«Базельдің» мысын басты
Былтыр ел чемпионатында қола жүлдегер атанған «Тобыл» Конференция лигасының бірінші айналымында Финляндияның «Хонка» клубын жарыс жолынан ығыстырған соң, футбол мамандары да, жанкүйерлер де қостанайлық ұжымнан екінші кезеңде көп нәрсе күтпейтінін ашық айта бастады. Өйткені «Тобыл» екінші айналымда осы турнирдегі ең қиын әрі ең қауіпті қарсыласқа тап болды.
Бірақ өз шәкірттерінің қыр-сырын жақсы білетін бас бапкер Милич Чурчич матчқа дейін командасының жеңісіне сенімді болды. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында ол бүгінгі ойында «Базельді» жеңуге болатынын сенімді түрде мәлімдеді. Бас бапкердің бұл сөзі матч қарсаңында кең талқыланғанымен, швейцариялықтар Милич Чурчичтің бұл мәлімдемесін елеген жоқ. Нәтижесінде, «Тобыл» футболшылары Швейцарияда жігерлі ойын көрсетіп, алаң қожайындарын 3:1 есебімен тізе бүктірді. 38 мың жанкүйерге арнап салынған «Санкт-Якоб Парк» стадионында өткен кездесудің есебін 25-минутта алаң қожайындары сапынан Тьерно Барри ашқанымен, екінші таймда жерлестеріміз қатарынан үш гол соғып, «Базельге» бет қаратқан жоқ. 57-минутта Серж Дебле 11 метрлік нүктеден мүлт кетпесе, 62-минутта Рамазан Оразов алыстан дәл соққы жасады. Арада тоғыз минут өткенде Ислам Чесноков кездесудің нүктесін қойды – 3:1.
«Торпедоны» таптап өтті
«Тобылдың» сырт алаңдағы тарихи жеңісінен кейін жасыл алаңға шыққан «Ақтөбе» футболшылары сырт алаңда Грузияның «Торпедо» клубынан басым түсіп, футбол жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Әрине, «Торпедо» командасы «Ақтөбенің» деңгейіндегі команда болмаса да, жерлестеріміздің бұл жеңісіне жанкүйерлердің ерекше қуануына айтарлықтай себеп бар. Өйткені «Ақтөбе» футболшылары клуб басшылығының салғырттығына байланысты Грузияға матч болардан бір күн бұрын емес, тек ойын күні ғана әрең жетті. Клуб басшысы Сергей Куленко команданы Грузияға жеткізу үшін Ресейдің Тула қаласының чартеріне тапсырыс берген. Алайда қазіргі саяси жағдайға байланысты грузиялықтар Ресейдің ұшағын қабылдаудан бас тартып, рейс келесі күнге қалды. Осындай «тар жол, тайғақ кешуге» қарамастан «Ақтөбе» футболшылары жасыл алаңда аянып қалмай, жеңіс үшін барын салды.
Абырой болғанда, «Ақтөбеге» бұл кезеңде «Базель», «Легия» сияқты даңқты қарсыластар емес, «Торпедо» командасы тап келді. Әйтпесе, қайбір жылғы «Астана» сияқты масқара болып жеңілер ме еді, кім білсін?! Еуропа футболы былай тұрсын, өз елінде аса мол табысқа жете қоймаған Кутаиси клубы шаршап-шалдығып жеткен «Ақтөбені» өз алаңында аяқтан шала алмай, жер тепкілеп қалды.
Ел чемпионатының күміс жүлдегерлері сырт алаңдағы матч тағдырын бірінші таймның өзінде шешіп тастады деуге болады. Бірінші таймда ұлттық құраманың ойыншысы Әлібек Қасым пенальтиден есепті ашса, 43-минутта Милош Раичкович есепті еселей түсті. Ал кездесудің екінші жартысында Максим Самородов «Ақтөбенің» үшінші голын соғып, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Үшінші гол соғылған соң жерлестеріміздің ойыны саябырсып қалғандай болды. Сол сәтті «Торпедо» футболшылары тиімді пайдаланып, 89-минутта таразы басын қысқарта алды. Дегенмен жергілікті жанкүйерлер Георгий Арабидзенің голына қуанып болғанша Андрия Филипович «Ақтөбенің» төртінші голын қақпаға енгізді – 4:1.
Төреші «Ордабасыны» жығып берді
Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Тобыл» сияқты іріктеу кезеңінде ең қиын қарсыласқа түссе де өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Польшаның «Легиясын» қабылдаған шымкенттіктер өз алаңында 2:2 есебімен тең ойнады.
Кездесудің бірінші таймын жоғары деңгейде өткізген жерлес-
теріміз үзіліске дейін қарсыластардың қақпасына жауапсыз екі гол соқты. 13-минутта Всеволод Садовский мергендігімен көзге түссе, кейіннен қорғаушы Мамаду Мбоджа Асхат Тағыбергеннің бұрыштамадан асырған пасына бірінші жетіп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Дегенмен ойындағы барлық қызық екінші таймда басталды. «Легия» футболшылары екінші 45 минуттықта төрешімен қосқанда «Ордабасыға» қарсы 12 ойыншы болып ойнап, «Ордабасы» қақпасына екі гол тоғытты. Бірінші голды Томаш Пекхарт ойын жағдайында соққанымен, 86-минуттағы Блаж Крамердің екінші голына күмәнмен қарауға болады. Өйткені бір емес, екі футболшысы ойыннан тыс жағдайда қалып қойса да, бас төреші мен қапталдағы лайнсмен бұл жағдайға көз жұма қарап, «Ордабасының» қақпасына соғылған голды есептеп жіберді. Осыдан кейін «Ордабасының» өзбекстандық шабуылшысы Бобур Абдухоликовті «Легия» футболшылары өз айып алаңында шалып құлатты. Исландиялық төреші бұл жағдайға да назар аудармай, таза пенальтиді бермей қойды. Төрешінің салғырттығынан кейін «Ордабасы» жеңіп тұрған матчта тең ойнауға мәжбүр болды. Әрине, 2:2 есебі де жаман емес, бірақ қарымта ойында бұл нәтиже шымкенттік клубқа ешқандай басымдық бермейтіні белгілі. Енді 3 тамызда Варшавада өтетін матчта «Легия» жеңісті оңай беріп қоймайтыны анық.
«Менің ойымша, бүгінгі матч бәріне ұнаған сияқты. Өйткені мұндай деңгейдегі командалар Шымкентке жиі келе бермейді. Ойынға келер болсақ, кездесудің бас төрешісі екінші таймда ойынды бақылауынан шығарып алды. «Легияның» екінші голы таза офсайд болды. Осы жағдайдан кейін төреші Абдухоликовпен болған эпизодта пенальти тағайындауға болар еді. Бірақ ол олай істемеді. Енді Польшада барлығын басынан бастаймыз», дейді бас бапкер Александр Седнёв.
«Ордабасы» клубының қорғаушысы Сергей Малый да әлеуметтік желіде төрешінің әрекеттеріне наразы екенін білдірді. «Біз бұл ойында 3:0 есебімен жеңуіміз де, 3:2 нәтижесімен ұтылуымыз да мүмкін еді. Бірақ төрешілер неге біздің клубтарға ғана әділетсіздік жасайды? Ойыннан тыс жағдайда соғылған голды есептейді де, ереже бұзылған жағдайда пенальти белгілемейді. Даниядан, Исландиядан келген төрешілер біздің клубтарды аяқтан шалып жатыр. Бұл бей-беректсіздіктің де шегі бар шығар?» деп жазды қорғаушы әлеуметтік желіде.