Қоғам • 31 Шілде, 2023

Тарихи сана қалай қалыптасады?

362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамның тұрақты дамуына ықпалы зор құбылыстың бірі – халықтың тарихи санасы. Субъективті фактор ретінде тарихи сана халықтың бірлігін нығайтады, билік пен халықтың өзара түсіністігіне позитивті әсерін тигізіп отырады. Халықтың тарихи санасы дұрыс қалыптасқан мемлекеттердің дамуы тұрақты, ішкі саяси ахуалы мығым болмақ.

Тарихи сана қалай қалыптасады?

Тарихи сана – ұлттық патриотизмнің және мемлекетшілдіктің қайнар көзі. Себебі оның ықпалымен азамат өз халқы жүріп өткен қилы кезеңдерді, сындарлы жылдарды, өткен қа­теліктерді, кем­шіліктерді, қай­шы­лық­­тар­ды біледі, тү­сінеді. Оңтайлы мо­ральдік ахуалдың қа­лыптасуы, әрине, сол халықтың та­рихының шыншылдық, тарихи объек­тивтілік тұрғысынан жазылуына байланысты. Шынайы тарих болған, өткен оқиғаларды бұрмаламай, тарихи үдерістің нақты картинасын береді. Әрбір халық, әрбір азамат өз халқының, Отанының, жерінің шынайы тарихын білуге мүдделі.

Тұлғаның тарихи танымын қалып­тас­тыру оңай шешілетін шаруа емес. Оған мектеп оқулықтары, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік идеология, киноиндустрия, театр, музейлер, көрнекі жарнама, топонимика, әдебиет пен фольклор, айтыс өнері, т.б. қоғамдық өмірдің рухани салалары өз үлесін қосатыны сөз­сіз. Рухани саланың осыншама салалары арқылы қалыптасатын ұлттық тарихи санасында шешуші қызметті тарих ғы­лымы атқарады. Сондықтан дұрыс, бұр­маланбаған, шыншыл тарихтың жа­зылуы және ұлттың игілігіне айналуы аса маңызды. Дұрыс жазылған тарих жоғарыда аталған рухани өмірдің са­ласының барлығының идеялық және маз­мұндық арқауына айналады. Жалған, өтірік, немесе мифтенген тарих ұлтты кері ке­тіреді, оның дүниетанымына орны толмас олқылықтар әкеледі. Тарихи шындық – қо­ғамды емдейтін, оны сергітетін, оңы мен солын дұрыс тануға бастайтын жол көрсеткіш іспеттес құбылыс.

Әрине нағыз шындықты айтатын тарихты жазу тарихшыдан үлкен ізденісті, көп тер төгуді талап етеді. Оқиғаның қа­лай болғаны туралы деректерді, ақ­параттарды, естеліктерді, соған қа­тысты барша әдебиетті талдап, салыстырып, қорытындылап барып, тарихшы өз ойын, пікірін айтады. Оның өзі қате болуы әбден ықтимал. Сондықтан тарихи шын­дық, көптеген зерттеушінің қызу тартыс-таластарынан кейін ғана айтылады, мойындалады. Әбден сарапталып, ақиқаты осылай деген пікірге көпшілік тарихшылар тоқталғаннан кейін тарихи оқиға туралы қоғамдық пікір қалыптасып, піседі.

Қазақстан сияқты үш ғасырдай отар­лық езгіде болған, әсіресе бөтен халық­тар миллиондап қоныстанған мемлекет халқының тарихи санасының ортақ мазмұнда тәрбиеленуі тіптен қиын. Қа­зақ­стан халқында патшалық Ресей мен большевиктік кеңес одағы ұлттық сананы емес, отарлаушы елдің тарихи санасының басымдылықтарын орнықтыруды мақсат тұтты. Қазақстан халқының санасында, дүниетанымында бұрмалану орын алды. Ұлттық құндылықтар екінші дәрежеге ысырылып, отарлаушы державаның құн­дылықтары бірінші кезекке шықты. Со­ның салдарынан қазақ халқының тарихи санасы айтарлықтай деформацияға ұшырады. Әсіресе қазақ халқына өрке­ниетті халықтарға тән жетістіктер тек Ресей арқылы Батыстан келді деген еуро­центристік позиция елдің намысына тиеді. Қазақ басқа дамыған халықтардан үлгі алып өмір кешті деген жымысқы идеология халықтың белсенділігін төмендетті, оның бодандықта қалуына көмектесті, бостандық пен шығармашылыққа құлшы­нысын құрсаулады.

Сондықтан егеменді Қазақстан халқы­ның тәуелсіз тарихи санасын тәрбие­леу мемлекеттік міндетке айналады. Соңғы онжылдықтарда ашылған жеті «алтын адам» қорымы, Ботай қорықтары не­гізінде ашылған қазақтардың «жылқы мәдениеті», Қазақстан жерінде жүргізілген тарихи антропологиялық зерттеулер қазақ халқының осы сайын далада бес мың жылдан астам өмір сүріп, 30-ға жуық түрлі мемлекеттілігі болғанын нақты тарихи деректер негізінде дәлелдеп отыр. Қазақ халқы да басқа дамыған елдер сияқты әлемдік өркениетке өзінің қайталанбас үлесін тигізіп, әлемдік тарихқа ықпалын жасаған мемлекеттің бірі екенін бі­ліп отырмыз. Бодандық кезеңде осы та­қырыптарды басым державалар қазаққа айтқызбай келген еді.

Қазір қазақ тарихшылары Отаны­мыз­дың шынайы тарихын жазуға талпынып жатыр. Ондағы мақсат – Ұлы даланың әлемдік тарихи үдерістегі орны мен рөліне әділ баға беру. Қазақ халқының басынан кешірген жеңістері мен жеңілістерін шындықпен жазу. Біздің қандай қате­лік­теріміз бен кемшіліктеріміз дамуға бөгет болды деген өзекжарды сұраққа жауап беру болмақ. Тарих ғылымының соңғы жаңалықтары мен бұрын ғылыми айналысқа енбеген ауқымды архив ма­териал­дары мен қолжазбалар, архео­ло­гиялық ашылулар негізінде жазылатын тарих қазақ ұлтының келбетін толыққанды ашуға мүмкіндік берері дау­сыз.

Ел халқының тарихи санасын тәрбие­леудің маңыздылығына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, «Ұлттық тарихи санасын нығайту өте маңызды. Барлық дамыған мемлекет өздерінің өткен жолының канондық образын қалыптастыруға ерекше назар аударады. Бұл істе ел тарихының көптомдық басылымы шешуші рөл атқарды. Тәуелсіздік жылдарында заманауи ғылыми талаптарға жауап беретін Қазақстанның көптомдық тарихын дайындаудың стратегиялық міндеті толыққанды шешілмей келді. Сондықтан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Қазақстан тарихының көп­томдық жаңа басылымын дайындау мәселесін көтердім», деп жазды.

Бүгінде біздің тарихшылар қауымы Президент тапсырмасын іске асырып келеді. 7 томдық Қазақстан тарихы ғы­лы­ми басылымын жазуға 300-ден астам отандық және шетелдік тарихшылар тартылып отыр. Осы уақытқа дейін тарих ғылымындағы «ақтаңдақтардың» орны толтырылып, мифтерден тазаланған, тү­сінікті де негізді тарих Қазақстан қо­ға­мының рухани игілігіне айналды. Жаңа ғылыми басылымда есімдері халық жадынан әділетсіз шығарылған, отаршыл империяға жақпаған ондаған тарихи тұл­ғалар халқымен қайта қауышпақ. Қазақ халқының тарихы әлем халықтарының ұлы көшінің құрамдас бөлшегі ретінде зерттеліп көрсетілмек.

 

Сайын Борбасов,

саяси ғылымдар докторы,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері