Меруерт Тұрсынбекова – Алматы қаласының тумасы. Бес жасында А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке түсіп, үздік нәтижемен тәмамдайды. Кейіпкеріміз скрипкаға төрт жасынан бастап қызыққан екен. Алабөтен аңсарын алғашында әкесі түсіне қоймағанымен, кейіннен ең бірінші жанкүйеріне айналған көрінеді.
– Анам жас кезінде домбыра тартқаны болмаса, негізінен, отбасымның өнерге қатысы жоқ. Скрипканы төрт жасымда теледидардан көріп қалдым да, үйдегілерге осы аспапта ойнауды үйренгім келетінін айттым. Әкем сол кезде «Скрипканы не істемексің? Қазақтың аспабы емес. Мә, одан да қобызда ойна» деп, қолыма үлкен қылқобызды ұстатқан еді. Сонда да айтқанымнан қайтпай, скрипка деп жылап тұрып алдым. Скрипканы үйренудің қиындығына қарамастан, күні-түні дайындалдым. Қазір үйдегілер әр жетістігіме марқайып, тіпті әкем қуаныштан көзіне жас алып отырады. Әр қадамымды қолдап, ақылын жиі айтады. Концертімнен қалмай, сұхбатқа шықсам, теледидардың алдына отырып тапжылмай қарайды. Кеше ғана жаңа скрипканы бірге таңдап, сатып алдық. Аспапты қабынан алып жатқандағы бал-бұл жанған жүзін көрсеңіз ғой. Ең алғашқы қымбат скрипкамды да әкем алып берген болатын. Сол скрипканы арқалап, талай байқаулардан жүлделі орынға ие болып, үлкен сахналарда өнер көрсеттім. Әкем әрдайым кішіпейіл бол, ешкіммен сөзге келме, үлкенді сыйла деп тәрбиелеп отырады. Бір жақсы қасиетім болса, сол кісінің арқасы деп білемін, дейді ол.
Меруерт небәрі он екі жасында алғашқы жеке концертін берген. Сол сәттен бастап жас өнерпаз өмірін скрипкаға арнаймын деп мақсат қояды. Он үш жасында Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсеткен. Музыкалық мектепті тәмамдаған соң, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Үшінші курсты оқып жүргенде, белгілі скрипкашы Марат Бейсенғалиевтің шақыруымен шетелге жолдама алған. Айта кетсек, М.Бейсенғалиевтің жетекшілік етуімен Ұлыбритания, Ресей, Араб елдері, Үндістан, т.б. шет мемлекеттерде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Меруерт Мумбай симфониялық оркестрінің құрамында да жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, Үндістанда жұмыс істеймін деген ойы болмаған екен.
– Әжем үнді сериалдарын тамашалағанды ұнатады. Бала кезімде әжемнің жанында отырып мен де көретінмін. Алайда өзім түрік телехикаяларын ұнатамын, сондықтан үнді телехикаялары мен Үндістанда жұмыс істеуімнің арасында онша-мұнша байланыс жоқ. Маэстро Марат Бейсенғалиев Мумбай Үнді Симфониялық оркестрінің музыкалық директоры болғандықтан, ұстазымның жанында тәжірибе жинауды жөн көрдім. Жұмысқа бесжылдық келісімшарт бойынша бардым. Әркімге туған жері ыстық шығар. Келісімшарт уақыты аяқталған соң, дереу Отаныма оралдым. Елімді еш мемлекетке айырбастай алмаймын, – дейді скрипкашы қыз бізге сыр ашып...
Үндістан Меруерт үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналғанына кәміл сенімдіміз. Мумбайда жүріп әлемдік шоу-бизнес өкілдерімен танысып, әлі күнге дейін шығармашылық байланыс орнатып жүр. Италиялық модельер, Dior сән үйінің шығармашылық директоры – Мария Грация Кьюримен де бірге жұмыстар атқарып үлгерген. Әлемді ауызына қаратқан Димаш Құдайбергенмен де дәл осы Үндістан төрінде танысыпты. Меруерт Тұрсынбекова әңгіме барысында шығармашылық жолындағы қызықты оқиғаларын да әңгімелеп берді.
– 2017 жылы Алматыға мидың ойлау картасы мен есте сақтау қабілетін дамыту әдістемесін жасаған Ұлыбритания психологі – Тони Бьюзен мен атақты боксшы Майк Тайсон қонаққа келді. Іс-шара ұйымдастырушыларының арнайы шақыруымен сол мәртебелі меймандардың алдында скрипка тартып берген болатынмын. Майк Тайсонның менеджері арнайы рахметін жеткізіп, Тони Бьюзен қолымнан сүйіп, ықылас-батасын берген еді. Сіздерге тағы да бір қызықты айтып берейін. Бірде Мумбайда Еуропаның ең мықты музыканттары жиналып, шетелден солистер келіп, жоғары дәрежеде концерт өткіздік. Репетиция кезінде қатты асығып жүріп, басқа бет әрлеу бөлмесіне кіріп кеттім. Сол бөлмеде отырған музыкант маған жылы шырай танытып, жанында отыра беруімді қалады. Бірақ өзінің кім екенін айтқан жоқ. Концерттік нөміріме кезек келгенше, екеуіміз ұзақ әңгімелесіп отыра бердік. Бірге пісте шақтық. Одан соң репетицияға кетіп қалдым. Енді залда оркестрмен отырсам, сахнаға бір солист шықты. Ол кім десеңіз, менімен бірге пісте шағып, әңгімелескен кісі екен. Сол кезде менің ұялғанымды көрсеңіз ғой. Әлемдік жұлдыз, белгілі португалиялық пианист – Мария Жоаоны жүздестіріп қана қоймай, бірге оп-оңай әңгімелесіп кетеміз деп кім ойлаған? Айтпақшы, Мумбай қаласында Dior сән үйінің көрсетілімінде өнер көрсеткенімде, Голливуд жұлдыздарымен таныстым. Америкалық супермодель Карли Клосты жүздестірдім. Моника Беллучидің қызы Дева Кассельді де көрдім. Өкінішке қарай, көрсетілім аяқталған соң оны таба алмай қалдым, себебі жиналған халықтың қарасы мол болды. Мумбайда жүргенде «Интерстеллар», «Мулан» басқа да көптеген голливудтық фильмнің музыкалық продюсерімен кездестім. Мұнда кездестірмеген адамым жоқ шығар, деген Меруерт Мумбай мәдениетінің шығармашылық жолының дамуына үлкен әсері тигенін жасырмады.
Сондай-ақ Үндістандағы өмірі жайлы да сөз етті.
– Елден жырақта жүрген соң, туған жеріңді сағынасың ғой. Үндістанға алғаш келгенде, қиындықтар да болды. Анамның асқан етін қатты сағындым. Ата-анам елден қазы-қарта, құрт, «Қазақстан» шоколадын жиі жіберіп тұрды. Үндінің қазаққа ұқсастығы бар. Күн ыстықта шай ішіп, әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреді. Өте қонақжай, мейірімді халық. Бір қызығы, қыз-келіншектердің ұлттық киімге ерекше мән беріп, әшекей-бұйымын күнделікті тағынып жүретініне таңырқап қарадым, – деді өнерпаз.
Меруерт атқа мініп серуендегенді жақсы көреді. Сән әлемінен де хабары мол. Би билейді. Музыкалық мектепте оқып жүргенде, фортепианоны да меңгеріп шыққан. Бос уақытында шаңғы тебеді. Кейіпкеріміз шаңғы тебуді бір-ақ күнде үйреніп алғанын айтты. Тізгінді жіберіп қойып, ат құлағында ойнайтын шабандоз қыз асаудың үстінде отырып та, неше түрлі трюктер жасап, әуеде қалықтап та скрипкада ойнай алады. Меруерттің атасы аттан құлап, мертігіп дүниеден қайтқан екен. Сондықтан анасы қызы үшін қатты алаңдайды.
– Атқа міну – қазақтың қанында бар өнер. Әрі менің нағашы әжелерімнің бәрі шабандоз болған. Атқа 2018 жылы алғаш рет мініп көрдім. Екі апта ішінде үйреніп алып, ипподромдағы балалармен жарысқанмын. Мумбай қаласында ипподромға жиі барып тұратынмын. Алайда шетелде атпен серуендеу өте қымбат тұрады, сондықтан ипподромға тек қалталы азаматтар ғана барады. Өзім сондағы ат клубының мүшесі болдым. Ат клубында арнайы шақыртумен концерттер беріп жүрдім. Гастрольдік сапарға кетіп қалатын кездерде клуб мүшелері мені іздеп, шақырып тұратын-ды. Анам аттан құлайсың деп алаңдап ұрсады. «Қызым, сен шабандоз емессің, сен скрипкашысың! Аяқ-қолыңды абайла, аттан аулақ жүр» десе де, аяғым ипподромға тартып тұрады, – деп жылқысыз өмір сүре алмайтынын айтты.
Асаудың жалында скрипкамен өнер көрсету кез келген жанның қолынан келе бермейді, тіпті мұндай идея ешкімнің ойына да келмесі анық. Меруерт жақында бұл өнерін әлемдік деңгейде одан сайын дамытып, танытқысы келетінін жеткізді.
– Көрерменді таң-тамаша етіп, шоу бағдарлама ұйымдастырғанды ұнатамын. Екінің бірі сахнаға шығып, өз өнерін көрсете алады. Қашанға дейін бұлай болмақ? Өнерде де бәсекелестік пен сапа болғаны жөн. Бастысы, көрерменнің талғамын қалыптастырғым келеді. Елде әнші-музыкант өте көп. Қазақ мәдениетін әлемдік деңгейге көтеру үшін ізденіске түсу, тәуекел жасаудан қорықпау керек. Үндістанда жүргенде америкалық бір музыканттан мастер-класс алғанмын. Ол кісі «Астарлы ақиқат» бағдарламасында жасаған экспериментімді көріп, таңғалғаны соншалық айғайлап жіберді. «Сен Үндістанда не істеп жүрсің? Әлемдік жұлдыз болуың керек. Тез арада еліңе қайт», деді таңданысын жасыра алмай. Сондай көңілді жан екен. Шынымды айтсам, маған шалқар шабыт сыйлады. Алла қаласа, Алматыда күз кезінде жеке концертімді өткізбек ниеттемін. Жақында жаңа бейнебаяным да жарық көреді. Бала кезімде «Зена – королева воинов» дейтін сериалды көріп, Зена секілді қайсарлы, табанды, жомарт болсам деп армандайтынмын. Сол «Зена апама» қазір рахметімді айтамын, – деп әзілдеп, күліп қояды Меруерт.
Расында да, Меруерттің өнеріне қарап, өр мінезі мен өжеттілігіне сүйсіндік. Меруерт кез келген іске шын ниетімен көңіл бөлсе, соны дереу игеріп кетеді. Мүмкіндік болып жатса, отандық, шетелдік тарихи және экшн фильмдерге түссем деген жоспары бар. Алматы циркінің директорының өзі жылы лебіз білдіргенін еске алсақ, өнер иесінің болашақта жұрт таңғаларлық жаңа қырын көріп қалуыңыз әбден мүмкін. Меруерттің жақында болатын жеке концерті сәтті өтсін дейміз.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ 4-курс студенті