Студенттер сайысының екінші күнінде төрт спорт түрінен алғашқы жүлделер сарапқа салынды. Дзюдо спорты бойынша өткен бәсекелерде татамиге шыққан 66 кг салмақтағы отандасымыз Сұңғат Жұбатқан қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін болған кездесуде ол өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевтан айласын асырды. Бұл салмақта Сұңғатты жартылай финалда алып жыққан жапониялық Хаттори Шинсей топ жарды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Сұңғат Жұбатқан маусым айында Душанбеде өткен Гран-при турнирінде қола жүлдегер атанып, Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған «Grand Slam» турниріне қатысқан. Сондай-ақ ол 2015 жылы кадеттер (18 жасқа дейінгі) арасында Азия чемпионы атанған.
Айта кетейік, Универсиадада 18 спорт түрінен 269 медаль сарапқа салынып жатыр. Бұл жарысқа садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таэквондо, ушу сияқты 11 спорт түрінен 93 спортшыдан тұратын Қазақстанның спорттық студенттік құрамасы қатысып жатыр.