Руханият • 28 Шілде, 2023

Нарманбеттің жоқшысы

436 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел іші қай салада болсын еңбекқор, адал, зерделі, тиянақты ел ағаларына толы. Соның бірі біздің ұстазымыз – Аманкелді Туғанбай. Бұл есім бүгінгі алаштанушыларға, ұлт руханиятына жақын азаматтарға таныс. Өйткені Нарманбет Орманбетұлы айтылған жерде Аманкелді Туғанбай аты-жөні ескерілмей тұрмайды.

Нарманбеттің жоқшысы

Зерттеуші, өлкетанушы, нарманбеттанушы, ҚазақССР ағарту ісінің озық қызметкері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы. Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан кеудесі көмбе, шежіре ақсақал компьютерді бес саусақтай меңгеріп, өзі мойнына аманаттап алған бабалар мұрасын тасқа басып, жүйелеп, жариялаудан шаршаған емес. Ауылда тұрды, Алматыдан жырақта қызмет етті демесеңіз, студент кезінен академиялық ортаны мойындатқан. Әйгілі күйші Аққыздың Әбдірәші сонау 1962 жылы Аманкелді ағамызды Нарманбет әлеміне енгізіпті. Бұл «Хрущев жылымығы» келсе де, «алаш» пен «жау» ұғымы қатар айтылатын шақ. Нарманбетті атауға тыйым салынған кез. Бірақ өжет студенттің дипломдық тақырыбына атақты профессор Бейсенбай Кенжебаев бата бе­ріп, Ханғали Сүйіншәлиев қолдаған. Жетекшісі – Алаштың «Садағын» іздеп тапқан Тұрсынбек Кәкішұлы. Диплом қорғағанда ҚазПИ-дің ректоры, батыр Мәлік Ғабдуллин мемлекеттік комис­сияны басқарып, оң баға беріпті. ҚазМУ-ден аттанарда Тұрсекең көзі жасаурап тұрып: «Енді ауылыңа барып магнитофон сатып ал да, ескі жыр-дастан, өлең, шежірені жатқа білетін көзі тірі ақсақалдардан таспаға жазып алып қал!» деп тапсырыпты. Содан магнитофонын қолтықтап Ақтоғай төңірегіндегі көнекөз қарттарды шетінен жаза берген. Аудан деп азырқанғанмен, Ақтоғайыңыздың жер көлемі Нидерландпен қарайлас. Көліктің қат кезі. Қариялардың да мінезі әрқилы. Аштық, жоқшылық, соғыс сияқты бұ дүниенің қияметін көрген кісінің бабы мен тілін табу да оңайға соқпаған. «Кейін кел, ауырып отырмын. Уақытым жоқ, мұның кімге керек?» деген немқұрайдылыққа қарамай, қысқа отын-су, жемшөп дайындайтын науқан немесе жазғытұры қой төлдету сияқты бітпейтін ауылдың тірлігі, оның үстіне мектептегі күнделікті қарбалас жұмыс, отбасы қамы т.б. қолбайлау болса да, аға буынның тілін тауып, сөзін қаттаған, қадым, төте қолжазбаларды да қоса жинаған.

Халық Нарманбетке шөлдеуші еді. Ақынның мұрасын Аужекең 1992 жылы дайындаса да, қаражат табыла қоймады. Сөйтіп жүргенде құдайға қараған заңгер-ғалым Нұрлан Дулатбеков (қазір ҚарМУ ректоры) пен филолог-профессор Мәуен Хамзин 1998 жылы Қарағандының «Болашақ» университетінің баспасынан жариялауға қолғабыс етті. Өлген тірілді, өшкен жанды. Нарекеңнің кітаптағы бейнесін көзкөрген қариялардың сипаттауымен Ақтоғайдың арда азаматы, бүгінде абыз ақсақал Қайырбек Сәдуақасов салдырғанын да айта кеткен жөн.

Аманкелді ағамыздың бойындағы табандылық жастарға жұғысты болғай дейміз. Өлкетанушы ұстаз бірінші кітап шыққаннан кейін халыққа мем­лекет қолдауымен Нарманбет Орман­бетұлының екі томдығын (Алматы, «Қазақпарат» баспасы), арада 10 жыл өткенде 3-томын ұсынды («У.Е.Ахтаев» баспасы). Алда 4-томын жариялауды да жоспарлап отыр. Осының бәріне қаншама күш-қуат, сабыр мен төзім керек. Тіпті мұны азаматтық ерлікке теңеген дұрыс.

Иә, Нарманбет қолжазбасы сақтал-
­маған. 1939 жылы біраз өлеңі жарық көрген, бірақ оның өзін идеология­лық тұрғыдан күзеп-түзеген. Бұдан кейін оның мұрасы талай замандастары секілді «жабық тақырыпқа» айналған.

Нарманбет кім еді? Сегіз қырлы, бір сырлы, халқына аянбай қызмет еткен, елшіл ақын, сөз ұстаған шешен, зама­нының ойшылы. Оған ең үлкен баға­ны Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкей­хан берген. Ол баға – өлең үзіндісін мақа­лаларына эпиграф етіп алғаны.

Білімпаз М.Әуезов Нарманбетті жасы кішілігіне қарамай Абайдың алдына қояды. «Одан беріде жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абай­дан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп һәм Нарманбеттерді алу керек» дейді (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-том. Алма­ты: «Жібек жолы», 2014. - 80 б.). Әде­­биет­­танушы-ғалым Азат Бабашев: «Бірін­шіден, Нарманбет – Абайдың ақын шәкірттерінің бірі. Екіншіден, қазақ әде­биетіндегі «зар заман» ағымы соңғы буынының өкілі» деп тұжырымдайды.

Біз Аманкелді ағамызды сабақ берген ұстаз әрі өңірді жақсылыққа бастаған қоғам қайраткері ретінде тең танимыз. Нарманбеттанудан тыс тілге, әдебиетке қатысты зерттеулері, әдістемелік құрал­дары қаншама. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері үшін пәннің түсіндірме сөздігін әзірлеуі де – бөлек әңгіме. Мысалы, адамның пәниде ішетін соңғы асы – «атау-кере» болса, соңғы ішетін суы – «шәрбан су» екенін алғаш осы ұстазымыздан естігенбіз. Балқаш көлінің атауы – «суы мен нуы мол» деген мағына беретінін байыптатқаны да жадымызда. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Ә.Бөкейхан айтқандай, ағамыздың барды – бар, жоқты жоқ дейтін қағидатшыл қасиеті де бар. Сол үшін тағдырдың талай сынына түскен кезі болыпты.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, ата-анаңның замандастарын көрсең, әке-шешеңді көргендей бір жасап қалатының рас. Ақтоғайдың көп зиялысы үшін Аманкелді аға – бір жағынан ұстаз, екінші жағынан ескінің көзі. Ол кісі бүгін денсаулық жағдайына байланысты Қарағандыда тұрса да, бар ойы, күллі арман-ниеті – даралар туған Ақтоғайдан өрбиді.

Жалпы «тәлім» мен «тәрбие» деген ұғымдардың төркініне көз жіберсек, «тәлім – тағылым – ғылым» болып шығады. Ғылым әліппесін үйрете оты­рып, оқушыларың санасына адам­дықтың, зерделіліктің дәнін сепкен Аман­келді ағаға алғысымыз шексіз. Кез­десе қалсақ, әке мен баладай, ұстаз бен шәкірттей шұрқыраса қаламыз.

Аужекеңнің жары Күләш апамыз да шығармашылықтан алыс емес, Ақтоғай аудандық газетінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Өмір бойы жарының тынымсыз еңбектенуіне жағадай туғызды. Перзенттері де – тәрбие көрген, оқыған азаматтар. Шөберелері де осы жолды таңдайды деп сенеміз.

Есімі елордаға, елге таныс Қайыр­бек Сәдуақасовтың: «Аманкелді Туған­бай болмаса Нарманбет Орманбетұлы мұрасы өшіп қалар еді» деген бір ауыз сө­зінде үлкен мағына бар.

Тоқсанға аяқ басқан ақсақал таяу­да бізге: «Қарағандыға келсең, соға кетші, елордалық алаштанушыларға даярлап қойған кітаптарым бар еді», деді. Бардық. Аяғы ауырып, балдаққа сүйеніп отыр екен. «Жастар заман қиын деп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмеуі керек. Ойлы, елшіл жастарға көңіліміз толады. Нарманбет сынаған заман, адамдар пиғылы артта қалсын. Сексеннен асқан жасымызда ел түзелсін деген ниетпен ескінің сөзін тірнектеп жинап, жариялап жүрміз. Астана азаматтарына сәлем айт!» деп, ақ батасын беріп, шығарып салды.

 

Сұлтан ИБРАЕВ,

абайтанушы