Экономика • 27 Шілде, 2023

Полимер нарығының пайдасы мол

263 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы бес жылда полимер өніміне ішкі сұраныс екі еседен астам өсіп, жылына шамамен 240 мың тоннаны құрады. Осы қарқынмен отандық нарықтың әлеуетін толық ашып, полимерлік шикізат негізінде көптеген сала үшін қосылған құны жоғары түпкілікті өнім өндірісін дамыту қажет.

Полимер нарығының пайдасы мол

Қазірде республикамызда полимер нары­ғының орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ға жетсе, 2030 жылға қарай полипропилен мен полиэтиленге сұраныстың жылына 400 мың тоннадан астам, яғни екі есеге жуық өсуі күтілуде. Биылғы жылға дейін нарық тек қолданылу аясы қаптамамен шектелген түйіршікті полипропиленмен қамтамасыз етіліп келді. Ал қуаттылығы жылына 500 мың тоннаны құрайтын KPI кешені іске қосылғаннан кейін ағымдағымен қоса, жергілікті қайта өңдеушілердің де өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық жабуға мүмкіндік туды. Былтыр қарашада 1,5 мың тонна көлемінде дайын өнімнің бірінші партиясы экспортқа жөнелтілді. Жыл аяғына қарай 23 мың тонна полипропилен өндірілді. Зауыттың іске қосылуымен отандық тауар өндірушілер үшін полипропилен бағасы қолжетімді бола түсті. Сол секілді елімізде стратегиялық маңызды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина салаларына арналған полимер бұйымдарын шығаратын 130-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Алайда полиэтилен нарығы әлі импортқа тәуелді болып отыр. Оған қоса дайын өнім импортының көлемі пластмассаны қайта өңдеу қарқынынан асып түседі. Маман­дар­дың айтуынша, өз өндірісімізді жолға қою тек 2028 жылға қарай, яғни Silleno кешені жылына 1,25 млн тонна қуаттылыққа шық­қан­да ғана мүмкін болады екен. 2022 жылы 1,37 млрд доллар сомасына пластмассалар мен олардан жасалған бұйымдар импортталды. Бұл – жалпы импорттың 3,8%-ы. Импорт құрылымында негізгі көлем полимерлерден жасалған ыдыс-аяқ, құрылыс материалдары дайын өнімдерге келеді. Бұл ретте 2021 жылмен салыстырғанда бастапқы нысандағы полипропилен импорты (33%-ға) айтарлықтай төмендеді. Бұл көрсеткіш негізінен Атырау облысында полипропилен өндіру зауытының іске қосылуына байланысты азайды.

Бүгінде полимерлерге жаһандық сұраныс жедел қарқынмен артып келеді. Ол тіпті болат, алюминий, цемент сияқты негізгі материалдардың да алдын орай бастады. Базалық полимерлерді өңдеу қарқыны жаһандық сипат алды. Мамандар алдағы үш жылда әлемдік өсім 25 млн тоннаға жетеді деп болжайды. Полипропилен, полиэтилен, бутадиен және басқа полимерлер күрделі өнеркәсіптік өнім бола тұра, әрі қарай өңдеуді қажет ететін шикізат саналады. Сондықтан жаңа зауыттардың арқасында пайда болатын мүмкіндіктерді меңгеру, тиісінше зауыт құрылысымен қатар даярланған мұнай химиктері мен инженерлер буынын қалыптастыру қажет.

Мұнай-газ химиясының тұтынушылары қатарына барлық дерлік саланы жатқызуға болатыны белгілі. Дамыған елдерде поли­мер­лерді тұтыну жан басына шаққанда 90-95 кг құрайды. European Plastic and Rubber Machinery мәліметіне сәйкес, Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 кг-ға жетер-жетпес. Көптеген елдер мұндай мәселелерді терең өңделген өнім шығаратын өндірістердің қызметіне жағдай жасау және ішкі тұтыну нарығын дамыту арқылы шешкен. Оның қатарында қолданыстағы өндірістер үшін мемлекеттік қолдау, отандық базалық мұнай-газ химия өнімдерінен дайын тауарлар шығару бойынша жаңа жоғары технологиялық өндірістерді жолға қою, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыруға баса назар аудару сынды шараларды қабылдаудың мәні зор.

Мұнай-газ химиясы саласында импортқа тәуелділіктен арылу үшін инвестициялық тартымдылық, тиімді географиялық орналасу, көмірсутек ресурстары базасында жоғары технологиялық өнімдерді дамыту бойынша кең мүмкіндіктерден тұратын бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды. Мемлекет пен даму институттарының белсенді қатысуымен шикізат өндірушілерден бастап түпкілікті өнім өндірушілерге дейінгі өндірістің бүкіл тізбегі бойынша қатысушылардың кооперациясы осыған ықпал ететін болады.

Полимер өңдеу сегментін дамытуға шетел­дік өндірушілер де тартылған. Мысалы, ресей­лік ірі Сибур холдингі отандық өндіру­ші­лердің әлеуетін ашуға көмектесетін мұнай химия­сын қолдау бағдарламаларын, жаңа перспек­тивалық құралдарын ұсынып отыр. Бұл бағдарламалар полимерлерді қайта өңдеу бойынша қолданыстағы қуаттарды кеңейтіп, жаңасын құруға, дайын өнімдерді импортты алмастыруға, сондай-ақ дәстүрлі шешімдерді экономикалық тұрғыдан неғұрлым орынды және экологиялық таза полимерлік шешімдерге жедел ауыстыруға бағытталған. Көрші елден өндірісті локализациялауда өңдеу ресурстарының қолжетімділігі мен аумақтық жақындығы есепке алынған.

Мұнай-газ химиясы өнімдерін (ПЭ, ПП және ПЭТФ) базалық деңгейде өнді­ру­ге арналған жеке кәсіпорынның болуы­ өнімді өнеркәсіптік және тұрмыстық мақ­сат­тағы бұйымдарға дейін өңдеп, дайын­ өнімді одан әрі экспортқа шығаруға мүм­кін­дік беретін жаңа өндірістерді игеруге­ жол ашады. Сондықтан стратегиялық бағдар­ла­маларды отандық мұнай-газ химиясы сала­сының мүмкіндіктерімен өзара байланыс­ты­ру арқылы импортты алмастыруға және полимерлерді тұтынуды арттыруға көңіл бөлініп отыр. Полимерлерді тұтыну көле­мі­нің өсуіне елдегі стратегиялық құжаттарда қам­тылған жобалардың іске асуы негіз бола ала­ды. Бұл тұста мемлекеттік бағдарламалар мен отандық полимер өндірісінің мүмкіндігін өзара байланыстыру қажет. Басымдық отан­дық­ полимерден өнім шығаратын шағын және орта бизнесті дамытуға берілуге тиіс.

Белгілі болғандай, Silleno полиэтилен жобасында ресейлік Сибур мұнай-химия компаниясы мен қытайлық Sinopec 30 пайыздық үлеспен қатысуы мүмкін. Қытайлық Sinopec компаниясының жобаға қатысатыны осы жылдың мамыр айында ресми түрде жарияланған болатын. ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуын­ша, Sinopec компаниясының осындай технологиялық күрделі мұнай-химия нысандарын жобалау, салу және пайдаланудағы мол тәжірибесі жобаға оң әсер етеді. Жобадағы «ҚазМұнайГаз» үлесі 40 пайызды құрамақ. Мақсатты құрылымға сәйкес акциялар: «ҚазМұнайГаз» ‒ 29,9%, KMG Petrochem ‒ 10,1%, Сибур ‒ 30%, Sinopec ‒ 30% түрінде бөлінуі ықтимал.

Сондай-ақ Атырауда полимерлік өнім өндіру бойынша индустриялық аймақ құрылады. Онда KPI және Silleno өнді­ріс­те­ріне тікелей жақын жерде технопарк құру және соңғы полимерлік өнім өндіру бойынша­ шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024