Қытайдағы додаға Қазақстан атынан 93 қатысушы спорттың 11 түрінен жүлделерге таласып көреді. Олар садақ ату, оқ ату, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, дзюдо, көркем гимнастика, үстел теннисі, таэквондо, у-шу, жүзу және семсерлесу бойынша сынға түседі. Ел құрамасы еліміздің 26 жоғары оқу орнының студенттерінен жасақталған.
Жазғы спорт түрлерінен дүние жүзі студенттерінің ойындары бастапқыда 2021 жылы өтуі керек еді. Алайда Қытай билігі коронавирус пандемиясына байланысты алғаш бұл жарысты 2022 жылға, кейіннен 2023 жылға шегерді. Дегенмен Токио олимпиадасы сияқты биылғы Жазғы универсиада ойындары да Чэнду–2021 ресми атауы аясында өткізіле береді.
Үлкен пандалар мекендейтін Чэнду қаласы Қытайда Жазғы универсиаданы қабыл-
дап жатқан үшінші қала атанып отыр. Бұған дейінгі студенттердің жазғы ойындары 2001 жылы Бейжіңде, 2011 жылы Шэньчжэньде ұйымдастырылған еді. Ал 2009 жылы Харбинде Қысқы универсиада бәсекесі өткені де белгілі.
Жазғы универсиада жарыстарын қабылдау үшін Чэнду қаласында 36 нысан күрделі жөндеуден өтіп, 13 жаңа нысан салынған. Чэнду университетінің кампусында орналасқан универсиада ауылы жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келетін 11 мыңға жуық спортшыны, жаттықтырушыларды және делегация мүшелерін қабылдайды.
Тағы бір айта кетерлігі, Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) Жазғы универсиада ойындары 2021 жылдан 2023 жылға ауыстырылғандықтан, биылғы жарысқа қатысушылардың жас мөлшерін 25-тен 27 жасқа дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаған еді. Сондай-ақ университет студенттері немесе бір жыл бұрын оқуын аяқтағандар да универсиадаға қатыса алатыны туралы да ереже енгізілді. Чэндудегі жарыстарға 2020 және 2021 жылдардағы жоғары оқу орындарының түлектері де қатыса алады.
Ресми дерек бойынша биылғы Жазғы универсиадада әлемнің 119 елінен 6 517 спортшы бақ сынайды. Олар спорттың 18 түрі бойынша 296 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Жарыстың ашылу салтанаты ресми түрде бүгін өткенімен, бәсекелер кеше басталып кетті. 27 шілдеде жерлестеріміз садақ атудан алғашқы жарыстарын өткізді.
Жарыстың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтының 3-курс студенті, 19 жастағы дзюдошы Қабылан Нұрсұлтан ұстап шығады. Нұрсұлтан дзюдо спортымен 2013 жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Бүгінге дейін ол жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде топ жарып, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде еншілеген. Сонымен қатар академик Қ.Сәтбаевты еске түсіруге арналған дзюдодан халықаралық турнирде күміс, қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық бәсекесінде бас жүлдені жеңіп алған.
Универсиада жарыстары «Армандар Чэндуде шындыққа айналады» деген ұранмен өтеді.