіпсіздігін қамта­масыз ету және еңбекті қорғау мәселелері ерекше сөз болды. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзғаны үшін бірқатар мамандарға тиісті тәртіптік жаза қолданылып, жауапты басшылар лауазымынан босатылғаны мәлім етілді. Қалай дегенде де, өнді­рістік қауіпсіздіктің нашарлауы алаң­да­та­ды. Анықталған ескертулерді жою, өнді­рістік жарақаттануды азайту, сон­дай-ақ санитарлық-тұрмыстық еңбек жағдай­ларын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Қозғалыс жұмысын арттыру, жолау­шы­ларға қызмет көрсету сапасын жақ­сарту, сапасы төмен пойыздар, тоз­ған ва­­гондар санын азайту жөнінде нақ­ты­лы тап­сырмалар берілді. Күзгі-қысқы ке­зеңде әлеуметтік маңызы бар жүктерді (ас­тық, көмір) тасымалдауды сапалы, уақ­­ты­лы орындауға баса назар аударыл­ды.